Home » Балабақша » Дені сау ұрпақ тәрбиелеуде қазақтың ұлттық ойыны – асық ойынын тиімді пайдалану

Дені сау ұрпақ тәрбиелеуде қазақтың ұлттық ойыны – асық ойынын тиімді пайдалану

 Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың айқындалған міндеттердің бірі – балаларды мектепке сапалы дайындауға бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асыру.Бағдарламаның мақсаты: балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясына негізделген  жалпы адамзаттық  құндылықтарды, патриотизм мен төзімділікті  тәрбиелеу.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», — деп жазған болатын. Яғни, мектепке дейінгі кезеңнен бастап бала бойына ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті.

Атақты педагог Н. К. Крупская қимылды ойын жөнінде былай дейді: «Ойын – өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып жетіле түседі. Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шыңдалады». Қазақ халқының ұлттық ойындарының балаларға берер тәрбиелік мәні толассыз. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен ойната отырып, жан — жақты тәрбиелеу – ұлттық өнер мен білімді бала бойына сіңіруге деген қадам болып есептеледі.

Соған сәйкес бүлдіршіндерді дамыту мақсатында қолданылатын технологиялар да жеткілікті.

Асық технологиясы — бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал екенін айтуға болады.

Әлбетте, арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын. Қазір балалар балпаң баса бастағаннан-ақ ата-анасы жүйкесі тыныш болуы үшін қолына планшет беріп қоятынын кө­ріп жүрміз.

Педагогтар пайымына сүйенсек, бұдан баланың зейіні тұйықталады, көзінің көру қабілеті төмендейді, жүйкесі жұқарады, төмен қарап отырғандықтан омыртқалары қисаяды және кәдуілгі адами қарым-қатынасты ұмытады. Виртуалды әлемге бой ұрған бала қоршаған ортамен сөйлеспейді.

Балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналар күн сайын байқауға болады. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуанады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығын дамытады. Асықты ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Балалар боялып, тесілген  асықты бір түстен кейін екінші түсті жіпке өткізіп, тізбектейді. Тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырата алады, қолының ұсақ моторикасы дамиды.

Саусақтарымен жұмыс жасау арқылы, саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді.

Балабақша тәрбиешілері асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, мате­матикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысады. Асық ату ойыны арқылы  балалардың мергендігін дамытуға, асықпен ойнайтын сан алуан ойындар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Ересек топтар үшін тапсырма қызықты әрі пайдалы. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілеті артады, эстетикалық талғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдыққа үйренеді. Асықтан құралған тақтайшалармен жүру арқылы балалардың аяқ, қол еті қатаяды, қабілеті артады.Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақтабанның алдын алуға болады. Бұл – асық терапиясының бастапқы нұсқасы.

 

Нурмаганбетова Гулжанат Шакратовна,
Қызылорда облысы, Арал қаласы
«Алтын балық» бөбекжайының әдіскері.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.