Home » Жаңалықтар » Бала тәрбиесі – басты назарда

Бала тәрбиесі – басты назарда

Алматы қаласы Медеу аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 17- қарашасында «Тағдыр талқысына ұшыраған кәмелеттік жасқа толмаған балалардың мәселелерін шешу жолдары» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Кеңеске Алматы қаласы Білім басқармасы Рухани-адамгершілік тәрбие және өзін-өзі тану бөлімі басшысы Нұргүл Тау, Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Кризистік орталығының» директоры, «Кризистік орталықтар одағы» Басқармасының төрағасы, психология ғылымдарының докторы, профессор Байсақова Зульфия Мұхаметбекқызы, психология ғылымдарының докторы, РАЕ профессоры, МАПН корреспондент мүшесі Даулетова Ақмарал Амангелдіқызы, Алматы қаласы ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әліпбаева Лейла Аманбайқызы, Медеу ауданы ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Рақысбаев Ербол Әуелханұлы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» Қоғамдық қорының директоры Есімбекова Айгүл Қанатқызы, «Гриннет» ЖШС-нің директоры Абылайхан Жақанов, акушер-гинеколог дәрігер Разақберлина Мадина Сұлтанқызы қатысып, көтерілген мәселелерді талдады.

Сонымен қатар, семинар-кеңеске аудан мектеп директорлары, тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, мектеп психологтары, ата-аналар қауымы, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар барысында балалар арасындағы қаңғыбастық, қараусыздық, өзіне қол жұмсауға әрекеттену, ерте жыныстық белсенділік сынды заманауи қоғамның өзекті мәселелері талқыланды.

Семинар жұмысын жүргізген Медеу аудандық Білім бөлімінің басшысы Ағайша Әмірқызы Сапарова өз сөзінде аудан мектептері бойынша ювеналды полиция бөлімі есебінде тұрған оқушылардың көпшілігі үйден жаз айларында із-түзсіз кетіп қалғандар екендігін айтты. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың мінез-құлықтары және оларды тәрбиелеу мәселесіне де тоқталып өтті.

«Біріншіден, девиантты мінез-құлық – балалардың мінез-құлықтарының жалпыға ортақ ережелерден ауытқитын әлеуметтік іс-әрекет, қабылданған құқықтық немесе моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-құлқы.

Екіншіден, девиантты мінез-құлық – ол агрессивті күй көрсететін, мұғалімге қарсы шығатын, өз бетімен әр нәрсеге көңілі түсіп жылай беретін балалар.

Ал криминалды мінез-құлыққа – ұрлық, адам өлтіру, тонау, суицид т.б. жатады. Осы мінез-құлыққа тоқтала отырып: «Баланың психо-әлеуметтік дамуындағы ауытқушылықтардың негізгі факторларының бірі – ата-ана екендігі даусыз», -деп Ағайша Әмірқызы ойын ортаға салды. Ата-аналардың өз балаларына өте аз уақыт бөлетіндігінен, мейірім мен сүйіспеншіліктің аздығынан бала мен ата-ана арасында түсініспеушілік туындайды. Әрбір маман — ұстаз, баланың кейбір мінездік кемшіліктерін түзетіп қана қоймай, оларды қоғамға бейімдей өмір сүруіне тәрбиелей білу керек,- деп, аудандық білім бөлімінің басшысы ойын түйіндеді.

Алматы қаласы ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әліпбаева Лейла Аманбайқызы: «Қазақ халқында баланы «бесіктен тәрбиелеу» деген ұғым бар. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оны ұқыптылыққа, тазалыққа, имандылық пен ибалыққа баулысақ келешектің келісті боларына күмән тудырмасақ та болады. Жақсы әке-шеше өз баласына жат қылықтардан аулақ жүріп, жағымсыз әрекеттерге бой алдырмауды үйретеді. Төбелесті, зиянды заттарды пайдаланбауды, тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алып, баланы қадағалауда ұстау керек. Десек те, балаға бастан көңіл бөліп, орта жолда оның тәрбиесіне мән бермеу де көптеген қиыншылықтарға душар етуі мүмкін екенін ұмытпағанымыз жөн. Дәл осындай жағдайлар қазіргі таңдағы жанұяда орын алып жатқандығы жасырын емес. Ащы болса да шындық: ұрлық-қарлық, ішімдік, бопсалау мен әлімжеттік көрсету, төбелес ұйымдастыру, тіпті оның салдары

кісі өліміне ұласуы бүгінде жасөспірімдер арасында жиі көрініс табуда. Көбінесе мұндай жағдайлар ата-аналардың жұмысбасты болуымен түсіндіріліп жатады. Қоғамға қомақты көлемде залалын тигізіп отырған осындай қылықпен күресу Сіз бен Біздің басты міндетіміз», — деген пікірде.

Ал психология ғылымдарының докторы, РАЕ профессоры, МАПН корреспондент мүшесі Даулетова Ақмарал Амангелдіқызы болса, балалардың ата-аналардың назарынан тыс қалуы, мейірім мен ықыласқа бөленбеуі және ата-аналардың балалармен әңгімелесуінің жетіспеушілігі нәтижесінде суицидке ұшырап жатады. Мұндай балалардың іс-қимылынан психологиялық өзгерістерді байқауға болады. Мысалы: мінезі тұйықталады, депрессияның белгілері байқалады, кейбіреулері өзіне назар аударғанын қалайды. Кейбіреулері өздеріне әдейі қол жұмсаймын деп ашықтан-ашық қорқытады. Суицидке байланысты ТМД елдерінің арасында Қазақстан алғашқы орындардың бірінде. Осының алдын алу бағытында суицидке байланысты бейнероликтер мектептерде көрсетілуде, — деген дәйегін келтірді. Ал, «Гриннет» ЖШС-нің директоры – Жақанов Абылайхан, ата-аналарға ақылы түрде кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін кешкі сағат 8:00-ден таңғы сағат 8:00-ге дейін байланыс телефондарына шектеу қоюға болатындығының жәй-жапсарын түсіндіріп берді.

Акушер-гинеколог дәрігер Разақберлина Мадина Сұлтанқызы қыз балалардың жыныстық даму жас ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Семинарға қатысушылардың қойған сұрақтарына «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры А. Есімбекова жауап берді. Бұл маман пилоттық тәртіптегі «Ресурс» диагностикалық талдау орталығының жұмысына тоқталып, сауалнамаға қажетті мөлшерде 11-18 жас аралығындағы жасөспірім балалар қатысқанын, ол балалардың жауаптары қатаң құпияда сақталатынын, қазір талдау болып жатқанын айтып,  нәтижесі алдағы уақытта жарияланатынын хабарлады.

Қоғамда қордаланған мәселелер талқыланған семинар жұмысына қатысушылар жоғары баға беріп, алдағы уақытта осындай басқосуларды жиі өткізіп тұруға уағдаласты.

 

Нұрлан Алиев,

№33-мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.