Музыка – елмен елді, жермен жерді жақындастыратын ұлы күш. Оның ғаламаттылығы соншалықты – адам санасына терең бойлап, ой елегінен өтіп, жүрегінен де орын таба алады. Әуенмен әрленген, әуенмен сәнделген адамның өмірі рухани бай, мәнді болатыны сөзсіз. Табиғат ананыңөзі де әсем әуеннің шексіз фабрикасы сынды.Көктемнің көңілді күндері келе салысымен жаңбырдың сыбдыры, жүйткіген желдің гуілі құлақ құрышын қандыратын қазақ аспаптарының ансамблі үйлесімді үн қатқандай болып тұрады. Осынау тылсым күштің сөзсіз иесі атанған музыка мен оның ғажайып әлемі бүгіндері оның мәнін білетіндерді теңіздей тербетіп жүр.
Салтын сақтап, әркез дәстүрін дәріптеген ата-бабамыз бала тәрбиесі бесіктен басталатынын баса айтып, оған аса мән берген. Оған дәлел – бесік жырының нәзік әуені мен сөзінің тереңдігі. Бала өсе келе үкілі домбыраның, қоңыр дауысты қобыздың күңірене шыққан үніне тәнті болады. Ал, қазір бала тыңдайтын әуеннің өзі де, көзі де басқа…
Бүгінгі таңдамузыка әлемімен баланы терең таныстыратын ол әрине музыка пәні деп білеміз. Бірінші сыныпта әр оқушыныңноталық сауатын ашып, екінші сыныпта олар арқылы оқып, үшінші және төртінші сыныпта нота көмегімен шағын музыкалық шығарма жазатын музыка пәні емес пе? Әрине, осының бәрін іске асыру үшін білім керек. Алайда бүгінбілім мен біліктің құдығын белден қазатын заман емес, дағдыны дамытатын, тұла бойға дарытатын заман. Себебі музыканы тыңдап, талдай алмаған, әнді айта алмаған, аспапта ойнай алмаған оқушы болшақта оны шығара алмайды.
Музыка пәнінде «тыңдау», «айту», «орындау», «шығару» сынды дағдылардан басқа ертеден келе жатқан, алайда бүгіндері жаңаша жұмыс істейтін «XXI ғасырдаң музыкалық дағдылары» да бар. Олар «импровизация» және «интерпретация».Оларды жаңаша дейтін себебім – екі дағдының да негізгі түп мағынасы «өзгерту, түрлендіру». Ал, бүгін оның бәрі компьютер мен оның түрлі бағдарламалары арқылы жасалады.
Жаһанданған заманның жаңа форматына сай әр оқушы компьютер мен түрлі гаджеттерді білуі тиіс. Біліп қана қоймай, олардың «құлағында ойнауы» қажет. Бүгін біз білетін музыка мен әндердің бәрі компьютерлік бағдарламалар арқылы жасалып, өңделген, яғни, интерпретацияланған. Сол себепті «жаңа» интерпретацияны да меңгеру оқушы үшін маңызды болып тұр.
Осынау заманауи сұраныстарға сай білім, білік және дағдыларды бере алатын оқу бағдарламаларының бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сыныбында қолданыста. Онда оқушылар «Audacity», «Soundation» атты компьютерлік бағдарламалар арқылы түрлі жанрдағы музыкаларды өңдеп, өзгертеді. Олардан «мix» және «remix» жасау арқылы жаңа композиция құрады. Сонымен қатар, түрлі анимациялық мультфильмдерді «Audacity» бағдарламасы арқылы дауыстап, «Windows movie maker» немесе «Киностудия» бағдарламалары арқылы фондық музыкалар мен дыбыстық эффектерін қойып, монтаждайды. Осының бәрі оқушының заман көшіне ілесуі үшін ауадай қажет.
«Асыл – тастан, ақыл – жастан» демекші, дұрыс білім, пайдалы дағылармен қанаттанған жас өрен ертең еліміздің мәдениетін әлемге асқақтатары сөзсіз.
Руслан Касенов,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің музыка пәнінің мұғалімі