Home » Айтарым бар » «Charity Tour de Burabay» V мерекелік қайырымдылық веложарысы өз мәресіне жетті

«Charity Tour de Burabay» V мерекелік қайырымдылық веложарысы өз мәресіне жетті

                                            

Өткен аптада Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағында Rixos Borovoe отелі «Асыл мирас» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Ақмола әкімдігінің қолдауымен «Charity Tour de Burabay»          V мерекелік қайырымдылық веложарысын өткізді, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл жобаның мақсаты – балалар ауруханаларына қазіргі заманғы медициналық жабдықтар сатып алу және ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға көмек көрсету үшін ақша қаражатын жинау болып табылады.

2013 жылдан бастау алған мерейтойлы велошеруге биыл 1500-ден аса адам жиналып, 718 қатысушы Щучье-Бурабай аумағындағы 30 шақырымға созылған жолды велосипедпен еңсеріп өтті. Іс-шарада веложарыстан бөлек, қайырымдылық аукцион және балалар суретінің жәрмеңкесі өтті. Жалпы, корпоративтік және жеке жарналар, меценаттардың жанашырлық жәрдемі, аукциондар мен жәрмеңкелер есебінен түскен бұл қайырымдылық қаржы Қазақстанның балаларға арналған медициналық және тәрбие беруші мекемелерін жабдықтауға бағытталады.

Жыл сайынғы қайырымдылық велошеруі Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Rixos Borovoe қонақ үйі «Асыл мирас» қорымен бірлесе өткізіледі. Ұйымдастырушылар велошеру қатысушыларының саны жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтуде.

Іс-шараның ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрі    Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзін сөйледі. «Charity Tour de Burabay Қазақстанда велосипед спортын дамытуға және дәріптеуге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге, ем мен оңалтуға мұқтаж балаларға ерекше көңіл бөліп отырғанымызды байқатады», — деп атап өтті министр.

                                                         

Charity Tour de Burabay идеясына бастама берген бизнесмен, меценат және «Асыл мирас» қайырымдылық қорының негізін салушы                            Болат Өтемұратов велошеруді ары қарай да өткізуге ниетті екенін жеткізді. Ол алдағы жылдары іс-шараның ауқымы кеңейіп, көптеген балалар көмекке қол жеткізетініне үміт білдірді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша пелетонды «Astana Pro Team» командасының бас менеджері Александр Винокуров бастап шықты. Велошеру басталар алдында олимпиада чемпионы әрі ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері былай деп атап өтті: «Charity Tour de Burabay Қазақстанның спорттық және қайырымдылық іс-шаралар күнтізбесінде маңызды орынға ие болып отыр. Команданың атынан және өзімнің атымнан ұйымдастырушылардың барлығына, ізгі бастаманың жүзеге асуына қолғабыс еткендерге алғысымды білдіремін. Бұл іс-шараны біз жылда үлкен қуанышпен қолдап отырамыз».

Велошеруге Александр Винокуровтан бөлек, Қазақстандық зілтемірші, олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, боксшыолимпиада чемпионы, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев те қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстандық әуесқой-боксшы, 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов, Ресей және Қазақстан теннисшісі Галина Воскобоева және «Astana Pro Team» командасының мүшесі Якоб Фульсанг сынды спортшыларымыз да бой көрсетті.

Қайырымдылық велошеруі аясында аукцион өткізілгенін айта кету керек. Оны велошерудің нағыз басты іс-шарасы деуге болады.                            Шара ұйымдастырушылары биыл жиналған бүкіл қаржыны Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасына, Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа, Орал қаласындағы балаларға арналған облыстық көпбейінді ауруханаға, Ақтөбе қаласындағы балаларға арналған клиникалық ауруханаға, Орал қаласындағы батыс қазақстандық мүгедек балалардың «Бәйтерек» облыстық қоғамдық бірлестігіне арнап медициналық жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр.

Биылғы жылғы жиналған қаржы соммасы 160 млн теңгеге жеткен. Бес жыл ішінде жиналған қаржы соммасы 14 есеге артып, 463,5 млн теңгені құраған. Ал қатысушылардың саны 7 еседен астамға өскен. 2017 жылы аукционнан 102,9 млн теңге, балалардың суреттер жәрмеңкесінен 684 мың теңге жиналды. Жеке және корпоративтік жарналар 30,4 млн теңгеден асып, меценаттардың жанашырлық жәрдемі 26 млн теңгеге жеткен.

Жыл сайын өткізілетін Charity Tour de Burabay велошеруі салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қазақстандықтардың қайырымдылық іске белсенді қатысуына жағдай жасайды, әрі ішкі туризмнің дамуына үлкен үлесін қосуда.

                                      

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.