Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық комуникациялар қызметі БҚО филиалының ақпараттық алаңында болған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Гумарова мәлімдеді.
Осы аптадағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісіне қатысқан басқарма өкілі облыстағы білім беру мекемелерінің 2019-2020 оқу жылына дайындығын баяндады. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстанда 30 мыңнан астам баланы қамтыған 507 (446-сы – мемлекеттік, 61-і – жеке) мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. – Жергілікті бюджет қаражаты есебінен оларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы оқу жылында облыстағы 379 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беру мектептерінде 100 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Жаңа оқу жылында белгіленген кестеге сәйкес 4,9,10-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Мектептер тиісті бағдарламалармен, оқу жоспарларымен қамтамасыз етілді, мұғалімдер біліктілік арттыру курстарынан өтті, – деді Зәуре Базарғалиқызы.
БҚО-да екі бастауыш мектептің жабылатыны және екі негізгі мектептің бастауыш мектеп болып қайта құрылатыны мәлім болды. Мұның себебін тұрғындардың көшіп-қонуымен және оқушылар контингентінің білім беру мекемелер желісі нормативіне сәйкес келмеуімен түсіндірді. Ол мектептердегі балалардың білім алу құқығы тасымал ұйымдастыру және жақын елді мекендердегі интернаттарға орналастыру арқылы қорғалатын болады.
Биыл облыс мектептеріне 1-сыныпқа – 13 мыңнан астам, ал мектепалды даярлық сыныптарына 11 мыңнан астам бүлдіршін қабылданады.
Баспасөз мәжілісінде өңірдегі білім ошақтарының ахуалы да белгілі болды. Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен екі аудандағы үш мектептің күрделі жөндеуіне қаржы бөлінсе, жергілікті бюджеттен тағы екі аудандағы мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен.
Зәуре Базарғалиқызы облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім мекемелері мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Алдағы оқу жылында Оралдағы бес мектептің оқушылары үш ауысыммен оқитын болады. Бұдан бөлек облыста апаттық жағдайдағы жеті мектеп бар. Мұндай түйткілді мәселелерді жою мақсатында осы жылы бой көтеретін үш мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 3,2 млрд.теңге бөлінген. Сондай-ақ облыс әкімдігімен екі мектеп құрылысына ЖСҚ әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігіне оған қаржы бөлу жөнінде бюджеттік өтінім жолданған. Бұлардан бөлек Орал қаласы мен екі ауданда салу жоспарланған бес мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталу үстінде екен.
Облыс мектептерінде 12 мыңнан астам педагог қызмет атқаратынын айтқан басқарма өкілі З.Гумарова кадр тапшылығы бар екенін жасырмады. Айтуынша, орыс тілді бастауыш сынып оқытушылары, қазақ сыныптарына – орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндері мұғалімдері жетіспейді. Кадрларға қажеттілік тамыз айында жас мамандарды қабылдау арқылы шешілетін болады. Немесе сол мектептердегі педагогтардың жүктемесі ұлғайтылады.
Оқушыларды оқулықпен қамту мәселесіне де тоқталған басқарма өкілі жаңартылған білім мазмұнына көшу бойынша әзірленген 4,9,10-сынып оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешендерді, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Өлкетану» хрестоматиясын, жетіспейтін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді баспалардан алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету және тасымалдау мәселелері де баяндалды. Биыл облыс бойынша 352 мектептің 72930 оқушысы ыстық тамақпен қамтылады деп жоспарланған. Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында өңіріміздегі әлеуметтік санаттағы отбасылардың мектеп жасындағы ұл-қыздарына қаржылай және материалдық көмек көрсетілгенін жеткізді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында балалардың толықтай мектепке тартылуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілген.
Білім басқармасының мәліметінше, облыстағы кәсіптік-техникалық бағытта білім беретін 36 колледж де жаңа оқу жылына толықтай дайын.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО