Home » Жаңалықтар » Арыс қаласына Маңғыстау өңірінен гуманитарлық көмек жіберілмек

Арыс қаласына Маңғыстау өңірінен гуманитарлық көмек жіберілмек

Маңғыстаулықтар Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан соң зардап шеккендерге ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауды бастап кетті. Қазіргі уақытта гуманитарлық көмек қабылдау пункті өз жұмысын бастады. Бұл туралы журналистерге берген сұқбатында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов мәлімдеді.

Айта кету керек, күні кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев апаттың айтып келмейтінін, сондықтан Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға бүкіл халық болып атсалысу – баршамыздың азаматтық міндетіміз екендігін және «Nur Otan» партиясының осы оқиғаға байланысты гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын қолға алғанын атап өткен болатын.

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жаныннан Арыс қаласына гуманитарлық көмек көрсететін жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына партияның облыстық, қалалық, аудандық филиалдың қызметкерлері жұмылдырылды.

Ал гуманитарлық көмек қабылдау пункті Ақтау қаласы 14 ш/а, № 36а «Nur Otan» партиясы МОФ ғимаратында (3 қабат) орналасқан. Жауапты тұлғалар болып Шағыров Батыр Сүттібайұлы (+7 701 364-47-09) және Дощанов Мұратбек Аралбайұлы (+7 775 000-33-62) бекітілді.

Сонымен қатар, осы жұмыстарға партияның қалалық және аудандық филиалдары, және де облыстағы бастауыш партия ұйымдары да тартылмақ. Бұған қоса, Арыс қаласының тұрғындарын қолдау үшін партияның облыстық филиалының ұжымы бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады.

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы барша қазақстандықтарды зардап шеккен отандастарымызға бей-жай қарамай, барынша қолдау көрсетуге шақырады. Ал, «Nur Otan» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов, мұндай жағдайда орын алған қиындықтарды жеңудің бір ғана жолы бар, ол – бірігу екендігін тілге тиек еткізді.

«Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарынан көз жұмған отбасыға көңіл айтамыз. Сондай-ақ, жарақат алғандар тез арада сауығып отбасына оралады деп сенеміз. Ал балаларын жоғалтқан ата-аналар болса, жақын арада балаларымен қауышуын тілейміз. Кез-келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Арыс қаласында орын алған жағдай барша қазақстандықтарды біріктірді. Біздер, Маңғыстау облысының тұрғындары, ойымызбен және жүрегімізбен сіздермен біргеміз. Алдағы уақытта барлығы жақсы болады ден сенеміз», — деді Елубай Әбілов.

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңесінің мүшесі, партия белсендісі, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай белсенді жастар қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

«Арыстағы жағдайды естігеннен кейін назарымыз сол ағайындарда болып тұр. Барлығымыз да уайымдап, алаңдап отырған жайымыз бар. Осы хабарды ести сала қол қусырып отырмай өңірдегі жастар ұйымдары, еріктілер тобы, басқа да белсенді жастар Арыстағы ағайындарға көмек көрсетуге дайын. Қазірдің өзінде есеп-шоттар ашылып, WhatsApp желісінде чаттар құрылып, кәсіпкерлер де мүмкіндігінше қаржылай немесе заттай көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Бұл қуантарлық жағдай және біз Арыс тұрғындарымен біргеміз», — деді ол.

Еске сала кетейік, гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне кез-келген маңғыстаулық тұрғын азық-түлік, киім және ең қажетті заттарын тапсыра алады. Алдағы күндері Арыс қаласының тұрғындарын қолдау мақсатында Маңғыстау өңірінен гуманитарлық көмек жіберіледі деп күтілуде.

 

 

Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.