Бүгін батысқазақстандық ұстаздар дәстүрлі білім саласы қызметкерлеріне арналған облыстық Тамыз конференциясында бас қосты. Пленарлық жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілі, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова қатысты.
Биылғы Тамыз кеңесі «Bilim jáne ǵylym» деп аталды. Алдымен өңір басшысы Ғ.Есқалиев «Негізгі стратегиялық бағдар тұрғысында білім беру жүйесін дамыту: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбындағы көрмені аралап, ұстаздар іс-тәжірибелерінде пайдалана алатын жаңа технологиялық мүмкіндіктермен танысты.
Өз сөзінде облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова өңір педагогтарының Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың республикалық Тамыз конференциясындағы білім саласын дамытуға байланысты айтқан сөздерін зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді. – Ел Президенті білім саласын одан әрі дамыту мәселелерін қозғап, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Білім саласын одан әрі дамытудың негізгі векторлары Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында, жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда, бағдарламалық мақалаларында белгіленген. Бүгінгі конференция барысында білім саласындағы жаңалықтар мен тың пікірлер айтылады деп сенемін. Бірқатар маңызды мәселелер қамтылып, білім саласы қызметкерлерінің алдағы жұмысының басым бағыттары белгіленетін болады, – деді Айымгүл Мақсотқызы.
Облысымыздағы апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі – өңір басшылығының жіті назарында. Осы ретте республикалық бюджет есебінен екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, үшінші мектептің құрылысы басталады деп күтілуде. Оралдық екі білім ошағы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, оған қоса тағы бес мектептің құрылысына осындай құжаттама жасақталуда. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев айтып өтті. Айтуынша, облыс орталығында халықтың көптеп қоныстануына байланысты үш ауысымды мектептер саны азаймай тұр.
– Президентіміздің республикалық Тамыз кеңесінде білім саласы бойынша жүктеген міндеттерін орындау біздің облысымызда да жүргізіледі. Облыстың білім беру саласының бюджеті қазіргі таңда 72,2 млрд. теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 млрд. теңгеге артық және өңір қазынасының 37 пайызы болып табылады. Бюджет өсімінің 60 пайызы өңірдегі педагогтардың еңбекақысын көтеруге жұмсалады. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және білім саласындағы жаңа жобаларға бұл қаржының 40 пайызы бағытталған. Облысымыздағы 11 мыңнан аса педагогқа жаңартылған білім беру мазмұнында сабақ бергені үшін 30 пайыз үстемеақы төленуде. Аттестациядан кейін 7 мың педагогтың жалақысына қосымша ақы төленеді. 2018-2019 жылдары жаңа құрылыс есебінен сегіз білім нысаны пайдалануға берілді, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді апатты жағдайға жеткізбей уақтылы анықтап, құжаттар жинақтап, бес жылдық даму жоспарына кезең-кезеңмен енгізуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа мектептің жобалық қуатын анықтауда елді мекендердің миграциялық және демографиялық жағдайын ескеру керектігін жеткізді. Облыс әкімі үш ауысымды мектептер проблемасын тек мемлекет қаржысы есебінен емес, жеке инвестициялар тарту арқылы шешуге шақырды. Бұл жұмыстарды қолға алуды облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлікті қолдау және индустриалды даму басқармасы басшыларына тапсырды.
– Әсіресе, Орал қаласында бұл мүмкіндік жоғары. Жеке инвесторлар өз қаржысына мектеп салып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылады. Жеке мектеп деген атаудан үрейленудің қажеті жоқ, балалардың құқы Конституциямен қорғалады. Оқу тегін жүзеге асырылады. Білім басқармасы басшысына жеке басқару компанияларымен жыл соңына дейін кем дегенде екі жеке мектеп салдырту ісін шешіп, меморандум жасасуды тапсырамын, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге әкім жеке балабақшаларды білікті мамандармен қамту, олардың қызмет көрсету сапасын жақсарту, мектепке дейінгі ұйымдардың барлығындағы тәрбие-оқу процестерін мемлекеттік міндетті стандартқа сай жүргізу мәселелерін қозғады. Шағын жинақты мектептердің бүгінгі ахуалына да назар аударып, аудан әкімдеріне тірек мектептерді дамыту ісін міндеттеді. Кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарындағы дуалды оқыту нәтижесі көңіл көншітпейтінін жасырмаған облыс басшысы әкімдерге жергілікті колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды жеке инвесторлармен бірлесе қолға алуды тапсырды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлнәш Қошқарова 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген негізгі міндеттер шешімін тапқанын мәлімдеді. Енді 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жасақталып жатқанын жеткізген министрлік өкілі мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің сапасына тоқталды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылында әлеуметтік және өз бетінше оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Балаларды ерте жастан дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру басталады. Балаларды мектепке алты жастан қабылдау нормасы қабылданды. Алайда соңғы шешім – ата-ананың құзырында. Дегенмен, баланы алты жастан оқытудың артықшылығын ата-аналарға педагогтар жан-жақты түсіндіруі тиіс, – деген Гүлнәш Хамитқызы бұл тәжірибенің әлемдік білім жүйесінде бар екенін айтты. Министрлік өкілінің айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарға бүлдіршіндерді қабылдауда ашықтықты, тең құқықты қамтамасыз ету мақсатында барлық қызмет автоматтандырылуы тиіс. Балабақшалардағы заңсыз әрекеттерге жол берілмей, қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
2021 жылдан бастап мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу жұмыстары басталады. Мектептің инфрақұрылымын, бағдарламасын «5+5+2» сызбасына көшіру жоспарлануда. Соған сәйкес министрлік нормативтік-педагогикалық база дайындайды, ал білім ошақтарының жаңа нормаға сәйкес материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті атқарушы органдар жұмыла күш салуы керек.
Министрлік өкілі айтып өткендей, енді мектептерде ақылы олимпиада ұйымдастырылмайды. «Жеңіл портфель» жобасы аясында оқушылар оқулықтарын мектепте қалдырып, үй тапсымаларын министрліктің сайтынан жүктелген электронды оқулықтар арқылы оқи алады. Балалар үйлеріндегі ұл-қыздарды патронаттық тәрбиемен қамтамасыз ету, барлық білім мекемелерінде мемлекеттік тілді дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алуына көңіл бөлу, мектептегі тамақтану мәселелері де айтылды.
Жиын барысында «Отделстрой» ЖШС директоры В.Михно арнаулы орта оқу орындарымен әлеуметтік әріптестік жайында сөз етсе, М.Ықсанов атындағы орта мектеп директоры Азима Ғұбашева оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізудегі іс-әрекет пен нәтижеге тоқталды. Ал Шыңғырлау орта мектебінің мұғалімі Самат Байбулатов кәсіби өсуге бағыттайтын жаңашылдық пен ізденіс тақырыбында сөз сөйледі.
Бұдан соң марапаттау рәсіміне кезек беріліп, «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешені ұжымы 23 млн. теңгеге ие болды. Теректі ауданы «Бәйтерек» бөбекжайының әдіскері Ризвангүл Құспанова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің мұғалімі Ақерке Байжиенова, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Айгүл Исқалиева республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары деп танылды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне үлес қосқан ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» наградалары табысталды. БҚО білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы белгілеген түрлі номинациялар мен «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі иегерлерінің есімдері белгілі болды.
Салтанатты жиыннан соң ұстаздар концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО
(Эльвира МЕҢДІҒАЛИДЫҢ суреті)