Home » Мақалалар » Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман

Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман

             Егемен еліміздің көк байрағын желбіретер ертеңіміздің азаматы, яғни бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиесі — қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі.

ХХІ – ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру — мемлекетіміздің алдына қойған аса маңызды мақсаттарының бірі болып отыр. Адам баласы өмір бойы тәрбиеленіп, үздіксіз білім алуы қажет. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағы — балабақшада беріледі. Отбасындағы ата-ананың ықыласы мен мейірімділігінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешінің шұғылалы шуағына бөленеді. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі де тәрбиелі болып тәрбиеленуіне балабақша ошағының маңызы зор екені белгілі.

Еліміздің айқын мақсаттарының бірі — бәсекеге қабілетті жас ұрпақты жан-жақты жетілген, парасатты азамат етіп тәрбиелеу. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз осымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білімді, өрісі биік, денсаулығы мықты өкілдер болады…» деген сенімі бүгінгі тәрбие ошагына артқан жүк екені сөзсіз.

Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның білім беру жүйесіне, даму бағытына тікелей байланысты екені белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда жеке тұлғаны дамытуға қызмет ететін білім мен тәрбие негізі- бастауышта, барша білімнің іргетасы да осында қаланады десек те, білім мен тәрбие өзегі балабақшадан бастау алатынын бүгінгі күні білім беру әлемінде дәлелденіп тұрғаны айқын.

Тағылымды тәрбиенің тәлімін бала бойына қалыптастыратын, ұлтжандылық пен адамгершілікті жүрегіне ұялататын тәрбие ошағының қазіргі таңда бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік орны мен үлесі қомақты. Тәрбиенің тал бесігі- балабақша табалдырығынан бастау алып, ізгілік пен парасаттылыққа жол көрсетер іргелі орынның бала тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын есімізден шығармағанымыз абзал. Ғибратты сөздердің легінен жақұт теріп, інжу тізген дана халқымыз бала тәрбиесінің маңыздылығына түйінді сөз, салиқалы ой өрбіткен.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысын ұтымды ұйымдастыру баланың ақыл-ойын дамытып, қиялын шарықтатуға, ептілік, бейімділік, іскерлік дағдыларын бойына сіңіруіне әсерін тигізеді. Тәрбие мен білім беру ісін бір-бірімен ұштастырып, бала санасына тәлімді тәрбие негізін ұялатуға үлкен жүрек, мол мейірімділікпен қоса кәсіби талант, ізденіс, тәжірибемен ұштасқан аса жауапты іскерлік қажет.

Жас бүлдіршіндеріміздің жан-жақты дамыған, тәрбиесі мен білімі ұштасқан, өркениетті еліміздің ертеңін жалғастырар тұлға болып қалыптасуларына мол үлестерін қосып келе жатқан бөбекжай-балабақшаларымыздың бірі қаламыздағы мемлекеттік №31 «Салтанат» бөбекжай-балабақшасы.

Бөбекжай-балабақша — көп жылдар бойы қаншама мыңдаған жас бүлдіршіндер тәрбиелеп, қанаттандырып, «Алтын ұя балабақшадан» ұшырып келе жатқан киелі мекен. Балабақшада көп жылғы тәжірибеге ие, жас мамандарға үлгі боларлық тәрбиешілермен қоса талабы мен таланты таудай жас тәрбиеші мамандар жұмыс атқаруда. Ұлттық тәрбие кәусарынан нәр алған балабақшамыздағы еңбек ететін тәрбиешілер тәрбиеленушілердің бойына қайырымдылық пен сүйіспеншілікті, адамгершілік пен ізеттілікті қалыптастырып, жүйелі жұмыс жүргізу барысында ата-аналармен тіл табысу арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, бала тәрбиелеуде өзіндік үлес қосып келеді.

Балабақшаның әрбір күнін қызықты да тартымды, мәнді де мағыналы өткізуді жоспарлаған тәрбиешінің мақсаты — бала тағдырына жауапты екенін сезінеді. Жылылық пен мейірімділікті, ізгілік пен парасаттылықты бала жүрегіне ұялатып, оның дүниетанымын кеңейтіп, қоршаған ортамен танысуына ықпал жасауда жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді де қолданып келеді. Бұл бағытта қазіргі таңда балабақша «Балбөбек» бағдарламасы бойынша «Тәй-тәй» халықаралық білім беру бағдарламасы негізінде, республикалық «Өзін- өзі тану» және Н.Ә. Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасы, типтік бағдарлама және т.б бағдарламалар аясында жұмыс жүргізуде. Оқу жылы барысында балабақшада: Балалардың халықтық педогогика арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеу, олардың санасына туған өлкеге, туған тіліне, салт дәстүріне, халқына деген сүйіспеншілігімен мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты бойларына сіңіріп, қиялдарын қанаттандыру мақсатында «Тіл — халықтың күре тамыры» тақырыбында қалалық семинар, ата-аналармен бірге «Ана тілі және отбасы» атты мәдени іс-шара, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ауқымды іс-шарамен қоса, «Алтын күз» балаларға арналған ертеңгіліктер өткізіліп, «Пони», «Үркер» республикалық балалар байқауына қатысып жүлделі орындарға ие болумен қатар тәрбиелік мәні зор түрлі тақырыптарда ертеңгіліктер, салауатты өмір салтын дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып қолөнер шеберлерінің жасаған көрмелері де өткізіліп келеді.

Сондай-ақ, мектепалды даярлық қазақ және орыс топтарының тәрбиеленушілері қаламыздағы №9 Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп –гимназиясы мен №10 «Ақпан батыр» атындағы орта мектептерде және Титов атындағы №20 мектеп- гимназиясы мен З. Космедемьянская атындағы №23 мектеп-лицейлерінде мектепке қабылдау тестінен жоғары ұпайлар жинап, балабақша мен тәрбиешілердің абыройын асқақтатып, балабақша ұясынан түлеп ұшып, мектеп табалдырығын аттауда. Оқу жылының соңында балабақша меңгерушісі мен ұжымы және тәрбиешілерінің еткен еңбегіне дән ризалықтарын ата-аналар тарапынан жазылған мақтау қағаздары арқылы көруге болады.

Мекеме басшысы Мұсақұлова Ділбар Төлендіқызының балабақшаның көркеюі,биік белестерді бағындыру жолында қосып келе жатқан үлесі орасан зор. Балаларды жанындай сүйіп, оларға кіршіксіз пәк тәрбие мен, тұнып тұрған мөлдір бұлақ білім сусынынан нәр беріп келе жатқан Магзумова С.А., Кудекова Ш.Т., Мұхитдін Л.Ж., Сугирова З.А., Артыкаева Л.С.,  Адырбек Ұ.Ш., сынды тәрбиешілер еңбегін ерекше атап өтпеске болмас.

Қорыта айтсақ, тәрбие- баланың сәбилік шағынан бесік жырымен біртіндеп іске асырылып, санасына орнығып отыратын ұзақ үрдіс. Сондықтан болашақ иелері бүгінгі балабақша тәрбиеленушілері екенін естен шығармай, оларға ең алдымен адами құндылықтарды бойларына сіңіруге еңбектенуіміз қажет.

Тәжиева Мейіркүл Нышанбайқызы,

31 «Салтанат» бөбекжай-балабақшасының

қазақ тілі пәні мұғалімі,

Оңтүстік Қазақстан Облысы, Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.