Семейде Назарбаев Зияткерлік мектебінің қолдауымен рубик текшесін жылдам құрастырудан «Cubing Semey Open 2019» атты халықаралық чемпионат өтуде. 3 күнге созылатын жарыс «SemeySummerFest» халықаралық фестивалінің аясында ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 25 қаласынан бөлек, Ресей, Украина, Беларусь елдерінен келген 300 –ден астам ойы мен қолы жүйрік интеллектуалды азаматтар қатысуда.
— Жарыс WCA (World Cube Association) ұйымы бекіткен 18 тәртіптің 16 түрінен өтуде. Кез-келген адам еркін қатыса алады. Содан болар биылғы жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі өздерінің бақтарын алғаш рет сынап отыр. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Ең кіші үміткеріміз 6 жаста болса, ересегіміз – 51 — де. Осының өзінен-ақ Рубик текшесіне деген қызығушылықтың қарқын алып келе жатқанын көруімізге болады, — дейді «KAZAKSTAN SPEEDCUBING FEDERATION» ҚБ президенті Арман Машимов.
Жалпы «бас қатырғыштар бәсекесі» шаһарымызда дәл осындай ауқымды түрде 4 –ші мәрте өтуде. Соның екеуі халықаралық дәрежеге дейін жетті. Жастар арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау мен халықтың Рубик текшесіне деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жарысқа Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үнемі қолдау білдіріп келеді.
Қазір ресми емес ақпаратқа сүйенсек, елімізде рубик текшесімен әуестенушілердің саны 10 мыңнан асып жығылған. Алдағы жылдары бұл сан бірнеше есеге өсетініне күмән жоқ.
Жарысқа алғаш рет қатысушылардың бірі Гүлсара Ағаділова. Рубик текшесімен осыдан 9 жыл бұрын танысқан. Бүгінде қаламыздағы бір медициналық мекемесінде еңбек ететін 51 жасар спидкубер өз бағын сынап көруді жөн деп тапқан.
— Жарыстың дәл осылай жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенбеп едім. Керемет әсердемін. Рубик текшесін құрастырудың жасерекшелікке кедергісі жоқ. Керісінше пайдалы жақтары мол деп санаймын. Бүгін алғаш рет қатыса отырып, болашақта да жиі бағымды сынап тұрамын деген шешімге келдім, — дейді жерлесіміз.
Жарыстың алғашқы 2 күнінде қатысушылар үшін іріктеу кезеңдері өтіп, ақтық сын қаламыздың орталық алаңында ұйымдастырылмақ. Жалпы бұл жарыста 16 медаль мен «Cubing Semey Open 2019» кубогы сарапқа салынбақшы.
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы