Табиғаттың әлі сыры ашылмаған ғажайып құбылыстары аз емес. Адамзат баласында ерте заманның өзінде-ақ дүниенің жаралуы, табиғаттың түрлі құбылыстары туралы өзіндік көзқарасы, түсінігі болды. Өйткені, адам – табиғаттың бір бөлшегі, ол өзін қоршаған әлем заңдылықтарын байқап-бағдарлап табиғаттағы ғажайып құбылыстардың сырын білуге ұдайы ұмтылып отырған. Табиғат құбылысының терең тылсымына үңілуде адамзат баласы талай жолдардан өтті, мол тәжірибе жинақтады. Әзірше болмысы беймәлім, ғылыми тұрғыда түсіндірілмеген құбылыстар да жетерлік.
Адам баласы тіршілігінің алтын бесігі – жердегі болып жатқан әр түрлі құбылыстар аспан денелерімен байланысты екендігі ертеден белгілі. Жалпы жердегі тіршілікке күннен кейінгі ерекше әсер етуші аспан денесі – ай.
Географиялық тұрғыдан келсек, ай бізге ең жақын аспан денесі. Ай жерді айнала қозғалып жүреді, сондықтан жер серігі деп аталады. АҚШ астронавттарының таяудағы есептеуі бойынша жерден айға дейінгі қашықтық 384 401 шақырым екен («Егемен Қазақстан», 27.03.93). Ай пішіні кейде жарқыраған орта, кейде жарты дөңгелек, енді бірде тұтас дөңгелек сияқты болып көрінеді. Айдың осындай әртүрлі көріністерін ай фазалары деп атайды, оның себебі, ай да жер сияқты өзі жарық шығармайтын қараңғы дене, Ай жарықты Күннен алады да, оның бізге тек жарық түсетін жағы ғана көрінеді.
Бірінші фаза, жаңа ай деп аталады, бұл кезде ай күн мен жердің арасына келеді де, күн сәулесі түспейді, сондықтан ай бізге көрінбейді. Бұл кезеңді, яғни жаңа ай мен ескі ай аралығын халық «өлі-ара» деп атайды, ай күннен шығысқа қарай қозғала отырып, оның көрінетін орағы үлкейе береді. Сөйтіп, жеті күн өткен соң жарты ай көрінеді, оның дөңес жағы оңға қарап тұрады, айдың бұл кезеңі бірінші ширек деп аталады.
Келесі фазасы-толған ай деп аталады. Бұл кезде ай күнге қарама-карсы бағытта тұрады. Толған айдан соң жеті күнгі кезең – айдың соңғы ширегі деп аталады. Бұл кезде ай орағының дөңес жағы солға қарап тұрады. Жалпы, ай фазалары орташа 29,5 күн тәулігінде алмасып отырады.
Көшпелі өмір сүрген бабаларымыз тұрмыс-тіршілігінде табиғатты жатсынбаған, табиғатты болмыс-тіршілігінің құрамдас бір бөлігі деп қараған. Көшпелі өмір салтының бір белгісі – табиғаттың табиғи жаратылысымен санаса отырып, өзің табиғатпен тұтастықта, табиғаттың бір бөлшегі деп тану, табиғатпен кіндігіміз бір деп есептеу. Олар үшін аспан әлемі – барша тіршіліктің баспанасы, тірегі. Ал, айдың жалпы тіршілікке, адам баласына әсер ететіндігін ата-бабаларымыз білген. Сондықтан да болар қазақ салтында ай жаңаланғанда ауыл қариялары:
«Ай көрдім, аман көрдім,
Жаңа Айда жарылқа,
Ескі Айда есірке»,-деп, жаңа айға бата қылып, бала-шаға, ағайын-туысқа жақсылық тілеген. Халық ұғымында ай сұлулықтың белгісі, халқымыздың айға қарап алдағы ауа райын болжауын айтпағанда, жатқанда терезенің пердесін жауып жат, ай сәулесі түспесін немесе кейбір көтеріліп ауыратын адамдарды көргенде: Ай жаңарды, бұл бейбақтың ауруы да жаңарды,-деген сөзді тегін айтпаған болар.
Сондай-ақ халық түсінігі бойынша, айды саусақпен көрсетуге, айға қарап дәрет сындыруға болмайды.
Зертеуші ғалымдар ай әсері тек жерге ғана емес, сондай-ақ осы планетаны мекендеген барлық тіршілік атаудыға жүретіндігін айтады. Үлкен Палиний өзінің ежелгі ғылыми ілімдер жинағынан тұратын «Табиғат тарихы» атты еңбегінде «айдың құдіретті күшін өсімдіктер де, жануарлар да, адамдар да күнбе-күн сезіп отырады»,*деп жазған екен. Жалпы ай циклін 14,5 күннен тұратын екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – толысып келе жатқан ай (туған айдан толған айға дейінгі (кезеңі, кішірейіп бара жатқан ай), толған айдан туған айға дейінгі кезеңі.
Сондай-ақ тірі организимдерге айдың толған және туған күндерінде үш (айдың толған және туған, осы екі кезеңнің алдындағы және соныңдағы) күн ерекше әсер ететін корінеді.
Географияның мектеп бағдарламасы бойынша біз мұхиттар мен теңіздер суы айдың өзіне тартуы әсерінен деңгейі тәулігіне екі рет көтеріліп, екі рет төмендейтінін білеміз. Бұл құбылысты судың толысуы мен қайтуы деп атайды.
Француз зерттеушілері А.Либер мен К.Шерин судың толысу мен қайту құбылыстары айдың әсеріне байланысты екендігін айта келіп (аталған құбылысты тұңғыш рет И.Ньютон дәлелдеген болатын), ай адам организміне де сондай әсер етеді деген болжам (гипотеза) айтады. Себебі, адам денесінің жартысынан көбі судан тұрады. Мәселен, адам қанында су үлесі-83 процент шамасында, ал, қан болса, тіршілік негізі, мидың өзіндегі су мөлшері-85 процент.
Олай болса, ай мұхит суы деңгейіне өзгерістер әкелген сияқты, адам бойындағы суға да біршама өзгерістер әкелуі мүмкін. Оны өзіміздің күнделікті тіршілігіміздегі денсаулымыздағы және мінез құлқымыздағы өзгерістерден байқауға болады.
Жалпы, ғалымдардың айтуынша, жер бетіндегі адам қолымен жасалынатын қылмыстың көпшілігі ай толысқан кезеңде жүзеге асып жатады екен. Осы арада мынадай мысал келтіруге болады, 70-жылдың басында Филадельфияда «Адам мінез-құлқына ай толысуынын әсері» деген ресми баяндама дайындалып, онда былый дейді: «Күнделікті қызмет барысында телефон арқылы шұғыл шақыру алатын полияцияның жетпіс офицері адамдардың полиция көбірек шағымданатын кездері әсіресе, айдың толысу кезінде жиі болатынын айтқан»,-деп жазды француз ғалымы М.Гоклен.
Сондай-ақ мұндай қылмыстардың жиі болатын екінші кезеңі – жаңа айдың тууына сәйкес келеді екен. Аспан әлемін зерттеуші жұлдызшалар: «Толысып айдың кезеңінде адамдардың өмірлік белсенділігі жоғары болады, қолға алған істері табысты болып, өздерін ширақ сезінеді. Ал, екінші жағынан Ай толған күндері әр түрлі қылмыстар жасау, жол-көлік оқиғалары, түрлі бұзақылық көп кездеседі. Бұл кезде спирттік ішімдіктер ішу де қатерлі… Ай туған күн адамның мінезіне жағымыз әсер етеді, себебі, бұл кезде адамның өмірлік белсенділігі төмендейді. Адам ашуланшақ, күйгелек келеді. Қолға алған ісінің қиюы қашып, қате басу жиі байқалады»,-дейді. Әрине мұның бәрі қатып қалған заңдылық емес, өйткені, жаратылыстың адам баласына белгісіз сырлары көп қой!
Жалпы, аспан әлемінің құпия сырларын зерттеушілер адамның көңіл- күйі, өмірлік белсенділігі ай фазаларына байланысты екендігін айтады. Ал, айдың туу, бату уақыттарын, оның фазаларының қай күндерге сәйкес келетінін білгіңіз келсе, онда күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген күнтізбе бетіне қараңыз. Онда айдың қай ширегі қай күндерге сәйкес келетіні және айдың туу, бату уақыттары көрсетілген.
Исаева Зәуреш Өміртайқызы
ОҚО, Созақ ауданы, Таукен кенті,
№24 колледждің әдіскері