«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек,
тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы,
тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі»
Әбу Насыр Әл- Фараби
Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Отбасындағы ата – ананың ықыласы мен мейірімінен нәр алған бала балабақшада тәрбиешінің мол мейірімі мен шұғылалы шуағына бөленеді. Баланың бойындағы жақсы қасиеттер мен қабілеттерді ашып, олардың тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының маңызы өте зор. «Бір жылдығыңды ойласаң арпа ек, он жылдығыңды ойласаң тал ек, барлық ғұмырыңды ойласаң бала тәрбиеле» деген бабалар сөзінен бала келешегіне деген көл- көсір көңіл мен асқан жауапкершілікті аңғарамыз. Баланы жарқын болашаққа бастау, жақсы тәрбие беру – біздің міндетіміз. Сондықтан бүгінгі күні бөбекжайдың жұмысына ерекше көңіл бөліп келемін.
2013 жылдың 15 қаңтарынан бастап ел игілігіне есігін айқара ашқан білім ордасы Қызылорда облысы, Арал қаласында орналасқан. 280 орынға арналған балабақшада 33 педагог маман, 40 – қа жуық кіші қызметкер жұмыс жасайды. Бөбекжай ғимараты заман талабына сай салынып, балаларға барлық тиесілі жағдай жасалынған. Музыка залы, анимациялық еденмен жабдықталған спорт залы, өзін — өзі тану бөлмесі мен логопункт, асхана, медпункт және де барлық талапқа сай топ бөлмелері бар.
Биыл ашылғанына 5 жыл толған балабақша ұжымы аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, биік белестерді бағындырып келеді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан көлеміндегі онкүндік шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық дәстүрлі «Әнші балапан» бүлдіршіндер арасындағы ән, би байқауларына белсене қатысып, жүлделі І, ІІ орындарды иемденіп келеді.
Бөбекжайымыздың дене шынықтыру нұсқаушысы Динара Қуанарқызы аудандық «Үздік дене шынықтыру нұсқаушысы — 2017» байқауынан үздік деп танылып, облыстағы сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынмен марапатталды.
Сондай – ақ, бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын инновациялық әдістер мен технологиялар негізінде іске асыру мәселесі де педагогтардың назарынан тыс қалмағанын және олардың барлығы дерлік ақпараттық коммуникативті технологияларды меңгергенін де үлкен мақтанышпен айтуға болады. Қазіргі таңда заман талабына сай бөбекжайымызда тәрбиешілердің үздіксіз ізденуінің нәтижесінде балалар да үш тілді қатар меңгеріп келеді. Сонымен қатар «АКТ» жаңа технологиясын педагогтардың барлығы дерлік меңгерген.
Сондай жаңашыл тәрбиешінің бірі – Тасжанова Лаура аудандық «Үздік тәрбиеші» байқауының І- орын иегері.
Бөбекжайымызда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс атқарады. Олар — «Робототехника» үйірмесі, «Зерттеу – жобалау» үйірмесі, «Драма» және «Степ – аэробика» үйірмелері және «Ғажайып аспан денелері» үйірмесі балаларды жан – жақты өнерлі, әрі зерек боп өсуге баулып келеді.
Осы жылдың мамыр айында Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «5- 6 жастағы балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу» тақырыбындағы аймақтық әдістемелік семинар өткізілді. Балабақша педагогтары өздерінің шығармашылық ізденістері мен заман талабына сай инновациялық бағыттағы жұмыс түрлерін көрсетті.
Біздің ұжым – бүлдіршіндеріміздің жүрегіне сәуле шуағын сеуіп, оларды келешекке ұмтылдыруға бар күш жігерін аямай жұмсайды.
Айбусинова Майра Кішкенеқызы
Қызылорда облысы, Арал қаласы
«Алтын балық» бөбекжайының меңгерушісі