XXI ғасыр ғылым мен білімнің барынша дамып, шарықтап тұрған кезеңі екені даусыз. Белгілі тіл маманы Мақсат Ысқақов: “Таңғалуға бір-ақ сәт те жетіп, таңғалдыруға адамның бүкіл ғұмыры жетпей жүрген заман” деген болатын. Қазақ елі бәсекеге қабілетті елу елмен иық тіресіп, дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіріп отырғандықтан, білім саласына жүктелетін міндеттер артуда. Ал ол міндеттер ең алдымен ұстаздардың білім беру ісіне өзгерістер енгізуден басталмақ. Елбасының “Еліміздің тағдыры – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында” деген сөзі мемлекеттің болашағын айқындауда ұстаздардың рөлі орасан зор екенін дәлелдеп отыр.
Елбасы өзінің “Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты жолдауында “Мәңгілік ел” болып қалу үшін не істеу керектігін айқындап берді: “Қазақстан таяудағы жылдар ішінде әлемдік бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіруі тиіс. Бұл дегеніміз – бәсекеге төтеп беру. Әлемдік бәсекеге төтеп берудің бірден-бір шарты – күшті рух пен білім”. Осы жолдаудан соң “Мәңгілік ел” идеясын іске асыру үшін оқыту мен оқуда жаңашылдық енгізу қажеттілігі туындады.
Білім беру ісіндегі тың серпін – “Жаңартылған білім беру бағдарламасы”. Бұл бағдарламаның мақсаты – жан-жақты, көзқарасы айқын, алған білімін өмірде пайдалана білетін тұлға қалыптастыру.
“Жаңартылған білім беру бағдарламасы” бойынша білім беру жұмыстары Қазақстанның түкпір-түкпірінде басталып та кетті. ОҚО бойынша “Өрлеу” БАҰО” білім беру мазмұнын жаңарту аясында, мұғалімдердің пән бойынша білімдерін жетілдіру бағытында жемісті еңбек етуде.
Жаңаша білім беру мен дәстүрлі оқытудың бір-бірінен айырмашылығы неде? Мұндай оқытудың артықшылықтары қандай? Жаңа бағдарлама бойынша оқытуда мұғалім оқушының ішкі уәжін сөндірмеуді өзіне басты мақсаттардың бірі етіп қояды. Себебі оқушы ойын еркін жеткізуге дағдыланып, жалтақтықтан ажырауы қажет. Мұғалім оқушыны топта, жұпта жұмыс істетіп, кері байланыс жасай отырып, оқушының таным қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға тырысады. Осы мақсатқа жетуге жетелейтін бірден-бір соқпақ жол – критериалды бағалау. Қалыптастырушы бағалауды жүргізу арқылы біз оқушыны білім алуға үнемі ынталандырып отырамыз. Бағдарламаның тағы бір мақсаты – өмір ағысымен, заман тынысымен үндесіп жүретін белсенді мұғалім мен белсенді оқушыны тәрбиелеп шығару.
Қазақта “Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы” деген сөз бар. Жаңартылған білім беру бағытында білім алу барысында “Өрлеу” БАҰО” білікті ұстаздарының өресі биік ойлары, мол тәжірибелері, еңбексүйгіштік пен жаңашылдықтарының арқасында біздер, мұғалімдер, көптеген жаңалықтармен сусындап, білім алудамыз.
Қорыта айтқанда, бұл бағдарлама мұғалімнің бір орында тоқтап қалмай, үздіксіз білім алу қажеттілігін айқындауға бағыт берді. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп кемеңгер, ұлы ағартушы Абай айтқандай, ұстаздар үйренуге де, үйретуге де әрдайым асық болғаны абзал.
Г.Қ. Жамурова
Оңтүстік Қазақстан облыстық үш тілде оқытатын
мамандандырылған №1 мектеп-интернаттың
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі