Home » Мақалалар » Талабың талғамыңа сай болса  

Талабың талғамыңа сай болса  

 

Жалпы, мен – өзімді ғылымға дайындап жатқан адамдардың бірі едім. Ғылым жолында жасаған алғашқы қадамдарым да болды. Ал, қазір ойламаған жерден, мәдениет әлеміне өз үлесімді қосып жүрмін. Бұл мен үшін мақтаныш екенін сеніммен айта аламын! Өзім үшін жаңа бір әлем ашқандаймын. Егер, болмысыңда сәл-пәл болса да, шығармашылық ұшқын болса, онда ол өмір бойы жалғасады екен. Мен ұстаздық жолымды орта мектептің мұғалімі ретінде бастадым. Бір қызығы, мамандығым бойынша химия және биология пәндерінен сабақ беріп жүрсем де, маған мектепте «жассын ғой» деп би үйірмесін ашуды ұсынды. Күтпеген жерден би тобының жетекшісі атандым. Күнде «қара терге» түсіп билеп, қыздарымды түрлі іс-шараларға дайындадым. Мектебіміздің ұйымдастырған шараларын өз шығармашыл жұмысымызбен, яғни би өнерімен сәндеуге кірістік. Демалыс күндері анам екеуміз би тобына киім тігіп, биге деген қосымша атрибуттар ойлап, әртүрлі әшекейлер әзірледік. Сол кезде өзімді сән әлемінің дизайнері ретінде сезіндім. Мектеп ауылдық жерде болды. Қала мен ауыл арасында үнемі жол жүру қиындық тудырды, сондықтан, таңдау жасауға тура келді. Мамандығым бойынша заң колледжіне жұмысқа орналастым. Мұнда да типографиялық бөлім ашылып, «Заңгер» газетінің көшбасшы болу туралы ұсыныс алдым. Белсенді студенттер командасын жинап, үш жыл бойы апта сайын «Заңгер» газетін шығарып, сол командамен шығармашылық жұмыстар атқардық. Қаладағы жаңалықтарды жинап, жастардың өмірінен қызықты оқиғалар теріп, сұхбат ұйымдастырып, суретке түсіріп, өміріміз жарқын оқиғаларға және қызықты адамдармен ұмытылмас кездесулерге толды. Оқу орны көп ұзамай жабылды, бірақ жас оқытушының өмірінде керемет әсер қалдырды. Өзім үшін ғылымға, ғылыми жаңалықтарды жасауға, мамандығыммен ғана айналысуға шешім қабылдадым. Химия пәні бойынша оқитын студенттер үшін мамандық бойынша мұғалім ретінде жұмыс істей бастадым, бірақ ойда жоқта күтпеген түрлі өзгерістер  болады екен. Бұрын маған сабақ берген мұғалім – әріптесім, отаға дайындалып жатқан болатын. Оны музыкалық колледжде уақытша ауыстыруды сұрады. Ол денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаған соң, мұғалімнің өтінішінен бас тарта алмадым. Осы уақыттан бастап, музыкалық колледжде менің жаңа шығармашылық жолым басталды. Музыкалық колледжде тәрбие жұмысы жөніндегі басшының орынбасары лауазымында жұмыс істеймін. Тәрбие жұмысымен қатар, концерттік менеджер ретінде функционалдық міндеттерді орындаймын. Әртүрлі деңгейдегі концерттердің сценарийлерін жазып, іс-шараларды ұйымдастырамын. Жұмыс қызықты әрі жан-жақты болғандықтан, әмбебаптылықты талап етеді. Арада он жыл өтпей-ақ, химия пәнінің мұғалімі мектептің би тобының жетекшісінен концерт менеджеріне дейін өсіп шыға келді. Маған жиі қойылатын сұрақ: ғылымға деген көзқарас, яғни осымен, негізгі мамандығыңызға нүкте қойылды,- деп ойлауға бола ма деп жатады. Әрине, жоқ! Мен үшін мамандығым өте маңызды. Оны мен қашанда дәлелдеймін. Түрлі сайыстарға қатысып, талай жүлдегер атандым, облыста өткізілген химия және биология мамандығы бойынша бірінші ғылыми конференцияның жеңімпазымын. Белсендік — мен үшін лайықты дүние, онсыз өмір сәнсіз секілді. Әрдайым әмбебап, заманауи болуға тырысамын. Бұл — мен үшін басты критерий. Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені, әр адам – заманының баласы, деп түсінемін. Адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды. Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміздің өзі ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі заманда ең басты мәселе – бала тәрбиесі. Менің ойымша, әрбір жас толқын қай жағынан болсын, тамаша, жан-жақты келісті азамат болып қалыптасуы қажет. Ол еңбекқор, адал, білімді, көп оқыған ақылды болып қана қоймай, тәрбиелі де көркем, ибалы болуы керек деп ойлаймын. Ұстаз болу – үлкен мәртебе, сонымен қатар, шәкірттерімнің тәрбиесімен айналасу да. Тәжірибе барысында, менде: жемісті тәрбиенің сыры – шәкіртке құрметпен қарауда деген жаңа пікір қалыптасты.  Абай Құнанбаевтың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан  болады» деп айтқаны бар. Мен де жақсы ұстаз болуға жан тәніммен бар күш-жігерімді салып жүрмін.

 

Карашина Айнур Алпысбаевна,
Павлодар қаласы
«Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған
музыкалық мектеп-интернат» кешені» ММ басшысының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.