Home » Баяндамалар » Балаға музыкалық тәрбие беру маңызы

Балаға музыкалық тәрбие беру маңызы

Қазіргі кезеңде баланы тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойына ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүр мұраларын сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу бүкіл халықтық іске айналып, жұртшылық назарын аударуда.
Тәрбие тағлымы баланың нәрестелік шағынан бесік жырымен біртіндеп іске асырылып, санасына орнығып отыратын ұзақ үрдіс. Сол себептен қоғам өміріндегі білім беру саласындағы әрбір жаңалық мектепке дейінгі тәрбиеге тікелей әсер етіп, тәрбие мазмұнын жаңарту ісіне ықпал жамап келеді.

Балаларда сәбилік шағынан музыканы тыңдау, оны түсіну, есте сақтау, ажырата білу, ән салу, би билеу, сазгерлерді, аспаптарды тану қабілеттері бірте -бірте қалыптасады. Ал, балабақшаға қамтылған баланың бойына қысқа мерзім ішінде аталған білім дағдыларын қалыптастыру музыка жетекшісінің алдына қойылған аумақты да, жауапты іс. Балабақшада музыкалық тәрбие жұмысын ұйымдастырудың түрлері: ән сабағы, баланың жеке музыкамен шұғылдануы, баланың күнделікті өмірдегі музыканың орны, мерекелік ертеңгіліктер т.б.

Балаға музыкалық тәрбие берудегі мақсатымыз бен міндетіміз:

— Музыкаға қалыпты қызығушылығын, әр түрлі музыкаға эмоциялық сезгіштігін қалыптастыру және дамыту;

— Би билеу және ән салу дағдыларына үйрету;

— Музыкалық қабылдауын, таныс шығармаларды әуенінен тану және есте сақтауын дамыту;

— Музыкалық танымын кеңейту, машығын дамытуға жағдай жасау;

— Музыкалық әрекеттің барлық түрі бойынша белсенділікті дамыту.

Сол себепті, музыканың құдіретті күшін бала бойына дарыту, сіңіру мақсатында музыка, сазды әуен баланың күнделікті өмірінде орын алуы қажет. Музыкалық оқу іс — әрекетінің музыка тыңдау бөлімі бойынша ән, күй, халық әуендерін, басқа ұлттық шығармаларды қолдана отырып, музыканы тыңдау, қабылдау, есте сақтау, ажырата білумен қатар, оның мазмұнын, көркемдік қасиетін түсіндіру қажет.

Әнді музыкамен, музыкасыз жеке, көппен қосылып орындау кезінде дауысын дамытуға, өлең сөзін дұрыс, анық айтуға, ырғақты қимылмен музыка үндестігін сезіне, денесін дұрыс ұстап, әдемі қозғала білуіне ерекше мән беріледі. Музыканы басқа пәндермен байланыстыруда (тіл дамыту, сахналау, дене шынықтыру, бейнелеу т. б) баланың көңіл хошы, өз күші мен ептілігіне қызығушылығы арта түседі. Ән баламен ойын — сауықтарда, музыкалық кештерде, ертеңгіліктерде, билерде, ойындарда бірге жүреді. Демек, ойнай жүріп, баланың әнге деген құштарлығы арта түседі.

Музыкалық – дидактикалық ойындарды ойнау, балалардың музыкаға қызығушылығын арттырады және музыкалық іс — әрекет түрлерін тез, әрі дұрыс үйренуге көмектеседі.Музыкалық оқу іс — әрекеттерінде музыкалық — дидактикалық ойындарды жүйелі түрде пайдалану – музыканы сипатына, көңіл — күйіне, динамикалық реңкіне қарай ажыратуды үйретеді. Балаларды әр түрлі музыкалық шараларға тек жеке өзін қатыстырмай, үлкендермен, ата — аналармен бірге қатыстырудың мәні зор. Бұл баланың өзіне — өзінің сенімін ұштап, шығармашылығын шыңдайды.

Шарабасова Нагима Абилдаевна,
Тараз қаласы, «Үміт» бөбектер үйінің
жоғары санатты тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.