Home » Мақалалар » Мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – түзу

Мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – түзу

 

Бүгінде еліміздің экономикасы мен мәдениетінің қарышты дамуына байланысты кәсіптік мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Қазіргі кезеңде бізге  өркениет әлемінің озық технологияларын меңгерген, жаңа заман талабына сай кәсіптік білімі бар, сапалы да білікті мамандар қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі заман — бәсекелестік пен жоғары технологиялар заманы, ғылым мен білім заманы. Қазақстандық техникалық және кәсіптік білім жүйесі бәсекеге қабілетті, үш тілде еркін сөйлейтін, еуразиялық көпмәдениетті, әртүрлі ұлт арасында тіл табыса алатын және техника мүмкіндіктерін пайдалана алатын, базалық құзыреттіліктерді меңгерген, өзге халықтың мәдениеті мен дәстүрін қолдайтын тұлғаны қалыптастыруға бет бұрыс алды. Елбасының кәсіптік білім жүйесін жаңғырту бағытында берген тапсырмаларын орындауда біздің мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – түзу.

Білімнің қасиетті қара шаңырағына айналған ғасырға жуық шежірелі тарихы бар Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі ­– облыста тұңғыш ашылған кәсіби білім беретін оқу орны. 1929 жылы Гурьев педагогикалық техникумы ретінде жұмысын бастаған білім ордасы арнаулы педагогтік білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін даярлады. Білім ордасына 1992 жылы ұлағатты ұстаз, білікті басшы Қатира Дүтбаеваның есімі берілді. Қазіргі кезде колледж заман талаптарына сай жаңарып, кемелденіп келеді.

Қай ұлт тарихын алып қарасаңыз да, ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрдайым биік тұрады. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу – ұлттық мәселе. Осындайда ұлы Абайдың: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, жолдасынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген даналығы ойға оралады. Біздің алдымызға келген білім алушы – болашақ ұстаз, болашақ ата-ана, қасындағы жолдасына ықпал етіп, тағдырын өзгерте алатын қадірлі сыйлас құрбы. Бір үйдің көзінің нұры. Сондықтан, біз болашағын осы колледжбен байланыстырған әр шәкірттің жігерін жанып, сенім шырағын жағуды адамдық борышымыз санаймыз. Сан мыңдаған түлектеріміз еліміздің әр қиырында тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, көркеюіне өз үлесін қосып келе жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Әрбір білім алушы – ата-анасының үкілі үміті. Білікті маман, мықты педагог, ұлт тәрбиелеуші жастар осынау парасат мектебінен түлеп ұшады емес пе? Бұл ретте біз колледж оқытушыларының сапалық құрамына баса мән беріп отырмыз. Қазіргі таңда колледждің педагогтардың сапалық құрамында  141 оқытушы  қызметкерлер жұмыс жасайды. Оқытушылардың барлығы – жоғары білімді. Білім беру ісінің үздіктері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері, магистрлер мен жаңартылған білім мазмұны бойынша білімдерін жетілдірген жоғары санатты мұғалімдер дәріс беруде.

Жақсы шәкірт – мұғалім шығармашылығының айнасы ғана емес, колледждің де мақтанышы. Осы орайда колледж оқытушылары мен студенттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі  ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, акцияларға, инновациялық жобаларға, көрмелерге үнемі қатысып, білімдерін сынға салып жүлделі орындар иеленуде. Спорт додаларында да шаршы топта өнерлерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленуде.Сондай-ақ, колледжде білім алушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына айрықша мән беріледі. Біздің теңгерілімде 120 орындық жатақхана бар. Мұнда шалғай ауылдардан келген білім алушылар, мүгедек, жетім және көп балалы отбасының балалары түрлі жеңілдіктермен оқып, тәрбие алуда.

Колледж оқу-тәжірибелік жұмыстарды жетілдіру бағытында облысымыздың 54 мекемесімен, шетелдік және отандық оқу орындарымен келісім-шарт бойынша әріптестік жұмыстар жүргізіп отыр. Әлеуметтік серіктестік оқу орны үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қандай және қанша маман дайындау қажеттігі туралы ақпарат алуға, мамандарды дайындау мазмұнында жұмыс берушілердің талаптарын ескеруге,  бітірушілерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай туғызады.

Биылғы оқу жылында Н.Ә.Назарбаевтың төл тарихымызды ұлығылауды мақсат тұтқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы студенттерге толық таныстырылып, «Саналы ұрпақ» жобасы іске асырылды. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының 20 жылдығына орай міндеттер қойылып, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай тағылымдық сағаттар өткізіліп, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Пәндік апталықтар жүйелі жүргізіліп, пилоттық жобаға енгендіктен  «Өзін – өзі тану» пәні бойынша онкүндік өткізу дәстүрлі түрде жүзеге асады.

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық  колледжінің миссиясы – қоғам талабына сай адамзаттық рухани құндылықтармен қалыптасқан білімді, жаңашыл, құзыретті мамандарды дайындау.  Осы миссияны орындау бағытында педагог мәртебесін көтеруге негіз болып табылатын жаңа бағытта білім беру үдерістері жоғары деңгейде тиімді ұйымдастырылуда. Колледж ұжымы  болашақ мұғалімдерді даярлап, ұлттық идеяны іске асыра отырып, ұстаздың кәсіби әлемінің жаңа бейнесін қалыптастыру үшін тынымсыз еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.

Биылғы 2019 жыл – Жастар жылы болып қабылданғаны біз үшін зор  қуаныш. Қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі  үлкен нәтиже күттіреді. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие.  Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез — келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс.  Бүгінгі  жас – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Патриоттық рух та, рухани ерік — жігер де ортамен араласудан туындайды. Сондықтан біздің оқу орнында да  тың идеялар іске асып, өз жемісін көрсетеді деген үмітіміз көп. Себебі лапылдаған жастардың энергиясы – болашақтың энергиясы болмақ.

 

Қарабаева Айжан Сәрсенқызы,
Атырау қаласы
Қ. Дүтбаева атындағы
гуманитарлық колледжінің директоры,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
педагогика, психология пәні оқытушысы, магистр

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.