Home » Мақалалар » Мен – қазақпын

Мен – қазақпын

         Жарық дүниенің есігін ашып, өмірдің дәм-тұзын сезіне бастағалы, қазақ болып туғаным, біріншіден – құдайдың сыйы, екіншіден тағдырым,-деп түсінемін.

Сонау Қызылжардан Түркістанға, Алтайдан Атырауға дейінгі сайын даланы мекендеген, тарихы сонау Сақ, ғұн, түркіліерден бастау алып, бергісі Алаш Орда мен бүгінгі күнге жалғасып жатқан ұлы халықтың ұрпағы болғаным үшін кеудемді қуаныш кернейді.

Кең далада көсіліп өскен көшпенді халықта өркениет жоқ дегендердің ауыздарына құм құйылсын. Өркениет жоқ дегенге, Солтүстік Қазақстан облысында жылқының ең алғаш қолға үйретілгендігі, Ресей жерінде өмір сүрген халықтарға ата-бабаларымыздың киім кидірткені, жеріміздің әр тасында қашалынған ескерткіштер, сан ғасыр бұрын салынған жер асты мешіттері, моншалар, архитектурасын 21 ғасырдың өзінде қайталай алмай жатқан ғимараттар мен бекіністер, кескінді кесенелер, археологиялық қазбалар дәлел. Кейде, ата-бабаларымыздың осыншама ұлан-ғайыр атырап пен игіліктерді мирас қылып қалдырғанына қайран қаламын !

Бабаларымыздың дос қылғанға құшақ ашар туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз,-атты нақылы олардың досына адал, жауына қатал болғандығын айшықтап тұрғандай.

Сонау көшпелі кезеңдегі жаугершілік заманда Бұқар, Шалкиіз жырауларымыздың, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Майқы, Кейкі билеріміздің бір ауыз сөзбен соғыстың алдын алып, мәселенің түйінін тарқатқандығы  толғауы тоқсан қызыл тіліміздің қасиеттілігін анықтап тұрғандай.

Мың өліп, мың тірілген халқымыздың басынан небір нәубеттер өтпеді.Сонау жаугершілік заманда ойраттар ойраңдап, жоңғарлар жойқын соққы беріп, көз алартқан солтүстіктегі аю мен шығыстағы айдаһарға темір қалқандай төтеп берді. Тараз, Отырар, Түркістан қалалары күл-талқан болып, 270 жыл бойы темір тордың құрсауында қамалып, аштықтан азап шегіп, соғыстан сойқан алса да, желтоқсанда жанардың отындай қайта лаулап, бұл күнде сөнбейтін алауға айналды. Бұның бәрі әлемге аты мәшһүр қазақ ұлтының тарихы.

Әл-Фараби болып әлемнің ойшылы болған, Бұқар болып шешендігін көрсеткен, үш би болып туралығын айтқан, Керей болып кескіндеп, Жәнібек болып жаңғыртып хандықтың қазығын қаққан, Тәуке болып жеті жарғыны жасаған, Қасым болып қасқайып, 300 мың қол жинаған, Есім хан еңсерген, хандығы талай теңселген, ақ отау құрып, киіз көтеріп, Абылай болып елі сенген, Мәшһүр болып мәшһүр атанған, Абай болып адамзаттың бәрін сүйген, Шәкәрім болып өмірдің мәнін сүйген,

Әлихан болып ұлтының жанын сүйген, Шоқан болып шоқ болған, Ахмет болып әліппе жазып, Ыбырай болып бала оқытқан, Сұлтанмахмұттай күн сөнгенше сөнбейтін, Мағжандай сөздің маржанын шашатын, Бауыржан болып бұлқынып, Әлкейдей ғылымның төресі, Қаныштай зерттеу сатысының төбесі болған, Мұқағали болып Фаризаға мұңын шаққан, Шаханов болып қайсарлығын, Мағауин болып жайсаңдылығын көрсеткен, Дінмұхаммед болып ұлт діңгегін дұрыстап, 91-де Нұрсұлтан атамыз ту тіккен, біз-қазақпыз ! Әрбір қазақ мен елден не аламын деп емес, елге не беремін деп, елімнің болашағына сенемін деп, Гиннес, Нобель, Оскардың қорына, қазақтың баласы болып енемін деп, Сұлтанмахмұт атамыз айтқандай, өрмелеп шығып, күн болып жеңемін,-деп өмір сүруі керек деп ойлаймын!

 Ержігіт Күнтубаев

«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.