Әлемдегі барлық мамандықтар ішінен ең ұлысы – ұстаздық. Неге? Өйткені, көптеген ғылым иелері, ел қорғаушы батырлар, тілінен бал тамған ақындардың өзі, тіпті қарапайым егін салушы, диқаншы ұстаздан білім, тәлім – тәрбие алады. Бір сөзбен айтқанда, адам баласының жарқын болашағы осы мамандық иесіне байланысты.
Еліміздегі әрбір азаматтың емін — еркін білім алып, қиындықсыз еңбек етуі үшін қазір барлық жағдай жасалған. Соның ішінде «Мектеп» атты білім ордасына тоқталғым келіп отыр. Бұл білім кені мемлекеттегі әрбір баланың дамуына, өмірге деген көзқарасына, тәлім — тәрбиесіне және де ең маңыздысы – білімді болып жетілуіне септігін тигізеді. Ал, олардың бойына осы қасиеттерді сіңіретін ол біздер – ұстаздармыз!
Барлығымызға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Жастардың бүгіні мен болашығына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санаған болса, жастар саясатын жетідіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп, жастар қоғамның бір бөлігі ретінде іргетасы қалануы тиіс екені мәлім. Сондықтан, жас мамандардың білімділігін толыққанды жетілдіріп, жұмыс барысында тәжірибе жинауы үшін, олардың басқа қырларын дамытып, түрлі таланттарын паш ету — әр мектеп ұжымының міндеті екені сөзсіз! Біріншіден, жұмысқа жаңадан орналасқан жас мұғалімге психологиялық тұрғыдан ақыл кеңес беріп, өзі таңдаған ұстаздық жолында аянбай еңбек етсе ғана барлық нәрсе қолынан келетіндігіне сендіртіп, оларға қолдау көрсету. Екіншіден, жас маманның жұмыс барысында кішігірім қателіктерін түзетіп, оның жеке қызмет атқаруында қандай да бір жүйелі талдаулар арқылы еңбегін бағалау. Үшіншіден, жас ұстазды сабақтан тыс мектепшілік, аудандық, қалалық, республикалық байқауларға қатыстыру арқылы кәсіби шеберлігін шыңдау. Міне, осы құндылықтар орындалып тұрса, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» деген атаққа әрбір жас маман ие болады деген сенімім мол!
Осы құндылықтарды ұстана келе мен ұстаздық қызметімнің бірінші жылында бірнеше жетістіктерге қол жеткіздім. Атап айтсам – «Жас маман 2019» аудандық конкурсында III орын иелеп, Нұр – Сұлтан қаласында өткен «Шабыт» XXI Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде лауреат атандым. Қазақстан Тәуелсіздігіне орай ұйымдастырылған аудандық конкурста оқушыларыммен бірге III орын, «Салауатты тамақтану мектебінің білгірлері» атты қалалық фестивальда II орынға ие болып, мектеп абыройын асқақтаттық. Сондай ақ, Ұлы Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына орай қойылған әсерлі қойылым аудан бойынша үздік номерлер арасына еніп, үлкен мәдениет залында қайта өнер көрсетті. Одан тыс мектепішілік ұйымдастырылған мұғалімдер күніне арналған мерекелік кештің, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президент күніне арналған «Елін сүйген, ел тірегі – Елбасы» атты концерттің, ҚРның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Құдайбергеновпен өткен кездесу, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 88 жыл толуына орай ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевпен болған кездесулердің, мектепішілік президенттік сайлау және басқа да кішігірім жиналыстартардың тізгінін өз қолыма алып, бар ынтамды салып өткіздім. Таңдаған жолым өнер болған соң, хореография саласында биыл он екінші жыл еңбек етіп, өзімнің би студиямда талантты балалармен жұмыс жасаймын. Мамандығынан бөлек әрбір адамның өзі жақсы көріп атқаратын ісі болу керек деп ойлаймын. Қысқасын айтқанда менің хоббиім – журналистика саласы. Бала кезімдегі арманыма қол жеткіземін деген мақсатпен Москвадағы «ОСТАНКИНО» телерадио компаниясының үздік шебері Гульнара Ерғалиеваның кәсіби тележүргізушілерді оқытып — даярлау орталығын тәмамдап, «Тәңритағ» арнасында, «Азия бүгін» Республикалық газетінде тілші ретінде екі жыл қызмет атқардым. Ал қазіргі таңда еліміздегі Республикалық, телевизиялық байқауларды жүргізіп, мамандығыма деген қызығушылығымды одан әрі арттырып жүрген жайым бар. Міне, алғашқы ұстаздық жолымда жеткен жетістіктерім. Мен үшін, жиырма бір жастағы жас мұғалім үшін жетістіктерім осындай, дегенмен мен жас маман ретінде әлі талай ізденіп, өзім сүйген мамандықтың қыр — сырын үйренемін деп ойлаймын. Осы сәтті пайдалана отырып, маған сенім білдіріп, қолдау көрсетіп отыратын мектеп басшымыз Мусагулова Салтанат Болғанқызы мен мектептегі тәлімгерлеріме шексіз алғысымды білдіремін. Өйткені, бұл менің ғана емес, бүкіл мектеп ұжымының жеткен жетістігі деп білемін. Алда бағындырар асулар әлі көп …
Өзімдей жас ұстаздарға айтар кеңесім, шынымен де өз мамандығымызға бар ынтамызды салып, жоғары нәтижеге қол жеткізер болсақ, бізден асқан «Үздік жас мамандар» болмайтыны айқын! Сәттілік, Жас Маман — 2019!
Махмутжан Абдуманап Махмутжанұлы,
Алматы қаласы «№76 жалпы білім беретін мектеп» Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі
музыка пәні мұғалімі, жас маман