Home » Мақалалар » Баланың рухани адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Баланың рухани адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Бала тәрбиесі дегеніміз – мәңгілік таусылмайтын қазына, және сол қазынаның қайнар бұлағы – отбасы, жанұя. Өйткені адамзаттың ең алғашқы қадамы да, қуанышы да, қызығы да отбасынан басталады. «Тәрбие тал бесіктен» дейді атам қазақ. Сол тал бесіктен жер бесікке дейін баланың өсіп жетілуінің – негізі отбасында жатыр. Отбасы – адам тәрбиесі үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді.
Әрбір  ата-ананың баланы тәрбиелеудегі негізгі назарда ұстайтыны – жас ұрпақты рухани жан дүниесі бай, ұлттық салт-дәстүрін бағалай білетін, халқының қадір-қасиетін сүйе білетін азамат етіп тәрбиелеу. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол анаға қарап өседі. Ата-ана балаларына үлгі-өнеге көрсете алмаса, онда тәрбиелі бала өсіруі екі талай. Өйткені бала ересектерге, әсіресе ата-анасына, тәрбиешілерге өте еліктегіш келеді. Жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді. Көргенін қайталайды.
Ілияс Жансүгірұлы «Жаста берілген, басқа сіңген тәлімің өзің өлмей сүйегіңнен қала алмас» деп бүлдіршінге жастайынан берілген тәрбиенің жемісті екенін айтады. Жас балаға өз ата- анасы асқар тау. Әке-шешенің аузынан шыққан сөз бала үшін заң болып есептеледі.
Дегенмен, бүгінгі таңда отбасындағы тәрбие балаға қаншалықты жақсы қасиеттерді үйреткенімен, кейде баланың рухани жан дүниесі таяздау соғып жататыны да жасырын емес. Бүгін зымыраған жаһандану дәуірінде жас ұрпақ жан-жақты өнерге, білімге, ғылымға ғылымның алуан түрлі жан-жақты жетістіктеріне де құштар етіп тәрбиелеу қажет. Баламыз немен шұғылданады, нені көбірек білгісі келеді, бала неге бейім әнге ме, биге ме, көркем сөзге ме соның бәрін баланың  бас ұстазы ата-анасы өзі біліп, мектепке берерде тәрбиешіге өзі барып бағдар беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді. Отбасындағы тәрбиенің жемісі де осында. Біздің дана халқымыз үлкеннің айтқанымен жүруді заң санаған. Баланы жаман қасиеттерден тыйып отырған. «Үлкеннің сөзіне орынсыз араласпа, үлкен кісінің алдын кесіп өтпе, үлкен кісі тұрғанда төрге шықпа!» деп тәрбиелеген. Ал соңғы кезде осы бір жақсы дәстүріміздің кері кетіп жатқан тұстары да баршылық. Оның әке-шешесіндей адам тұрғанда, жастар орын беруді білмейді. Мұндай келеңсіз жағдайларға қарсы үлкен-кіші, ата-ана, мұғалім, тәрбиеші барлығымыз бірге ат салысуымыз керек.
Ата-бабамыздың бізге қалдырған дәстүрін ұмытпай насихаттап, оны қастерлеп, құндылықтарын өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізе отырып, өзімізге берілген тәрбиені дәл солай біз де отбасылық дәстүр негізінде балаға бере білейік!

Ылипа Кенжешова
№18 орта мектебі
математика пәні мұғалімі
Жаңаөзен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.