Home » Мақалалар » АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ

АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ

Биылғы жыл «Өрлеу» Қарағанды филиалы үшін мерейтойларға толы –ерекше жыл болды. Атап айтсақ, ұстаздық еткен жылдарда сан мыңдаған жас ұстаз мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдау арқылы болашақпен жалғастырар алтын көпіріне айналған, саналы ғұмырын білім мен ғылым саласын өркендетуге арнаған педагогикалық еңбектің ардагерлері Сәбит Сейітұлы Қонтаев пен Әділхан Ошақбайұлы Туғанбаев сынды ағаларымыз кемел жас – 70 жастың  жотасына шықса,  Сара Балқашқызы Муканова апайымыз – 80 жастың сеңгіріне шықты. Тегінде ұстаздық қызмет, ғылыми зерттеушілік бір күнде жарқ етіп көріне салатын оңай дүние емес екені баршамызға мәлім. Ол ұзақ жыл талмай ізденудің, жалықпай еңбектенудің нәтижесі болары анық. Атақты ғұлама Әл – Фараби: «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз»-деп айтқандай, мамандық таңдау – тағдырыңды таңдаумен тең. Ардагерлеріміз, мұғалім атты қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдағаннан бастап, ұзақ жылдар бойғы ұстаздық еңбектерінде кейінгі ұрпаққа өнегелі жол көрсетіп, олардың сан қырлы қабілетін ашумен қатар, білім берудің инновациялық әдісіне де жол ашты. Ұрпақтар сабақтастығы білім беру саласында қай заманда болмасын маңызын жоймайды.

Үлкендi сыйлау, құрметпен қарау ықылым заманнан бері қазақтың ата-баба, салт-дәстүрiмен бiте қайнасқан қағида, еш заңға бағынбай атадан балаға мирас боп келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Үлкендерге лайықты сый-құрмет көрсетіп, көңілін көтеру, қарғысына емес, алғысына бөлену – адамның көрегенділігінің, тектілігінің белгісі екені ақиқат. Әрине,  осы тұста көрегенділік пен тектілік үлгісін көрсетіп, үлкенді сыйлау әрі құрметпен қарау дәстүрін жалғастырып келе жатқан, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Сәулеш Дімкешқызы Мұқанова жайлы айтып өтпеске болмас. Сәулеш Дімкешқызының педагогикалық еңбек ардагерлеріне деген құрмет пен ізеттілік танытуы – үлкеннің батасын алып, алғысына кенелудің жолы екендігінің куәсіндей. Халқымызда «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер»,-деген жақсы сөз бар, баталы ұрпақтың қашанда көсегесі көгерері сөзсіз. Басшының көрегендігі арқасында Филиал ұжымы ардагерлерді еш ұмытпай, оларды мерекелерде, мерейтойларында құттықтап, үлкендерге құрмет көрсету дәстүрін жалғастырып келеді. Міне, осы орайда биылғы мерейтой иелеріне басшы тарапынан үлкен құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар тарту етілді. Айта кетсек, бүгінде 70 жасқа толып, кешегі бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаз – Әділхан Ошақбайұлы өздеріне көрсетілген ерекше ізет пен терең құрмет үшін Сәулеш Дімкешқызына шынайы алғыс айтып, батасын берді. Сәулеш Дімкешқызы, үлкендердің батасымен әрдайым биіктерден көрініп, ел құрметіне бөлене беріңіз!

 

Туғанбаева Тілеу Сайлауқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ PR SMM маманы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.