Home » Жаңалықтар » МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГТЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ

«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы» 

А.Линкольн

Қарым-қатынас адам психикасының және оның мінез-құлқының мәдени, саналы түрде қалыптасуы мен дамуында үлкен роль атқарады. Адам жоғарғы қабілеттері мен қасиеттерін қарым-қатынас арқылы аша алады. Дамыған адамдармен белсенді қарым-қатынасқа түсе отырып, ол өзі тұлға болып қалыптаса алады. Қарым-қатынас негізінде адам өзінің барлық адамгершілік, психикалық мінез-құлық қасиеттерін қалыптастырады. Баланың дамуы қарым-қатынастан басталады.

Балалар өзара қарым-қатынас барысында:

  • адамдардың іс-әрекеттің, ұлттық салт-дәстүрлердің жақсы жақтарын аңғара алады, шындықты айтуға, жағымды ойлауға үйренеді;
  • өзара сыйластықты түсінуге қабілетті, айналасындағыларды ұнатып, жақсы көре біледі, жақсылық жасауға дайын тұрады;
  • сабырлы, салмақты болуға, тәрбиелі болуға, ойланып сөйлеуге үйренеді;
  • әдептілікке, ұқыптылыққа үйреніп, көмектесе біледі, қамқорлық жасай алады, үлкендерді құрметтей біледі;
  • өзгені ренжітпеуге тырысады, кешірімді болуға үйренеді;

Баланың өзін-өзі анықтауы, қарым-қатынас ерекшеліктерін меңгеруі, өзге балалардың ортасында абыройлы болуыүлкендермен қарым — қатынас жасау барысында жүзеге асады. Бала мінез-құлық мәдениетін меңгерудің қажеттілігін түсінгенімен ол қандай болу керектігін сонымен қатар, оны қалай дамыту керегін  түсіне алмағандығынан балалар көптеген қателіктер жібереді. Сондықтан үйлесімді қарым-қатынас орнатуда бірінші көмекші болатын  адаммектеп психологы.

Мектепте оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында іскерлік қарым-қатынасты ұйымдастыру арқылы оқушылардың арасында тез тіл табысқыш, бір-бірімен пікір алмасып, ұйымшыл болып, сыйлау қабілеттері қалыптасады. Мектеп психологі оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жолдарын анықтап, әр оқушының өзглерге және өзіне ыңғайлы, жайлы болуына жағдай жасауы қажет. Оқушылар қарым-қатынас мәдениетін зерттеу нәтижесі оларға психологиялық көмек қажет екенін көрсетті.

Қарым-қатынасты зерттеген көптеген ғалымдардың еңбектеріне тоқталсақ;

Л.С. Выготский, Б.Н. Ананьев еңбектерінде қарым-қатынасты өмір әрекетінің бір формасы, адам дамуының әлеуметтік жағдайы, жеке адамның қалыптасуының түрткісі деп қарастырады.

Р.С. Немов бойынша қарым-қатынасбарлық тірі жанға тән, бірақ адамда күрделі формада, саналы түрде болады деген.

Ал, А.В. Петровский ойынша қарым-қатынас – біріккен іс-әрекет туғызатын, адамдар арасындағы қатынасты дамытатын көп жоспарлы үдеріс.

Оқушылардың қарым-қатынасы және қарым-қатынас мәдениеті ұғымына төмендегідей анықтама беруге болады:

Қарым-қатынас дегеніміз – мұғалім мен оқушының мақсаты бір педагогикалық мәселелерді шешу кезіндегі сөз, қимыл-қозғалыс, ым арқылы  бір-бірімен байланыс жасауы.

Қарым-қатынас мәдениеті дегенімізадамдардың өз мінез-құлқын басқару арқылы басқалармен тіл табысу және алдына қойған мақсатына жетудің тиімді жолын табуды айтамыз.

Оқушылардың бойында қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасу деңгейі мен сапасын өлшеп көрсету өте күрделі. Адамгершілік қасиеттерді сақтай отырып, басқа адамдарға психологиялық қысым көрсетпей оң бағытта қарым-қатынаста болғанда ғана, қарым-қатынас мәдениетін сақталғанын көруімізге болады.

Жалпы оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін зерттеуде түрлі әлеуметтік психологияда қалыптасқан әдіс-тәсілдердің басым көпшілігін қолдануға болады. Осы әдістемелердің негізінде сыныптағы балалардың өзара қарым-қатынастарын зерттеу барысында көптеген ұтымды жерлері бар. Балалар сабақ барысында, сыныптан тыс көптеген іс-шаралар жүргізгенде, оқу-тәрбие мәселелерін шешу барысында бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Сонымен балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда,  психологиялық түзету жұмыстарын жүргізу, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ұйымдастыру үшін сынып ұжымы ыңғайлы. Баланың өзі оқитын сыныпта достары, бос уақытында бірге ойнайтын құрбылары бар. Сыныптағы ұжымішілік қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу арқылы балалардың қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасу деңгейін анықтауға болады.

Оқушылардың қарым-қатынас мәдениеті оның өзіндік дара қасиеттеріне тікелей қатысты. Сондықтан оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, әр баланың даралық өзіне тән ерекшеліктері мен қасиетерін анықтау керек. Осы жекедаралық қасиеттерді анықтап, бағалау үшін мынадай әдістемелерді қолдануға болады. Қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеуге пайдаланылатын әдістемелер Леонгардтың «Мінез акцентуациясын зерттеу тесті»; Шмишктің «Акцентуациялық мінез-құлық»  Агрессияны анықтауға арналған Басса-Дарки әдістемесі; Э. Берннің трансактілік талдау және Дж.Морено ұсынған «Социометрия» әдісітемесі;

Адамдар аралық қатынасты анықтауда социометрия әдісі көмектеседі. «Социометрия» әдісі адамның қарым-қатынасының психологиялық жақтарын және оқушылар арасындағы бір-бірімен қатынасын анықтайды.

Оқушылардың бойында қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыра отырып, сонымен бірге түзету жұмыстарын жүргізудің маңызы өте зор. Топта қолайлы жағдайларды қалыптастырудың тиімді жолыойын тренингін жүргізу. Тренингтің негізгі мақаты – әрбір жеке тұлғаның өз ортасында, өзге адамдармен қарым-қатынас орнатуда жаңа мүмкіндіктер табу. Топта жүргізілетін тренингтер арқылы оқушылар өзін еркін ұстап, өз ойларын еркін жеткізіп, эмоцияларын меңгере алады, шешім қабылдауға үйренеді, тұлға аралық қарым-қатынас құра алады.

Мұғалім мен оқушының қарым-қатынасын жақсартуға өзін-өзі тану, тұлғалық дамуын қалыптастыру, ойдың икемділігін, ойлаудың дәлдігі, ұтқырлығын мен жылдамдығын жаттықтыру, өзінің және өзгенің даралығын дамытуға арналған психологиялық жаттығуларды қолдануға болады. Вирджиния Сатирдің «Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы» психологиялық жаттығуы, «Мәдениаралық өзара әрекет»  тренингі, Ситуативті-коммуникативті ойындар т.б. тренингтерді жүйелеп, қолдану тиімді.

Ойын адамның қабілетін, мінез-құлқын, топтармен қарым-қатынасын жасау жолдарын, адамгершілік құндылықтарын анықтап, байқауда  тиімді әдіс-тәсілдер болып табылады. Түзету жұмыстарының көпшілігі ойын арқылы жүргізіледі. Ойын барысында тұлғаарлық қатынасты құру арқылы балалардың жалпы қарым-қатынас мәдениетін көтеруге мүмкіндік туады. Топта балалардың бір-біріне сенім артып, қарым-қатынастағы  маңыздылығын жеке түсінуге көмек көрсетіледі және серіктестік қатынас кезінде өзінің өте маңызды екенін, оның әсерін түсінеді.

Қонқаева Орынгүл Батырғалиқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты, «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»
кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.