Нуржанова Р.М.
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы
Қостанай облысы бойынша
ПҚ БАИ МДБОТТ
кафедрасының аға оқытушысы
Заманауи білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, ақпараттық коммуникативтік технологиямен қамтамасыз етілуін, білім беру үрдісіндегі оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Осы уақытқа дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері: мақсат —> мазмұн —> форма —> әдіс —> оқыту көрнекілігі болса, ал қазір заман ағымына сай оқып үйрену —> меңгеру —> өмірге ендіру —> дамыту болып өзгеріп отыр.
Мұғалім оқу үрдісінде белсенді оқу стратегияларын тиімді қолдану оқушының кез келген материалды жақсы меңгеруіне ықпал етеді. Қай сыныпта болмасын білімді меңгеру оқушының оқу мақсатын түсінуіне байланысты. Білім беру жүйесінің жаңартылған бағдарламасына сәйкес күнделікті сабақ барысында оқу мақсатын түсінген оқушы тақырыпқа байланысты тапсырманы орындай алады. Бұл үшін жаңа тақырыппен жұмыста ең алдымен мұғалімнің дұрыс нұсқау беруі маңызды орын алады. Яғни оқушы ерекше назар аударатын мәселелерді назардан тыс қалдырмайды.
Белсенді оқу құрылымы оқудың уәжінен, мақсаты мен шартынан және нәтижесiнен құрылады. Белсенді оқыту мен оқу үрдісінің қажеттiлiгiнен және оқушының білімге қызығуынан туындайды. Ал белсенді оқуға ұмтылу үшін ықылас, уәж қажет. Уәж белсенді оқу үрдісін дұрыс меңгеруге бағыттайтын күш. Оқушы мақсаты – алда орындалатын іс-қимыл әрекеттің нақты көрінісін көрген соң нәтижеге жету. Мұғалімнің мақсаты – тақырып бойынша сұрақтар бере отырып оларды қызықтыратын ақпарат алуға жетелей білу арқылы нәтижеге жетуге ықпал жасау.
Тілдік дағдыларды қалыптастыруда, яғни айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылымға үйрету барысында алдымен көрсету және модельдеу өте тиімді. Сөздерді дұрыс айту, ақпаратты дұрыс қабылдау үшін қалай айту жөнінде мұғалім үлгісін көрсеткен жағдайда оқушы орындай алады. Сонымен қатар дүниетану, жаратылыстану сабақтарында оқушы қарапайым түсініктерді нақты ұғыну үшін өзінің тәжірибесі арқылы үйренуі өте маңызды. Яғни зерделеу жəне зерттеу арқылы мəселе көтеру, зерттеу бағытын болжамдаумен сұрау оқушыны ынталандырады. Бұл оқушылардың тәжірибе жасауы арқылы түсінігінің қалыптасуына жол ашады. Оқушының жаңа білім алумен қатар бұрынғы білімі тереңдейді. Белсенді оқу стратегияларын қолдануда оқушының түсiну, тереңдiк деңгейi оның алдына қойған мақсатына байланысты. Яғни, мәтiн негiзiнен не туралы екендiгiн, оның негiзгi мағынасын егжей-тегжейiне жете түсiну.
Белсенді оқу әрекетiнiң тиімділігі мақсаты мен уәжінде, яғни қиындық-кедергілерді жеңе отырып, белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзу. Ал белсенді оқу үрдісіндегі нәтиже дегенiмiз ақпаратты нақты әрi терең түсiну және мазмұнын айта бiлу.
Мысалы, «Қызыл телпек» ертегісінің мазмұнын жоспар бойынша баяндау үшін оқиға карта құрастыру немесе ашық сұрақтар қою арқылы ойландыруға бағыттау. Негізгі мақсат ертегіден басты ойды анықтай алу.
Атауы Қызыл телпек | Кейіпкер Қызыл телпек Қасқыр Әжесі Отыншы | Ахуал, жағдай Орман Әжесінің үйі |
Шешім Отыншы Қызыл телпектің артынан келіп, қасқырды өлтіреді. | Проблема Қасқыр әжесінің үйіне баса-көктеп кіріп, оны жеп қояды. Ол Қызыл телпек келгенде оны да жеп қойғысы келеді. | Оқиға Қызыл телпек орманда қасқырды кездестіреді. Ол оған әжесіне бара жатқанын айтады. |
Оқушылар мәтінді оқи отырып, терең зерделеуге үйренеді және ойын жинақтай отырып, негізгі проблемасын табады да, шешімін айтады. Бұл қысқа да нұсқа жұмыс болғанымен оқушының өз ойын жинақтай білуге үйретеді. Сонымен қатар, белсенді стратегияларды қолдануда бірлескен оқудың да маңызы зор. Өйткені, бұл стратегияны тиімді пайдалану оқушылардың тақырыпқа сай ақпарат алуымен қатар олардың белгілі бір тақырыпқа байланысты ойлау деңгейлерін жетілдіреді де, бір-бірімен өзара жақсы қатынас орнатуды жақсартады. Бастауыш сыныпта белсенді оқытудың алғашқы кезеңiнде кесте бойынша моделiн: бiрiншi тыңдау – ауызша сөйлеу, содан кейiн оқуға үйрету деп айтуға болады.
Белсенді оқудың тиімділігі оқушы өзінің ой-пікірін еш бүкпесіз айтуға, сонымен қатар басқа адамның айтқан пікіріне құрметпен қарауды үйренеді. Бірлесіп оқу технологиясы оқушыларды тың идеяларды ұсынумен қатар олардың жаңа мүмкіндіктерді қолдануға бағыттап отырады. Белсенді оқудың тиімділігі білім алу үрдісінде оқушының жеке көзқарасы мен басқалардың пікірімен санаса білу мәдениеті қалыптасады. Оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу барысындағы негізгі мақсаты – қиын тапсырмаларды орындауда, топтық жұмыстарда, ортақ тіл табысу кезінде, өзін-өзі басқара білуде қажет болатын дағдыларды қалыптастыру. Тыңдалым – айтылым дағдысын қалыптастыруда белсенді оқудың тиімділігі адамның ойлау қабілетін дамытады. Өйткені, оқушы айтылғанды тыңдап, қабылдап және оны түсінуге үйренбейінше, басқа дағдыларды жеткілікті деңгейде меңгере алмайды.
Оқу үдерісінде жүйелі жүргізілетін белсенді əдістерді қолдану барысында оқушылардың сөздік қорлары толығады. Оқу үдерісінде мұғалім оқушының неғұрлым белсенді болғанына назар аудара отырып, оқу материалын дайын күйінде бермеуі, оларға ашық сұрақ қою арқылы назарларын шоғырландырып оқу, шолу жасауы, тәжірибе және зерттеу жасауға бағыттауының нәтижесінде нәтижеге жетеді.
Бекіту жəне қолданысқа енгізудің де тиімділігі мол. Бұл -жаңадан меңгерілген дағдыларды тəжірибеде қолдану жəне дамыту үшін сыныпта жəне үйде орындауға арналған əртүрлі жаттығулардың көмегімен түрлі мүмкіндік ұсыну. Сонымен қатар, коммукативтік дағдыларды дамытуға негізделген сабақтарды құрылымды етіп құру оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға жетелейді, яғни олардың қызығушылықтарын оятады. Әр кезеңде белгілі бір оқыту мақсатын қою арқылы мұғалім оқушыларға мақсатқа жетуге, мәселені анықтауға, жауаптарды іздеуге, мәселені талқылауға, қорытынды жасай отырып, өз ойын білдіруге және ашық қоғамның азаматы болуға үйретеді. Шынында да оқушылардың интелектісін дамыту мақсатында интерактивті оқыту амалдарын қолдану – ақпараттың мұғалімнен оқушыға, оқушыдан мұғалімге ауысып отыруына мүмкіндік береді. Сұрақ қою жəне талқылау әдісі де сабақтың бағытына жəне қарқынына сəйкес тақырыпты қаншалықты меңгергендігін білу үшін қажет. Әр оқушының оқудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқушыны сөйлете алу мен пікірталас, қажетті ақпаратты іздестіру, жеке жұмыс жасау да орынды.
Қорыта айтқанда, белсенді оқудың тиімділігі оқушылардың сыни тұрғыдан жəне ойлау дағдыларын қалыптастырады, олардың кез келген ортада тілдік шектеуді сезінбей, өзін еркін ұстауына мүмкіндік туғызады.
Белсенді оқу арқылы оқушылардың танымдық дағдылары дамып артады. Кез келген материалмен жұмыс жасауда қорытынды шығару жəне есте сақтауға оқушылардың сабақ мақсатына сай не үйренгенін түйіндеу мен түсінгенін анықтау мен қате түсінген жағдайда түзету; оқушыларды өз жұмыстарымен таныстырып, өз идеяларын ұсынуға шақыруға көмектеседі.