Home » Білім және тарих » Тәуелсіздік және «Назарбаев моделі»

Тәуелсіздік және «Назарбаев моделі»

Сан ұрпақ аңсаған Тәуелсіздік – адамзат баласының болмысында ерекше орын алатын қасиетті, қадірлі қазына. Адамзаттың бір бөлшегі қазақ халқының болмысында айрықша орын алатын ұғым бар. Бұл – тәуелсіздік ұғымы. Тәуелсіздік жылдарында біз жоғалтқанымызды түгендеп, мемлекеттігімізді қалыптастырдық, әлемдік қауымдастық мойындаған елдердің біріне айналдық. Қазақ халқы қай заманда, қандай жағдайда болмасын өз болмысының азаттығын өз өмірінен артық қойған халық. Сондықтан, қазақ елінің дүниетанымдық түсінігі әр кезде азаттық, тәуелсіздік ұғымдарымен астарласа жатады. Қазақ халқы өз ұлтын, өз жерін, туған тарихын, ділі мен дінін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қасиетті санаған. Адамзат тарихына көз жүгітрсек, жер бетіндегі тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Шыққан тегі мен өскен тарихының, мінез-құлқының, рухани болмысының, табиғи ортасы мен шаруашылығының, дүниетанымының тығыз байланыстылығын бірегейлі етіп ұйытқан халық ғұмыр бойы азат және тәуелсіз ел болуды аңсаған. Адамзат баласы жұмыр жер бетінен, тарихынан өзіне лайықты орнын алуды армандап өтеді. Арманнан айырылған, сенім мен мұратын жоғалтқан адам да, халық та, мемлекет те дара тұлғалық қасиетінен айырылып, азып-тозып ақырында жоғалып бітеді. Бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан ұлттық идеяны ту етіп дербес мемлекетін орнатып, аз уақыттың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді деп таң қалатындар болса, сол ұлы күш – ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген ұлттық намыс пен азаттық рухы дер едік.

Бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келген еді. Біз осы тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан, халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз саяси процесс ретіндегі ұлт–азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, жарқын тұстарына орынды мақтана отырып, қайта жазып отырмыз. Осы орайда, халқымыздың қоғамдық-саяси ойы дамуының елеулі кезеңінің шежіресі іспетті тәуелсіз ел тарихын қайта бір парақтап шығу бүгінгі бізге де, болашақ ұрпаққа да пайдалы болмақ. Сондықтан да, сонау ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым ұстанған ұлттық идея бүгінгі күні тәуелсіз елімізде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы, тәуелсіздіктің нұрлы жолы ретінде іске асуда.
Тәуелсіздік Қазақстан халқына ең басты игілік – еркін өмір сүру азаттығын берді. Өркенетті дамыған ел болу үшін, бәсекеге қабілетті елдермен иық тірестіріп өмір сүру қағидатын ұлтқа етене жақын, қаны мен жанына сіңіскен қазақстандық өмір салтын, дәстүрін ұлттық тәрбиені қалыптастыру қажет. Шын мәнінде, еліміздегі ұлттарды ұйыстырушы ретінде, қазақ халқы үшін өмірдің әлеуметтік-философиялық мазмұн-мәні дәл осы ұғымға келіп тіреледі. Адамдардың нақты қоғамдық қатынастарда қалыптасатын ойлау жүйесі, өмір салтының рухани желісі, әдет-ғұрыптары мен діни көзқарастары, әсіресе, олардың санасында берік орын алған ақпараттық өрістері елдігіміздің қалыптасуы мен дамуына, әрі өзгеруіне айрықша зор ықпал етеді. Ізгілік пен рақымшылдық – барша адамның бойында бар қасиет.
Қазіргі кезеңдегі мақсатымыз – ұлттық болмысымыз бен ұлттық сипатымызды сақтай отырып, әлемдік дамуда жаңа жетістіктерге қол жеткізу, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену. Оған жетелейтін Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясына сүйенген тәуелсіздігіміздің нұрлы жолы. Бұл жәйдан-жәй айтылып отырған дүние емес. Қазақстан халқы көпұлтты ел болғандықтан, ұлттар арасындағы татулықты сақтау тәуелсіздігіміздің басты мәселесінің бірі болып еді. Елбасымыздың бастамасымен құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы өз миссиясын орындап, әлемде «Назарбаев моделі» деп аталып кеткен, ұлтаралық қатынастардың жаңа үлгісін көрсетті. Өзінің алдында тұрған мақсат пен міндеттерге сәйкес Ассамблея өз қызметінде республикадағы саяси ахуалдың бағалануы мен тұжырымдалуын, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықтың сақталуын, олардың рухани-мәдени өркендеуіне саяси, мәдениетті қалыптастыруда өз қызметінің нысанасы етіп алды. Күрделі ішкі және сыртқы жағдайда дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетті басқарудың нәтижелі жүйесін шетелдік саясаткерлер «Назарбаев моделінің» айқын көрінісі деп баға берді. Мемлекетімізді құрудағы, тәуелсіз Қазақсатанның дамуындағы, қоғамның демократиялануымен ел экономикасының нығаюы мен дамуы, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, елдің сыртқы және ішкі саяси стратегиясын айқындауға қосқан Елбасымыздың үлесі ерекше. Қазақстанды «Назарбаев моделі» үлгісімен басқару технологиясы арқылы еліміздің көпшілікке белгілі тарихы жаңаша түрде сараланып отыр. Тәуелсіздікті туған жердің рухына айналдыру, әр азаматтың сана-сезіміне, болмысына орнықтыру – бүгінгі дәуір ұрпақтарының төл міндеті. Бұл – қиыншылықтары мен қайшылықтары мол көп нәрсені жан-жақты қарастыруды, терең талдауды қажет ететін мәселе. Тәуелсіздік – еркіндік пен теңдікті ажарлай түсетін принцип. Оған ұмтылған адамзат мазмұн ортақтығымен, ұлттық егемендіктің дара, ешкімге ұқсамайтын көріністермен бетпе-бет келеді. Бүгініміз де, болашағымыз да осы сапалық сипаттамамен өлшенеді. Тәуелсіздік жылдарында жеткізген табыстарымызды, барымызды бағалап, саралап көрсету әрбір қазақстандықтың төл міндеті болуға тиісті деп есептейміз. Біздің болашағымыз жас ұрпақ өз елін, тілін, ділін, дінін құрметтеп, тәуелсіздік тағылымын жан дүниесімен түсініп, рухани және әлеуметтік әлемін байытып жатса, тәуелсіздігіміз тұғырлана түседі. Тәуелсіздік заманымызда көптеген қаһармандарымыз тарихқа оралды, өлгендеріміз тірілді, елеусіз қалғандарымыз төрге шықты. Өзіміздің үлесімізге тиген рухани мұрамызды ақыл-парасат елегінен өткізіп есептеп қарайтын болсақ, біз ұлтымыздың күш жігерін біріктіріп, бір арнаға қарай бағыттай алып, өркениеттің биік шыңдарына көтерілетініне сенімдіміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан мемлекеті қазіргі таңда әлемдегі даму жолына түскен елдердің қатарында. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстандық даму жолының моделінің негізін қалады. Шетелдік саясаткерлер мен ғалымдар «Назарбаев моделі» деп атаған стратегиялық даму бағдарламасы Қазақстандықтардың Елбасыға деген сенімділігінің арқасында атқарылған игі істер. Жаңа серпінмен жасалынып жатқан реформалар, инновациялық жобалар. Бұл даму моделі көптеген елдерге үлгі бола алады.
Бүгінде әлем Қазақ елін «ұстанымы берік, ғалам¬дық деңгейдегі жауапты істерге белсенді араласатын әрі салиқалы бастамалардың басында тұратын тұрақты мемлекет» деп таниды. Бұ¬ған халықаралық сарапшылар мен аузы дуалы саясаткерлердің берген бағасы дәлел. Әрине, бұл бағаны еліміздің әр адымын аңдып отырған олар жайдан-жай бере салған жоқ. Сондай-ақ, әлемдік қауымдастық «Назарбаев моделінде» көрініс тапқан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаттағы жетістігін Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырады.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев, тәжірибелі көшбасшы ретінде, экономикалық және саяси жетілдірудің, сыртқы және ішкі саясатты салиқалы тұрғыда жүргізуінің арқасында еліміздің ұзақ мерзімді мүдделері арасында аса қажетті тепе-теңдікті сақтай білді. Бұл оған маңызды стратегиялық мақсаттардан ауытқымастан елімізді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтан алып шығуға мүмкіндік берді. Басты мәселе ретінде Елбасымыз берік экономикалық негіз салу міндетін алға қойды. Онсыз кез келген демократиялық түрлендірулер үстірт және тіршілікке қабілетсіз болып қалу қаупі бар еді. Алдымен экономика, сосын саясат – президенттік лейтмотиві осындай болды, әрі бұл бағыт өзін толық ақтады. Елбасымыздың күшті әрі сенімді қолы жетелеген Қазақстан – экономиканы реформалауда, жаңа заманғы салықтық жүйені, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін құрудың көптеген өзекті мәселелеріне алғашқы із салушының өзі болды.
Еліміздің бір қалыпты дамуына қаржы – банкілік жүйенің қалыптасуы соның нәтижесінде еліміз қаржылық дағдарыстардан мойымай шығып келеді. Ядролық сынақ алаңының жабылуы Елбасымыздың мәртебесін әлемдік деңгейде көтерді. Көп ұлтты Қазақстаннның саяси тұрақтылық пен рухани келісім алаңына айналуы қоғамды толағай табыстарға жетеледі. Еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың сәттілікпен жүргізілуі «Назарбаев моделінің» өміршеңдігін дәлелдеп, жаңа серпіліс әкелді. Дамудың нұрлы жолын таңдаған еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы абыройы да жылдан жылға артып келеді. «Назарбаев моделі» — болашаққа ұмтылатын, өмірдің жоғарғы стандарттарына сүйенген, бәсекеге қабілетті елдің дара жолы. «Назарбаев моделі» — нақты, дәйекті іс-қимылдарының арқасында елімізді әлемдегі алпауыт елдердің қатарына қосылуға ұмтылудың сарабдал стратегиясы. «Назарбаев моделі» өмір көрсетіп отырғандай өзінің мәңгілік екендігін Қазақстан қоғамының ХХІ ғасырда гүлдеп, өркендеуінің стратегиялық негізі болғандығын дәлелдеді. Қазіргі заман – жаңа технологиялардың көші ілгері тұрған дәуірі болғандықтан, «Назарбаев моделі» инновациялық дамудың тасын өрге дөңгелетті. Біз Қазақстан тәуелсіздігінің нығайған үстіне нығайа беретініне кәміл сенеміз.

Баймырза Қожамберлиев
«Өрлеу» БҰАО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, профессор

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.