Home » Білім және тұлға » ҰСТАЗ БАҚЫТЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

ҰСТАЗ БАҚЫТЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Мектеп – жүздеген, мыңдаған жеткіншектердің алдағы өміріне бағыт сілтеп, болашағына жолдама беретін киелі шаңырақ, құтты ұя десе де болатындай. Ал, сол киелі шаңырақтың тірегі де, жүрегі де – ұстаз екені әмбеге аян. Және олардың үздіксіз, қажырлы еңбегін бір ғана сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Бүгінде білім беру саласында отыз жылдан астам еселі еңбегімен танылып келе жатқан білікті ұстаз, Павлодар қаласы №2 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Надежда Бәкібайқызы Асылбекованың әріптестеріне айтар үлгісі мол…

«Надежда» сөзі – «үміт, үміт арту» деген мағынаны білдіреді. Алайда, Надежда Бәкібайқызы ата-анасының үмітін ақтап қана емес, мемлекеттік атқарушы жүйенің де сенімін жауапкершілікпен атқарып жүрген еңбекқор, лауазым иесі. Ұлағатты ұстаз, іскер басшы биыл зейнеткерлік жасқа толды. Салтанатты кеште қадірлі қонақтармен бірге өз ұжымы да алма-кезек құттықтап, ізгі тілектерін жарыса білдіріп жатты.
Надежда Асылбекова 1959 жылы Алтай өлкесіндегі Благовещенка кентінде дүниеге келген. Әкесі – Бәкібай Сетейұлы астық қоймасында меңгеруші, анасы – Қорлиха Сатыбалдықызы – тігіншілікті кәсіп еткен қарапайым жандар. Отбасында жеті ағайынды — алты қыз, бір ұл тай-құлындай тебісіп қатар өсіп, ер жетті.
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан» болуды қалаған отағасы отбасын алып, өз еліне, Қазақстанына оралады. Надежда Бәкібайқызы 1976-1981 жылдары Павлодар мемлекеттік институтын тәмамдап, еңбекке араласады. Ол өзінің алғырлығы мен білімділігінің арқасында аянбай еңбек етіп, небір қиындықтарды бағындыра білді.
Еңбек жолын Павлодар қаласындағы №18 балабақшада тәрбиеші болып бастап, кейіннен №3 облыстық мектеп-интернатында орыс тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі, психолог, мектеп директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде жалғастырды. 1997-1998 жылдары ұстаздардың облыстық білімін жетілдіру институтында өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен атқарды. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, беделді, жауапты қызметке де қол жеткізеді. 2004 жылдың күзінде Павлодар қаласының №2 жалпы орта білім беру мектебіне басшы болып тағайындалды. Лауазым иесі алғашқы күннен бастап, мектептегі ұстаздар ұжымының ынтымағын жарастырып, жұмысты барынша жандандыра түседі. Кәсіби дағдысы мен іскерлік қабілеті оның екінші тынысын ашады. Содан бері алдынан жүздеген, мыңдаған шәкірттер білім нәрімен сусындап, талай жас ұстаздардың тәлімгері атанды.
Өмір – сезімің мен күш-жігеріңді, ақылың мен төзіміңді аяусыз сынға алатын сан қилы сынақтардан тұрады. Және ол өз ережесіне бағындырмай қоймасы тағы да анық. Ол ер жетіп, отбасын құрған үлкен ұлының қайғысын да қайсарлықпен көтере білді. Жаны нәзік болғанымен, қайратты ана бастан кешкен бар ауыртпалықты артқа тастап, тек алға қарай ұмтылуға тырысты, отбасының жылуын сақтап қалды. Надежда Бәкібайқызы мейірімді жүрегі мен бірбеткей, қайсар мінезінің өзін әлдеқашан таңдап алған тура жолынан тайдырмайтынына бек сенді.
Бүгінде мектеп директоры Надежда Асылбекова біліктілігі мен тәжірибесін өзгелерге үлгі еткен ұлағатты жан. Осынау ширек ғасырдан астам мерзімде білім беру саласында абыроймен атқарған еселі еңбегі де жоқ емес. «Павлодар облысына 75 жыл» мерейтойлық төсбелгісі, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар – соның шынайы куәсі.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»

жобасы бойынша
Айгул МОЛДАШ
«Білім айнасы» газеті

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.