Home » Ашық сабақтар » Бактериологиялық (биологиялық) қару және оның зақымдау әсері мен қолдану белгілері.

Бактериологиялық (биологиялық) қару және оның зақымдау әсері мен қолдану белгілері.

Пән аты: Алғашқы әскери дайындық
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға биологиялық қару, оның жіктелуі жайлы түсінікті меңгерту.
Күтілетін нәтиже:

  1. Оқушылар биологиялық қару жайлы түсінікті меңгереді, оны жіктей алады.
  2. Өтілген тақырыппен байланыстырады.
  3. Пән бойынша білімдерін толықтырады.
  4. Патриоттық сезімдері күшейеді, топта бірлесе жұмыс жасайды.

Сабақтың типі: Аралас сабақ
Сабақтың түрі: Дәстүрлі емес
Негізгі әдебиет: АӘД оқулығы
Сыныбы: 11
Көрнекілік құрал-жабдықтар: Интерактивті тақта, слайдтар, карточкалар, көрнекілік плакаттар, магниттік тақта.
Ұйымдастыру бөлімі-3 минут
Взводтың сапталуы. Взвод командирінің баяндамасы. Әскери сәлемдесу. Сыртқы киімдеріне бақылау жасау. Оқушыларды түгелдеу, топқа бөлу, топ басшысын сайлау.
Өтілген тақырыпты сұрау кезеңі – 12 мин.
І топқа: Химиялық қаруға анықтама беріңдер?
ІІ топқа: Химиялық қаруға тарихи анықтама беріңдер?
ІІІ топқа: Улы заттар сипатына қарай қалай бөлінеді?
ІV топқа: Тұншықтырғыш әрекетті улы затқа топтастыру жасайды.
V топқа: Химиялық қаруды қолдану қағидалары.
Негізгі бөлім-15 минут
Оқушыларға жаңа тақырып айтылып, парақша таратылып беріледі.
Парақшаның «дейін» бағанын толтыруға тапсырма беріледі. Жаңа тақырып жөнінде оқушылар білгендерін жазады.
Биологиялық қару дегеніміз биологиялық құралдармен жарақталған арнаулы оқ-дәрілер мен ұрыстық аспаптар. Ол адамдарды, ауыл шаруашылығы жануарларын және ауыл шаруашылығы егістерін жаппай құртуға арналған.
Биологиялық қару ретінде мыналар пайдаланылуы мүмкін:
Адамдарды зақымдау үшін: бактериялық аурулардың (оба, тулерямия, холера, бруцеллез, сібір язвасы) қоздырғыштары; вирустық аурулардың қоздырғыштары ( шешек(оспа), қызба); риккетсиозды қоздырғыштар (таңбалы қызба, Ку қызбасы, бөртпелі сүзек «тиф»); бопалық аурулардың қоздырғыштары.
Адамдар мен жануарлардың биологиялық құралдардан зақымдану жолдары:

  1. Зақымдалған ауамен дем алғанда.
  2. Зақымдалған су мен тамақты тұтынғанда.
  3. Ашық жара мен күйген жерлер арқылы қанға микроб түскенде.
  4. Зақымдалған жәндіктер шаққанда.
  5. Ауру адамдармен, жануарлармен және зақымдалған заттармен жұғысқанда.

Қарсыластың биологиялық қаруды қолданғанын көзге шалынатын белгілері:

  1. Оқ-дәрі жарылған немесе генераторлар іске қосылған соң аэрозольді бұлт түзілуі.
  2. Арнаулы контейнерлердің, оқ-дәрінің және қару-жарақтың басқа түрлерінің қалдықтарының табылуы.
  3. Зақымдалған жергілікті жерге тән емес көптеген жәндіктердің, кенелердің, кеміргіштердің пайда болуы.

Халықты биологиялық қарудан қорғаудың медициналық құралдары:

  1. Екпе – сарысу препараттары.
  2. Антибиотиктер.
  3. Инфекциялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілік заттар.
  4. Биологиялық құралдарды залалсыздандыру үшін арнаулы химиялық заттар.
  5. Жеке және ұжымдық қорғаныш құралдары.
  6. Жеке дәрі қобдишасы.

Жануарларды зақымдау үшін: аусылдың (ящур), ірі қара обасының, шошқа обасының, сібір язвасының, маңқаның (сапа), жалған құтырудың және басқа аурулардың қоздырғыштары.
Өсімдіктерді құрту үшін: астық тұқымдастар таты, жүгері және басқа дақылдардың солу қоздырғыштары, өсімдіктердің зиянкес жәндіктері және басқа да химиялық заттар.
Бактериялар — өсімдік текті бірклеткалы микроорганизмдер. Төмен температураға төзімді, тіпті қатса да жақсы төзеді. Кейбір түрлері сыртқы ортада дезинфекциялау құралдарына төзімділігін күшейтетін қоғаныс қабықтар түзеді.
Вирустар — өте ұсақ микроорганизмдер. Бактериялардан өзгешілігі тек тірі  организмдерде ғана өсіп көбейе алады. Кептіргенге, қатырғанға төзімді.
Риккетсиялар – бактериялар мен вирустардың арасындағы аралық жағдайдағы микроорганизмдер. Мөлшері мен бітімі бактерияларға жақын. Қарапайым бөлінумен өсіп-өнеді де, өздері зақымдаған органдарда ғана тіршілік етеді.
Бопалар – бір клеткалы және көп клеткалы организмдер. Кептіруге, күн сәулесінің және дезинфекция құралдарының әсеріне жақсы төзеді.
Токсиндер – кейбір бактериялардың тіршілік қарекетінің өнімдері. Кепкен күйінде токсинділігін бірнеше айға дейін сақтайды, сонын ішінде ботулизм токсині өте улы болып табылады және одан адам қатты уланады.
Сабақты бекіту -10 минут
І топ: Биологиялық қару тақырыбында постер жасау;
ІІ топ: Биологиялық қару зардаптарын атаңдар. Тарихи шолу жасау;
ІІІ топ: Жалпы зақымдау қаруларына салыстыру жасау. (Ядролық, химимялық, биологиялық).
ІV топ: Биологиялық құралдардың түрлері және негізгі қасиеттерін талдау;
V топ: Жаппай қырып жою қаруларын қолдануға қарсы үндеу жазу.
 Қорытынды бөлім-5 минут
Парақша таратып оқушылардың тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтау. «Кейін» бағанын толтыру.
 Кері байланыс. Оқушылар сабақ жайлы өз пікірлерін магнитті тақтада ілініп тұрған ағашқа стикерлерді ілу арқылы білдіреді.
Үй тапсырмасы: Биологиялық қару және оның зақымдау әсерін оқу.
Оқушыларды бағалау. Топ көшбасшыларының бағалауы. Мұғалімнің  бағалауы.
Взводтың сапталуы және әскери қоштасу

Күндәулетов Нүркен Қайратұлы
 І.Қабылов атындағы №12 орта мектеп
БӘД пәні мұғалімі
Қызылорда қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.