Home » Жаңалықтар » ФУТЗАЛДАН ЖЕЛІЛІК СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ФУТЗАЛДАН ЖЕЛІЛІК СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Қызылордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-8-сынып оқушылары арасында футзалдан II Желілік спартакиаданың аймақтық кезеңі аяқталып, жеңімпаз командалары анықталды.

 Зияткер ұлдар мен қыздар арасындағы дәстүрлі спартакиада биыл екінші рет жалауын желбіретті. Сыр өңірінде бастау алған аймақтық кезеңде Ақтобе, Орал, Ақтау, Атырау, Шымкент және Қызылордадан барлығы 14 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Спартакиаданың ашылу салтанатында спортшылар шеру жасап, мемлекеттік гимнді орындады. Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Баxыт Жұматай спорттық шараның  маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға ойындарда сәттілік тіледі.

Алғашқы минуттарда тартысты басталған ойындар айналмалы кезең бойынша үш күнге созылды. Күндізгі уақытта қыздар футбол алаңында шеберліктерін көрсетсе, түстен кейін ұлдар доп тебудегі мықтылығын дәлелдеді. Барлық командалардың ойыншылары үстін-үсті шабуылдар жасап, қарсыластардың қақпасына гол соғып, ерекшеленуде тырысып бақты.

Жастарды спортқа баулу, зияткерлердің достық қарым-қатынасын арттыру мақсатында өткізілген сайыста  жеңімпаздар анықталды. Ұлдар арасында I орынды Шымкент қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің оқушылары иеленді. Ал, жүлделі II және III орындарды  Ақтау мен Шымкенттегі химия-биологиялық бағыттағы мектептердің спортшылары бөліп алды.

Қыздар арасында өткен тартысты додада ақтаулық арулар спартакиада жеңімпазы атанды. Шым қаладағы  химия-биологиялық бағыттағы мектептен келген зияткерлер екінші орынды, ал жергілікті команда қола медальдерін қанағат тұтты.

Ойын барысында белсенділік танытып, ерекше шеберліктерімен көзге түскен бірқатар ойыншылар  арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, ақтаулық Рауан Асылхан мен Әсем Базарбай – «Үздік қақпашы», шымкенттік Нұрәділ Мусаев пен ақтөбелік Дильназ Омарова – «Үздік шабуылшы», қызылордалық  Нұрасыл Мұздыбай мен Ғазиза Аушенова – «Үздік қорғаушы», оңтүстік өңірінен келген Азамат Исақ пен маңғыстаулық  Жансүйген Нуратакова  «Үздік ойыншы» атанды.

Футзал спорт түрінен II Желілік спартакиаданың аймақтық кезеңінде  бірінші және екінші орынға ие болған командалар ақтық сайысқа жолдама алды. Соның нәтижесінде, Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының құрама командасы жасақталатын болады.

Айта кетейік, спартакиада қатысушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Қайсар» футбол клубының мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде атақты футболшылар клуб тарихы мен жетістіктері туралы әңгіме өрбітіп, оқушылардың сауалдарына жауап берді. Кездесу соңында кәсіби футболшылар доп тебуден шебер сынып ұйымдастырып,  үздік сұрақ иелеріне өздерінің арнайы сыйлықтары табыстады.

 

Қызылорда қаласы
Назарбаев Зияткерлік мектебі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.