Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жұмысы

Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жұмысы

Отбасы – жасөсіпімдерді әлеуметтендірудегі өте маңызды институт. Ол бірқатар өлшемдермен анықталынады. Олар:

  • әлеуметтік мәдени өлшемі;
  • әлеуметтік экономикалық өлшемі;
  • техникалық-гигиеналық жағдайы;
  • демографиялық жағдайы.

Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жүргізетін жұмысы аса маңызды болып саналады. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс жабық (құпия) үйрету сипатына ие болады. Әлеуметтік педагог отбасы тәрбиесінің үлгілі, оңды тәжірибесіне сүйенеді; оны жан-жақты зерттеп, жинақтап, таратады; оңды ой-пікірлерді күшейтіп, терісін реттеп тәрбие процесінде пайдаланады. Сондықтан:

  1. Тәрбиешілер мен ата-аналардың өзара сенімділік қарым-қатынастары оңды бағытталған, бірігіп ықпал етудің шешуші және алғашқы шарты болып табылады. Ата-аналардың тәрбиеге көзқарасын жандандырып, табысқа жетуге қажеттілік және өз күшіне сенімділік тудыру үшін дұрыс байланыс орнатудың маңызы зор.
  2. Әлеуметтік педагогтың неғұрлым маңызды міндеттерінің бірі ата-аналарды педагогикалық білім мен дағдыға, оның теориялық және практикалық ықылымдарын меңгеруіне, әсіресе тәрбиені ұйымдастыру шеберлігіне жетілдіру болып табылады.

Әлеуметтік педагогтың отбасымен бірлесе әрекет етуін ұйымдастыруы мына мүмкіндіктерді тудырады:

  • өз балалары мен сынып оқушыларын тәрбиелеуде этнопедагогикалық потенциалын анықтау мақсатында отбасы мен туысқандарын зерттеу;
  • ата-аналардың адамгершілік, әлеуметтік мүмкіндіктері принципіне қарай отбасыларын топтарға бөлу;
  • ата-аналармен бірлесіп әрекет жасау бағдарламасын құру;
  • өзара тәрбие қызметіндегі ағымдағы және ақырғы нәтижелерді зерттеу;
  • баланың отбасын зерттеу, оның өмір сүру қағидаларын, көп құрылымдығын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын тәрбие мүмкіндіктерін, оқушының ата-аналарымен қарым-қатынасын терең түсіну – әлеуметтік педагогтың отбасына етене жақындау.

Мұнымен қатар, әлеуметтік педагог кешенді дәстүрлерді, әдіс-тәсілдерді, психологиялық-педагогикалық диагностиканы: бақылау, байқау, пікірлесу, тестілеу, анкета жүргізу, іскерлік ойындар өткізу, балалар шығармашылығын пайдалану, т.б. жүргізе алады.

Әлеуметтік педагог төмендегі ережелерді сақтауы тиіс:

  • ата-аналар мен балалар өзін зерттеу объектісі ретінде сезінбеуі тиіс;
  • зерттеу мақсатты, жоспарлы, үздіксіз және системалы жүргізілуі тиіс;
  • зерттеу әдістері халықтық дәстүрлі тәрбие әдістерімен байланыста болуы тиіс;
  • психологиялық-педагогикалық әдістер әртүрлі, санқилы кешенді пайдаланылуы тиіс.

Иманалиева Гульназ Оразалиевна,

«Тараз қаласы әкімдігінің

білім бөлімінің

Төле би атындағы №8 гимназиясы» КММ

   әлеуметтік педагогы

   Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.