Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұтымды жолға қойылған. Мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау салтанаты өткізілісімен кешенді шаруаны қолға алған мектеп 28 мамыр күні жазғы мектепте білімдерін жетілдіргісі келген оқушылар үшін өз жұмысын бастап кетті. Биылғы жазғы мектепке қатысуға 7-11 сыныптар аралығындағы 428 оқушы ниет білдірген екен. Ауқымды шараның ашылу салтанатында еріктілерден құралған топ жазғы мектептің іс –әрекет бағытымен, жоспарларымен таныстырды. Жалпы, жазғы мектепте оқушылар өздерін қызықтырған түрлі курстарға қатысып, білімдерін тереңдетіп қана қоймай, салауатты өмір салтын жақсартуға да мүмкіндік алады. Олар үшін биыл түрлі курстар жұмыс жасамақ. Атап айтқанда, «Робототехника», «SAТ математика», «SAT физика», «SAT биология», «Пищевая химия», «MUN», «IELTS», «Reading for fan», «Active English», қазақ тілді дебат, «Разработка Web сайтов», «Мир фантастики», «Волшебная психология», «Дизайн мышление» сынды академиялық курстардан бөлек, «Beauty-сlub», «Араб тілі», «Green tehnologies», «Шебер», «Современные танцы», «Военно-патриотический клуб», «Тренажерный зал», баскетбол, волейбол, футбол, «Разработка Android приложений», «Азы кулинарии», «Автодело», GIN аталған шығармашылық курстар өз келушілеріне үйретері көп. Бір атап өтерлігі – осы курстардың барлығы мектеп оқушылары арасында ең үлкен сұранысқа ие болғандары. Бұдан бөлек түрлі пән олимпиадаларына қатысып бағын сынаушылар мен ғылыми жұмыстармен айналысқанды жанындай жақсы көретіндер үшін олимпиадалық және зерттеушілер мектебі де өз жұмыстарын бастап кетті. Демек, мектеп әкімшілігі мен ұстаздары оқушы сұранысын қанағаттандыруды бірінші орынға қойып отыр.
Биылғы кезекті мәрте өз келушілеріне есігін айқара ашқан жазғы мектептің ашылу салтанаты көптің есінде қалары сөзсіз. Өйткені, дәл осы күні заманауи қиял-ғажайып кино кейіпкерлерінің мектеп өміріне қатысты сахналық қойылымы шәкірттерімізді таң-тамаша етті.
Жазғы мектептің алғашқы күніндегі тағы бір ерекшелік – халықаралық ұстаздармен бірлесе отырып қатысқан «The best flag» атты ортақ сайыс болды. Бұл сайыс шарты бойынша әрбір топ өз ұрандары мен ақ матаға салған топ байрағын қорғауға тиіс еді. 17 топқа бөлінген жазғы мектептің алғашқы сайысында 1 –орынды «MUN 1», 2- орынды қазақ тілді дебат, 3 –орынды «MUN 2», 4- орынды «SAТ математика» командасы жеңіп алды.
«Super summer with superheroes» атты жазғы мектептің әр күні түрлі қызыққа толы жоспарланған. Оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуде өзіндік орны бар бұл шараның берері мол екендігіне ұйымдастырушылар да, оқушылардың өздері де сенімді.
Ақлима Сексенбаева,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
педагог-ұйымдастырушы-кураторы