Home » Мақалалар » Бекзат Қанапин. Астана – Қазақстанымның мақтанышы!

Бекзат Қанапин. Астана – Қазақстанымның мақтанышы!

Қазақ халқы ертеден-ақ елді ұйыстыру мен шаруашылық жүргізуге шөбі шұрайлы, өзен көлі мол, табиғаты әсем жерлерді таңдайтын болған. Айтар болсақ, сол қазақ жерінде алғашқы мемлекеттің қалыптасуы сақ тайпаларының атымен байланысты болса, одан бертін келе ғұндар, үйсіндер мен Түрік қағанаттарынан бастап, кешегі төл тарихымыздың мақтанышы болған Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, XV ғасырда Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар елді тұрақтату мен сол замандағы көшпелі халықтардың негізгі байлық көзі болған төрт түлігіне деген жайылым жерлерді таңдауға аса мән беріп, елдің абыройлы азаматтарымен (билер, батырлар, ақсақалдар) кеңесіп, келісе отырып астанасын белгілейтін болған. Мінекей дана бабаларымыз астана таңдауда жеті өлшеп барып, бір кесетін болған. Ал енді Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырап Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы осынау кең байтақ жерді ұрпақтарына аманат еткен бабаларымыздың аманатын сақтамау бүгінгі ұрпаққа сын болары хақ.
Ел басына қиын-қыстау күн туғанда, еш нәрседен тайсалмай, батырларым жан қиып, бабалар армандаған тәуелсіздікті 1991 жылы алып берген елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегін айтпай кетпеске әсте болмайды. Қазақ халқында тәуелсіздік үшін күресіп, ел мен Отан үшін жанын тәуекелге тіккен күрескерлер аз болмаған. Солардың басы ерте темір дәуірінде Қазақстан жерінде өмір сүрген сақ тайпаларының көсемі болған Томирис патшайым мен Шырақ батыр болса, соңы кешегі Қазақ хандығының құрылуына сеп болған Қарақыпшақ Қобыланды батыр, Наурызбай, Райымбек, Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы мен асыл сүйек хандарымыз еді. Мінекей сан ғасырлар бойы бабалар арман еткен тәуелсіздік пен бей     бітшілік көк түріктің баласына 1991 жылы 16 желтоқсанда Қайрат пен Ләззаттай қайсар ұл-қыздардың қанымен келді. Бұл тәуелсіздікке жету қалай қиын болса, оны сақтап қалу да соншалықты ауыр. Еліміз егемен ел болып, шаңырағын биікке көтергенде ақ тілекші достан, сырын ішіне бүккен жау көп болды. Әсіресе солтүстік облыстарда өзге ұлт өкілдерінің көп болуы, бір елдерге өзінің құйтырқы саясатын іске асыруға берілген мүмкіндіктей көрінетін.
Елдегі экономикалық және геосаяси жағдаймен етене таныс Н.Әбішұлы елдің болашағы үшін әдемі, әсем қала, дайын тұрған елдің астанасы Алматыны тастап, елдің астанасын Алаштықтар аңсап кеткен Қараөткелге (қазіргі Астана қаласының жері) ауыстыру туралы 1997 жылы 10 желтоқсанда ресми түрде шешім қабылдады. Бұл шешімінің тарихи дұрыс шешім болғандығы бірнеше жылдар өткеннен соң Украина оқиғасынан кейін көрінді. Қазақстанның Астанасы ауысқалы бері Тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму ғасыры, Орталық Азия мен ТМД-дағы алдыңғы қатардағы көшбасшылық дәуірі басталды. Қазір Қазақстан мен Астана-егіз ұғым. Астана әрбір Қазақстандықтың мақтанышына айналды. Астана Қазақстанның саяси-экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар ол Қазақстанның білім мен ғылым ордасы ретінде де көшбасшылық қызметін атқарады. Астана қаласында елімізге бәсекеге қабілетті ең үздік мамандарды даярлайтын , тек Қазақстанда ғана емес сонымен қатар ТМД мен Орталық Азияда алдыңғы қатарлы университеттер орналасқан. Олардың ішінде: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясы, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және де «Астана» медресесімен Н.Ә. Назарбаев атындағы «Nazarbaev» университетінің ашылуы Астананың білім мен ғылым саласындағы көшбасшылық орнын айқындай түсті. Бұрын Тәуелсіздік алған жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша баласы шетелге оқуға кететін болса бір ауыл, бір аудан болып «бабамыздың табаны тимеген жерге, баламыздың қаламы тиетін болды» — деп қуанысатын жұрт, ал, қазір сол білімді ешқайда шықпай-ақ өз елімізде, Астанамызда да алуға мүмкіндік туды. Қазақстандықтар шетелде емес, шетелдіктер Қазақстанда білім алуды армандайтын жағдайға жеттік. Бұл да болса елім деген елбасы мен ерім деп сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша халықтың еңбегінің жемісі деп білемін. Астанамызда орналасқан оқу орындарын бітірген мамандар шетелдік әріптестерінен ешқандай кем емес. Астана қаласындағы университеттер мен академиялар, колледждерді бітірген түлектер қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте, министрліктерде, президент аппараттарында, түрлі ұлттық компанияларда, телевидения мен журналистика салаларында ел игілігі үшін қызмет атқарып, озық білімдерін көрсетуде.
Аға буын өз міндетін орындады, ендігі кезекте жастарымыз еліміз жеткен жетістіктерге масаттанбай, Қазақстанды әрі қарай дамытып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ат салысып, сол үшін еңбек етіп, жұмыс жасауы керек.


Қанапин Бекзат Оразұлы,
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы,
№24 лингвистикалық мектеп-гимназия КММ-нің
тарих пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.