Home » Жаңалықтар » Орал қаласының әкімі ауысты

Орал қаласының әкімі ауысты

            Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының жаңа әкімі Абат Шыныбековті қала активіне таныстырды. Өңір басшысы бұған дейін осы лауазымды абыройлы атқарған Мұрат Мұқаевтың бастамасымен бірқатар жұмыстар жасалғанын жеткізді.

Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы ҚР Президенті әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімімен Орал қаласының әкімі қызметіне тағайындалған А.Шыныбековтің өмірбаянымен таныстырды.

1973 жылы дүниеге келген Абат Абайұлы – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын «Экономика және менеджмент», Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша бітірген жоғары білімді маман. Техника ғылымдарының магистрі. Ол әр жылдары Қаратөбе ауданының әкімі аппаратында маман, бас маман, бөлім меңгерушісі; БҚО әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор; Қазталов ауданы әкімінің орынбасары; Орал қаласы әкімдігінде бөлім басшысы, әкім кеңесшісі; «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары; Орал қаласының мәслихат хатшысы; Сырым ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2017 жылдың маусым айынан бастап Қазталов ауданының әкімі болды.

Өңір басшысы 2017 жылдың шілде айында Орал шаһарының әкімі қызметіне кіріскен Мұрат Рахметұлына алғыс білдіре отырып, бұрынғы әкімнің басқаруымен атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті. Мұрат Рахметұлы қаланың тізгінін қолына алған екі жыл ішінде алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, коммуналдық-инженерлік желілер қалпына келтірілген. Оралда кешенді балалар және спорт алаңдары салынған. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай монумент орнатылған. Сонымен бірге жаңадан бой көтеретін «Ақжайық» шағын ауданына инженерлік желілер тарту жұмыстары басталып, қала маңындағы Меловые горки ауылы көгілдір отынмен қамтылған. Бұлардан бөлек соңғы үш жылда облыс орталығында 145 шақырым жол жөнделіп, теміржол арқылы өтетін екі аспалы көпір күрделі жөндеуден өткен. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында қайтадан салынып жатқан 15 апатты үйдің төртеуінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілген.

– Осы жұмыстар қала халқының ауызбіршілігінің арқасында атқарылды. Мұрат Рахметұлы ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, ақсақалдармен тығыз байланыс орната білді. Еліміздің, соның ішінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін кәсіпкерлермен серіктесе жұмыс атқарып, жастармен жұмысты да жүйелі жүргізді. Шаһарда көптеген іс-шаралар күнделікті жүзеге асырылды. Облыс халқының басым бөлігі қоныстанған қаланы басқару оңай емес, – деген облыс әкімі жауапты қызметке ауысқалы жатқан Мұрат Рахметұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Мұрат Мұқаев өз кезегінде қала басшысы лауазымын атқарған екі жыл ішінде Елбасының тапсырмаларын, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін бірлесе абыройлы атқаруға өз үлестерін қосқан қалалық мәслихат депутаттарына, қоғамдық ұйымдар мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелеріне, ардагерлерге ризашылығын жеткізді.

Жаңа лауазымға ие болған Абат Абайұлы: – Мемлекеттік қызметші, әрі осы өңірдің перзенті ретінде еліміздің өркендеуіне, облыс орталығының одан әрі гүлденуіне осы кезге дейін жинақтаған тәжірибемді, алған білімімді, барлық күш-жігерімді аянбай жұмсайтын боламын. Әр өңірдегі аудандар мен елді мекендер сол облыстың орталығына қарап бой түзейтіні белгілі. Бірінші кезекте халыққа қызмет етуге тиіспіз. Елбасының алдымызға қойған стратегиялық міндеттерін, Президентіміздің тапсырмаларын өздеріңізбен бірлесе жүзеге асырып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқарамыз деп сенемін, – деді.

Қала активінің жиынында сөз алған облыс әкімінің Орал қаласындағы қоғамдық өкілі Венимин Мұқатаев, ардагер-ұстаз Шалқыма Құрманалина, ардагер Алексей Толкачев жасыл қаламыздың өркендеуінде өз қолтаңбасын қалдырған Мұрат Рахметұлына алғыстарын білдіріп, Абат Абайұлы іскер басшы ретінде бұл жұмыстарды одан әрі өрістетеріне сенім білдірді.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.