Home » Білім және тұлға » Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!

Атақты педагог- ғалым В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық- бұл адамтану, адамның күрделі де, қызықты, шым -шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп ұстаздық өнерге ерекше баға берген.Осынау бағаны ұлы педагог еліне еңбегімен сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал жандарға арнап берген болар.

Ал халқымыз: “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!” – деп тегін айтпаған ғой. Орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады. Міне, осындай жақсы тұлғалардың бірі, Алматы қаласы №74 балабақшасындағы – ұлағатты ұстаз, қазақ тілі маманы Құмарова Күлиа Далелқызы.

Күлиа Далелқызы – бүлдіршіндерге саналы тәрбие беруде өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен, ұстаздық жолын көрсете отырып өзге ұлттың балаларына  қазақ тілін үйретуде еңбек етіп келеді. Өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы, терең білімді, жаны жомарт жан. Ұжымда жанының тазалығы мен көңілінің адалдығы, қарапайым мінезі және еңбектегі білгірлігі үшін үлгі тұтып сыйлайтын, әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Кез келген уақытта жолығып әрдайым көңілге қонымды, толыққанды кеңесін алып отырамыз. Ұжымда бақшамыздың «энциклопедиясы» деп жас мамандар әрдәйім кеңесіне жүгінеді. Ақылшы ретінде кейінгі жастарға жиған тәжірибесін үйретуден жалықпайды. Шынында да, ол кісінің адал еңбегі– адамгершілік жырына тұнып тұрған ғажайып бір әлем.

Күлиа Далелқызының бойындағы тағы бір ерекшелігі – өз мамандығын жете меңгерген, жинаған тәжірибесі мол тәлімгер. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру және оқыту бағдарламасына қосқан еңбегі де зор. Мектепке дейінгі ұйымда қазақ тілі пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек ретінде ұсынылған Білім министрігімен бекітілген  «Қазақ тілі» 4+ , «Қазақ тілі» 5+ әдістемелік нұсқаудың авторы. Ортаңғы, ересектер топтарына арналған жұмыс дәптері бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай дидактикалық ойындармен қызықты тапсырмаларға толы. Біз де, жасы кіші әріптестері сол ғажайып сырлы әлем тұнығынан барымызша еркін, мейіріміз қана сусындап, мол рухани азық алғанымызды мақтаныш етеміз.

 

Туғанбаева Оразкүл Тұрлыбекқызы
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
МКҚК «№74 балабақшасының» тәрбиеші.

One comment

  1. Бәрекелді! Ұлы халқымның болашағына ақылды, еңбекқор, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар ұрпақ сыйлайтын жандардың бірі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.