Газет ісін іргерілетуде алдыңғы толқын, Бас редакторлардың өз пайымы, мақсат-мұраты болды. Жастар көп нәрсені түсінгенмен білім, қабілет жетпеді. Әлі күнге дейін солай. Анығы, басшылық тарап мемлекет берген қаржыны игерді де отырды. Айлық қылып таратты. Баспаға жұмсады. Артылғанын газетке мақала, жалынды жыр жолдарын ұсынған авторларға төледі. Қайта сол жазған-сызғанын жариялауды қалаған автор газеттің әр абзацы үшін төлеуі тиіс еді. Әсілі, қанша мың тиражбен бүкіл республикаға тарайтын, одан қалды жоғарғы жаққа жететін газет біткенді осынша бейшара күйге түсірдік қой. Оның несін жасырайық.
Әрине, біреудің жағдайына кірмей, сол жолмен жүріп өтпей пікір айту қиын. Бірақ әлеуметтік желілердің ертең-ақ нан жеп отырған редакциясымен қосып сыртқа қуып шығарын үлкендер жағы аңғарған жоқ. Қате жіберген жері – білікті менеджерлерді дайындау ісін ескермеді. Өнімді сата алмады. Саудаласа білмеді. Тіпті оны ар санаған да шығар. Мың жасағыр Үкіметтің қапшық-қапшық қаражаты тұрғанда қайдағы сауда. Қолында ақшасы бар бизнесменнің алдында қайдағы иілу. Сөйтіп билікке қарайлап жүргенде анау ардагер азаматтар да пәтерсіз қаңғып қалды. Нарық билеп-төстеді.
Білімсіздігіміз оң қабырғадан келіп тиген соққы болса, галстук таққан орысшыл басшылардың пысықтығы сол бүйірден келіп ұрды. Ауылды айтпағанда, Елордадағы дүңгіршектерде қазақ басылымдары орысша тарайтын газеттердің жанында жетім баладай күй кешті. Ол қасақана да жасалды… Десек те жаһандану процесіне орыс редакциялары тез төселіп алды. Қазақ газеттерінің жеңілісінен олар екі есе ұтты. Нарықтағы жарнама, хабарландыру, құттықтау секілді қызметтерден бастап барлығының бағаны сол дөкейлер қойды. Әлі күнге дейін қанша жүз орыс тіліндегі сайттар көш бастап тұрса да сол газеттерді сатып алатын оқырман баршылық. Керек десеңіз мемлекет қазынасының қызығына да орыс газеттері шомылып отыр. Біздің ұлттық идеологиямызды да жасайтын солар. Мемтапсырыс та, марапат та соларда. Біздің айып – еңбегімізді сата алмадық. Сатайық деп тырыспадық. Жолын білмедік. Білгендерді әрі итердік. Үкімет қаржыландыруды тоқтатқан күннің ертесіне біраз қазақ редакциялары қаңырап бос қалды. Мамандар жан-жаққа шашылып кете барды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (Ахмет Байтұрсынов) соқыр, керең һәм мылқау күй кешті.
Тәуелсіздікке кеше қолы жеткен жұрттың қалай болса да газет ісіне «жаназа оқуы» оң өзгеріске әкелген жоқ. Желілерді иелік етіп, жарнамасы үшін қыруар қаржы тартып отырғанына қарамастан әлемдегі дамыған елдер баспа ісіне селқос қараған емес. Ал біз «фейсбук бар» деп сылтаураттық. Жұрт жаңалық оқысын деген мақсатта әр күн сайын қазынадан қаншама миллион қаражат жұмсалып жатыр. Қазір оқыдыңыз, аздан соң естен шығады. Таңда жарияланады. Кеште архивке кетеді. «Сөйтті-бүйтті», «кетті-келді», «ұшты-қонды», «жеді-құсты»… Бірақ осыншама шығын ұлттық идеологияны қалыптастыра алып отыр ма? Шыққан қаржының орны не нәрсемен толды? Ертеңгі шығынды қалай жабамыз? Анау ауылда қойын жайып тыныш жүрген Амантайлар орталықтан тарап жатқан жаңалықтан не қайыр көрді? Біз газет ісін тастап сайт шаруасына көшкенімізбен оны да қатырмадық қой (қазақ тіліндегі сайттарды айтам).
Түйін: Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза: «Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерін күнделікті оқиды» деп айтты. Ендеше мембасшы бастаған жаңа билік қазақ газеттеріне қайта көңіл бөлуі керек. Мейлі, жұрттың барлығы осы желі біткенде түнеп, жастанып жатса да. Сайт пен газет ісін бір қоймауымыз керек. Студенттердің, мұғалімдердің, дәрігерлердің, жалпы жұрттың шәкіртақысына, еңбекақысына газетке деп 100 теңге үстемақы қосып, заңмен міндеттесек те бұл проблеманы шешуіміз керек. Уатсап арқылы өтінім қабылдасақ та, әйтеуір тасбақа Қазпоштаның көмегіне жүгінбейтіндей жолдарын қарастырсақ. Газетке тек ақпарат түскен қағаз деп емес, Тәуелсіз Қазақстан халқының тұтастығын қалыптастыруда, зейінін ашуда, білім-өнерін насихаттауда жетекші орны бар қымбат құрал деп қарағанымыз жөн.
P.S. Қазынадан екі тиын алмаса да әлі күнге дейін жыртығын жамап, тіршілігін үзбеген газеттер бар. Мінеки, бәрінен бұрын осындай «боранды күндері» жеңіліс таппаған басылымдарға Үкімет қолдау білдіруі керек.