Home » Жаңалықтар » Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: «Баршаңызды «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысуға шақырамын»

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: «Баршаңызды «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысуға шақырамын»

Ендігі кезекте материалдық көмек көрсету үрдісі «Мектепке жол» акциясын өткізу кезеңімен шектелмей, жыл көлемінде жалғасатын болады. Осы жылы алғаш рет аталған акция шеңберінде «Менің Атамекенім» порталында «Мектепке жол» платформасы іске қосылды. Көзделген басты мақсат — көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында байланыс орнату және көмекке зәру адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерін жауапсыз қалдырмау. 

«Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Сәйкесінше, оқушыларымызға оқу құралдары мен мектеп формасы қажет екенін білесіздер. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Оларды мектепке дайындау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған акциядан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 328 766 оқушы 2 млрд. 822 млн. 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алған.

Бұл тек жылына бір рет ұйымдастырылатын акция болғандықтан, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы акцияға жаңашылдық енгізілді. Бұдан былай, «Мектепке жол» акциясы 2 ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады.

Нақтылап айтсам, біздің министрлік «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету механизмге қосымша ретінде портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік.

Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. Сонымен, бүгіннен бастап «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз.

Нәтижесінде бірнеше мәселелерді шешеміз:

біріншіден, біз балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмектесеюуге мүмкіндік болады;

екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады;

үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз;

төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылау мүмкін болады.

Құрметті достар, «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады. Мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмендер мен меценаттарды, ректорларды және баршаңызды осы акцияға белсенді түрде қатысуға шақырамын! Кез келген істі басқаға айтпас бұрын, алдымен, өзім үлгі болуым керек деген оймен акцияны өзімнен бастайын деп отырмын. Жақсылық жасайық, достар!», — деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.