Home » Жаңалықтар » Астана қаласындағы Халықаралық мектептің кітап фестивалі

Астана қаласындағы Халықаралық мектептің кітап фестивалі

2 сәуір – Халықаралық балаларға арналған кітап күні және 23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күнін тойлау шеңберінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен жыл сайынғы дәстүрге айналмақ «Кітап әлемді бағындырады» атты арнайы жоба қолға алынды.

Осыған орай бір апта бойы Астана қаласындағы Халықаралық мектеп өз ғимаратында кітап фестивалін өткізді. Бір апта бойы кітап алу үшін кітапханаға келетін оқырмандардың түрлі қызықты тапсырмалар орындауы шарт болды. Тек ойын мен әзіл аралас тапсырмаларды орындаған адамға ғана кітаппен бірге сыйлық тарту етілді. Ауқымды фестиваль бағдарламасы мұнымен шектеліп қалмады.

Өздері қалаған Халықаралық мектеп оқушыларына көшеде не өздері тұратын үй маңында жолаушыларға танымал кітаптардың авторлары туралы сұрақтар қойып, сауалнама жүргізу тапсырылды. Сауалнама нәтижесінде жас ерекшеліктеріне қарай қоғам мүшелері арасында ең көп таралған шығармалар рейтингін құрастырып, балалардың қызығушылықтарын оятып, білімдерін тереңдету мүмкін болды. 100 респонденттің жуығымен 80-і жеті қазақ тілді роман туралы, нақтырақ айтқанда, «Аласапыран», «Ұшқан ұя», «Махаббат қызық мол жылдар» және басқалары жайлы сұрақтарға жауап бере алмады. Сонымен бірге «Шыбындар билеушісі» мен «Поллианна» авторлары туралы білмегендер барлық сұралғандардың сәйкесінше 83%-ы мен 80%-ын құрады. Тұтас алып қарағанда, қазақ романдарының 78%-ы я танылмаған, я ұмытылған күйі қалып отырса, салыстырмалы түрде аз ғана шетелдік авторлардың (бар-жоғы 14%) аттары аталмай қалды.

Осы жоба аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бастамасымен «Ақылды бейсенбі» жобасының шеңберінде танымал журналист Әуесбайдың Қанаты Астана қаласындағы Халықаралық мектепте өткен кездесуге қатысып қайтты. Іс-шараның негізгі мақсаты журналисттің «Батыс көрген». Ұлыбритания қазақтың көзімен» атты кітабымен етене танысу болатын. Кездесуге негізінен 6-8 сынып оқушылары шақырылды.

Сонымен бірге біздің балабақшамыздың қызметкерлері Джоана де Брито, Гүлшат Төлеужанова мен Қорлан Кеңесқызы бүлдіршіндерге арналған мектеп кітапханасына саяхат жасау үшін арнайы күндерін бөліп келді. Бұл жерде кішкентайлар бірден өздерін үйдегідей сезінді. Оларды қарсы алуға кітапханашылар келіп, кітап таңдауға көмектесіп, олардың кітаптарға деген сүйіспеншіліктерін оятпақ болып: «кітап бетін ашсаңыз, жаңа әлемнің есігін ашқандай боласыз» деген көпке белгілі даналықты тілге тиек етті.

Осы жобаның жалғасы ретінде сәуірдің 21-і күні бүкіл мектеп қауымдастығынан 110 адам жаппай кітап алмасу іс-шарасына қатысты. Зияткерлік мектептер жүйесі осы шараға оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер мен өзге де қызметкерлерді жұмылдыру арқылы қоғамды кітап оқуға үгіттеу, жастардың бойындағы рухани мәдениетті дамыту және жасампаз тұлға қалыптастыру мақсаттарын көздеді. Бұл жобаны іске асыру барысында аты аталған қауым өздеріне қажетті, өздері оқығысы келетін кітаптардың атауларын, авторларын алдын-ала жазып, сауалнама толтырып, оны кітапханаға тапсырды. Осылайша кітапхана қызметкерлері жобаға қатысушылардың қандай кітаптарды оқығысы келетіндерін анықтап, қорытынды шығарды. Еріктілер болса бір-біріне қалаған кітаптарын сыйға тартты.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.