Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Туған елге тағзым» жобасы аясында оңтүстікте тұратын оқушылар солтүстікке, шығыста тұратын оқушылар батыс өңіріне және керісінше бағытта саяхаттап, кең байтақ жерімізді, ерекше мәдениетімізді, біртуар тұлғаларды танып-білуде.
Туған өлкені танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге және оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедицясы аясында биыл Қызылорда өңіріне Алматы және Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары келді.
Сыр өңірінің өткені мен бүгіні жайында білімдерін толықтыру үшін оқушылар алдымен тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда қаласымен танысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, Сыр бойының қалыптасуы жайлы баяндайтын экспозициялар мен көрмелерді тамашалай алды.
Содан соң шаһардағы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді аралап, Қоқан хандығы негізін қалаған Ақмешіт, кейін Перовск бекінісі болған Қызылорда қаласы туралы құнды деректерді білді.
Күннің екінші жартысында экспедиция қатысушылары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында ашылған археология және этнография орталығында болды. Шірік-Рабат, Жанкент Сығанақ және Ақмешіт сияқты төрт астананың орталығы болған аймақ тарихы туралы ғалымдардың жүргізген археологиялық зерттеулерінен мәліметтер алды.
«Туған елге тағзым» – біздің ата-бабамыздан қалған асыл мұраны, қазақ халқының мәдениетін танып білуде үлесі зор бірегей жоба», – деді өз сөзінде Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Малика Гизат.
NIS үздік оқушыларынан құралған экспедициялық топ Қызылорда облысынан шыққан ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлердің, Кеңес одағының батырлары мен аймақтың дамуына үлес қосқан белгілі тұлғалардың өмірі мен еңбектеріне көз жүгіртті. Қала орталығында орналасқан «Тағзым» алаңында батырлар рухына тағзым еткен зияткерлер Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанған қызылордалық сарбаздардың ерліктері туралы ақпарат алды.
Облыстық әмбебап ғылыми кітапханада экспедициялық топ халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың және белгілі ақын Әбілда Тәжібаевтың шығармашылығына арналған көрме залдарын тамашалап, кітап қорымен танысты.
Сыр өңірінде кездескен 30 алматылық және қостанайлық оқушы XI ғасырда Қыпшақ хандығының, XIII ғасырда Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ қалашығына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазақ тарихында ерекше орын алатын киелі жерлерде болу мүмкіндігін алған жас зияткерлер Сығанақта орналасқан көне ғимараттарды көзбен көріп, тарихи қалашығының сырымен таныса алды. Сондай-ақ ақ күріштің атасы атанған Ыбрай Жақаевтың туған жерінде болып, оның егеншілік саласының дамуына қосқан ерекше үлесі мен еңбегі туралы ақпарат жинады.
Бір апта бойы Ақмешіт-Перовсктің сырын ашқан зияткер оқушылар қола дәуіріне де «саяхаттады». Шиелі ауданында орналасқан Қаратау тау сілемдеріндегі «Сауысқандық» шатқалында болып, ежелгі петроглифтерге зерттеу жұмыстарын жүргізді.Тау жоталарының жартастарындағы қола дәуірінен қалған суреттерде антропоморфтык бейнелер, арбалар, аңшылық сюжеттері мен солярлық таңбаларды кездестірген жас зерттеушілер ежелгі адамдардың таулы-далалы аймақтарда ашық аспан астында су көздеріне жақын жерде мекендегендігіне тағы да көз жеткізді.
«Бұл тауларда біз ежелгі адамдардың өз тіршілігі мен салт-дәстүрін тастарға сурет салу арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізгендігін байқадық. Және де сол кезендегі тайпалардың дүниетанымы түгелдей табиғатқа тәуелді болғанын түсіндік. Осындай құнды дерек беретін жерде әрқайсымыздың тарихи біліміміз арттырып, руxани байи түстік деп ойлаймын», — деді экспедицияға қатысушы Дамир Есимбеков.
Зияткерлер қобыз үні төгілген Қорқыт Ата кешенінде болып, оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан, ойшыл, жырау, қобызшы туралы деректер жинақтады. Сәулет өнерінің айрықша үлгіде салынған Қорқыт Ата ескерткіші 10 метрге жуық биіктікті қамтиды және төрт тік стеладан тұрады. «Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін суреттейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады екен. Мен үшін осындай қасиетте жерде болып, Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениетімен етене танысу үлкен бақыт», — деді алматылық оқушы Нұрай.
Оқушылар экспедициясы әрі қарай Республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне кіретін «Абзат және К» компаниясында жалғасты. Өнімдерін Ресей, Әзірбайжан, Украина, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан мемлекеттерінің нарығына шығаратын компанияның қызметімен танысқан зияткер оқушылар күріш индустрияның дамуы жайында тақырыптық зерттеулеріне мәліметтер жинақтады. Содан соң Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, «Маржан»күріш сортының негізгі авторы Бәкірұлы Құрманбекпен кездесу ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығының қыр-сырымен, күріш өсіру, өндіру туралы ақпарат алды.
«Барлық ауылдар Нағи Ілясовтай болсын» — деп, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Осы үлгі тұтарлық елді мекенді Қызылордаға келген жас зерттеушілер де тамашалап, керемет әсерге бөленді. Жұпар иісті гүлдер, керемет гүлзарлар күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік нысандардың келбетін аша түседі. Жастар осы ауылдың бас бағбанымен тілдесіп, гүл өсірудің технологиясы, климатты тандамайтын өсімдіктердің сорттары жайында мағлұматтар алды.
Экспедицияның тағы бір мақсаты елдің дамуына үлес қосқан тұлғаларды танып-білуге бағытталған. Осы ретте, экспедиция қатысушылары Қызылорданың атын әлемге танытқан Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғали есімді атақты шахматшылармен кездесті.
Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы
Рыбина Елена Владимировна