Home » Жаңалықтар » Бала тәрбиесін біріге атқарған жөн

Бала тәрбиесін біріге атқарған жөн

08-img_4141Жұлдыз БЕЙСЕНОВА,
Астана 0аласы №24 «Айналайын»
балабақшасының тәрбиешісі

Елдің ертеңі — бүгінгі балалардың қолында. Әр отбасының дүниеге сәби әкеліп, оны бағып-қағып, тәлім-тәрбие беріп, оқытып-тоқытуы — сол келешектің қамы. Қоғам үшін әр кезеңде, әр отбасында өсіп келе жатқан өрімдей ұл-қыздардың дені сау, рухани бай, еңбекке, білімге құштар болып өсуі маңызды.

Балаға озық, үлгілі тәрбиені балабақша да, мектеп те, орта және жоғары оқу орындары да, араласатын ортасы да емес, ең алдымен өз ата-анасы беруі шарт. Себебі, отбасынан алатын өнегенің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды.

Біріншіден, ата-ана әр жасөспірімнің жасын, жеке ерекшелігін, психологиялық дамуы мен рухани жетілуін ескеріп, үнемі соған сай шыңдап, жағдайын қамтамасыз етіп отырса игі. Мысалы, сәби шағында бала суретке бейім болса, түрлі-түсті бояулар алып беріп, музыкаға үйір болса, түрлі үйірмелерге апарып, сөз өнеріне қабілетті болса, тақпақ, жаңылтпаштарды жиі жаттатып, өз еркімен шығарма (қысқа әңгіме, тақпақ, т.б.) жаздыртып, кішкене жетістігі үшін қолпаштап, көтермелеп қоюды естен шығармаған жөн. Сөйткен сәттердің нәтижесінде ғана әрбір жас жеткіншек өзінің көздеген мақсатына жетуге талпынып, талаптануға дағдыланады.

Екіншіден, бала дене-бітімінің дұрыс жетіліп өсуіне, денсаулығына аса қамқорлықпен мән беру керек. Ол үшін ең алдымен күнделікті тазалығы мен тұтынар тағамын қатаң қадағалап отырған тиімді. Мұндайда жинақылық пен еңбексүйгіштікке баулу, жеңіл-желпі үй шаруасына деген құлшынысын арттыру, өз-өзіне қызмет ету әрекеттері де басты рөл ойнайды. Әртүрлі ортамен қарым-қатынас жасаудан бұрын өз отбасының мүшелерімен тәуір тіл табысып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді әдетке айналдырып алғаны дұрыс.

Үшіншіден, «оқы, оқы және оқы» ұстанымынан ауытқымаған дұрыс. Ата-аналарға бұл жауапкершілікті де балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері және оқу орындарының оқытушыларына ғана міндеттеп қою жеткіліксіз. Бұл ретте де басым рөлді өздері иемденетінін мойындау керек.08-img_6459

Ал, баланың бастапқы жетілу сатысында тәрбиешілер қауымы ата-аналармен қарым-қатынас үшін түрлі тәсілдерді, заманауи технологияларды пайдалана отырып жұмыс жасауға міндетті. Отбасында кездесетін кейбір сәтсіздіктер ата-аналардың педагогикалық сауатсыздығынан және оларда тәрбие жұмысын жүргізуге қажетті тәржірибенің жоқтығынан орын алады. Сондықтан балаларды тәрбиелеудің дұрыс жолын табу үшін ата-аналарға көмектесу де тәрбиешілердің міндетіне жатады және жыл бойғы жүргізілетін жұмыс түрлерін олармен бірлесе жасаған жөн. Әрқайсысының ұсыныс-пікірлерімен санаса отырып, ата-аналарға арналған әңгімелер мен лекциялар, консультациялар, т.б. амал-шарттарды жиі қарастырып отыру шарт.

Бабаларымыз «Баланы — жастан», «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей даналық сөздерді бекер айтпаған. Сондай тағылымды тәмсілдердің мағынасына мән беріп, әрқайсысын бала тәрбиесінде басшылыққа ала жүру — әрбір ата-ана мен тәрбиешілер үшін таптырмас тәрбие құралы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.