Home » Балабақша » БАЛА БОЙЫНА САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ СІҢІРЕ БІЛЕЙІК

БАЛА БОЙЫНА САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ СІҢІРЕ БІЛЕЙІК

Ұлттық өнер, мәдениет, ұлттың тарихи болмысы – ең қымбат байлық, қастерлі мұра. Сонымен қатар, ол – талай ғасырдан бері сақталып, бір арнаға тоғысқан, небір өткелден өтіп, қалыбына келген дүние. Оны бұзу, өзгерту, ұмыту мүмкін емес. Сондықтан, халқымыздың осындай әдет-ғұрыптарын жас сәбилердің бойына осы күнінен бастап сіңірген дұрыс.
Қазіргі кезде балабақша табалдырығын аттаған балалардың көбі орысша тәрбиеленгендіктен, өз ана тілдерін қажетті деңгейде біле бермейді. Бұл — әрине, алаңдатарлық жағдай. Дегенмен, «көш жүре түзелер» дегендей, алдағы күннен күтер үмітіміз де жоқ емес. Керегесі кең, іргетасы берік ел болуды мақсат тұтқан Қазақстан үшін ұстаздар қауымына артылар жүк ауыр, жүктелген жауапкершілік мол. Біздің міндет – болашақ ұрпаққа сапалы білім мен тағлымды тәрбие беру, бесігімізді түзеу. Бұл кешенді жұмысты балабақшадан бастай отырып, ондағы оқыту іс-әрекеті кезінде қазақтың халық педагогикасын басшылыққа алудың маңызы зор. Мәселен, асық ойынын қолданып, балалардың тілдерін дамытуда қиял-ғажайып ертегілерін сахналасақ, сөйлеу мәнерін ұлттық қолөнер бұйымдары (бесік, текемет, қамшы, домбыра, ұршық, т.б.) арқылы жетілдіріп, кішкентай балдырғандарды өз ана тілдерінде сөйлетуге мүмкіндік алар едік. Ана тілді біліп, білмеудің пайдасы сол – егер, әр жеткіншек өз туған тілін терең түсініп, жақсы меңгеретін болса, оның алдағы барлық ақыл-мүддесі тек сол тіл, сол елдің айналасында өрбитін болады. Бұл – өз кезегінде, нағыз патриоттар қатарын тәрбиелеуді жүзеге асыратын, өмірлік тәжірибеден алынған мысал. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар — «рухани жаңғыру»» мақаласы аясында көптеген игі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай, жақында Павлодар қаласының №33 балабақшасында «Жігіт сұлтаны» атты сайыс өткізілді. Оған Кенжекөл аулының №20 балабақшасынан бес жасар Серікжан Сардар да қатысты. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар бар шеберліктерін сала отырып, өздерін таныстырды. Екінші кезеңде, қазіргі заман талабына сай, үш тілде сөйлеу арқылы тапсырманы орындап шықты. Үшінші кезеңнің шарты бойынша балалар берілген тақырыптағы мақал-мәтелді әр топ қатысушылары кезекпен мүдірмей жалғастырып отырды. Ал, төртінші кезең өнерлілерді іріктеуге арналды. Қатысушылар қазақтың биі «Қара жорғаны» билеп, көрермендерін тәнті етті. Соңғы бесінші кезеңде ұлттық салт-дәстүріміздің ұмытыла бастаған түрі — «Бәсірені» қайта жаңғыртып, жағымды жетістіктерімен қуантты.
Сайыста белсенділік танытқан жеті балабақша тәрбиеленушілері арасынан №20 сәбилер бақшасының қатысушылары жүлделі ІІІ орынға ие болды.

                            Ырым Сагатовна АМИРБЕКОВА,
№20 балабақша тәрбиешісі,
Кенжекөл ауылы,
Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.