Home » Жаңалықтар » АҚЫЛ – ЖАСТАН немесе  WRO – БОЛАШАҚ ЖОБАСЫ

АҚЫЛ – ЖАСТАН немесе  WRO – БОЛАШАҚ ЖОБАСЫ

WRO – 2019

 Павлодар қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен, тұңғыш рет World Robot Olympiad аясында робототехника бойынша Ұлттық чемпионаттың республикалық кезеңі өтті.

Екі күндік іс-шараның ашылу салтанатына Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев қатысып, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Биылғы маусым айының соңғы күндері павлодарлықтар үшін тағы бір ауқымды, жаңашыл бағыттағы жастар жобасының өткізілуімен ерекшеленді. Павлодар қаласында ұйымдастырылған ұлттық чемпионатқа аймақтық олимпиадаларда өнер көрсеткен 2 200 қиялы ұшқыр, талантты, алғыр шәкірттердің ең үздік деп танылған 6-17 жас аралығындағы 240 үміткері қатысып, 120 команда сегіз санат бойынша өзара бақ сынасты. Негізгі құрам НЗМ-і болғанымен, бұл мүмкіндік ауыл, қала мектептерінің жас данышпандарын да назардан тыс қалдырмады. Дарынды, талантты шәкірттердің қатарын толықтырған Баянауыл ауданы Майқайын кентінің «Roboteht» командасы мен Павлодар қаласының №11 жалпы орта білім беру мектебінен келген топтың да алдағы жұлдызды сәттерден күтер үміті зор.

Айтулы іс-шара барысында роботтардың «негізгі», «шығармашылық», дәстүрлі «футбол ойындары» және ағымдағы жылдың басты тақырыбына айналған «Smart Citi» – «Ақылды қалалар» тақырыбындағы «JASAMPAZ» қосымша санаты бойынша жүзеге асты. Бұл күні WRO болашақ мамандарының жобалары жас ерекшеліктеріне қарай, әр санат бойынша үш топ деңгейінде бағаланды. Ұлттық чемпионат қонақтары қатысушылардың жобаларымен танысып, білімдері мен іскерліктеріне тәнті болысты.

Ең бастысы, бұл күні жас жеткіншектердің қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан жаңашыл технологиялардың бірі – робототехника саласы арқылы еліміздің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін жақсартып, дамытуға талпынған түрлі тақырыптағы ұтымды ойлары, дәйекті жобалары қуантты. Игі іс-шараның елеулі ерекшелігі – тікелей онлайн-трансляцияның ұйымдастырылып, жеңімпаз топқа https: //wro.nis.edu.kz/livewro/ және WRO Кубогының табыс етілуі болды.

Қатысушылар арасында робототехника бағытында бірнеше мәрте жоғары жетістіктерімен ерекшеленгендер жоқ емес. Мәселен, көкшетаулық Софья Кокорина өткен жылы Тайландта өткен дүниежүзілік робототехникалық олимпиадада негізгі кіші санат бойынша әлемдік ондыққа еніп, алтын медаль иегері атанды. Ал, «шығармашылық» санатта талдықорғандық Даниил Филимонов «Робот – суретші» жобасымен тағы да жеңіс тұғырынан көрінді.

Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылының «RoboReBoot»

командасы ауыл мектептерін қолдау марапатына ие болды. «Creativity Award» аталымы бойынша жүлделі орын Павлодар Назарбаев Зияткерлік мектебіне берілсе, «Girl power» — Семей НЗМ және «Engineering Simplicity Honors Award» аталымдарының жүлдесін — Талдықорған НЗМ-нің жеңімпаздары еншіледі.

Чемпионат қорытындысы бойынша, абсолютты чемпиондық арнайы Кубогы Орал қаласындағы НЗМ-нің білгірлеріне бұйырды. Бұл мектеп – Қазақстан және әлем бойынша WRO-дан жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, алғаш рет НЗМ жүйесінде оқушыларға арналған робототехника курстарын енгізген болатын.

Қазылар алқасының шешімімен, барлық қатысушылар медаль, Дипломдамен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, Павлодар қаласы НЗМ химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың тамызында ашылған. Сондай-ақ, ол – робототехника байқауының Ұлттық үйлестірушісі болып табылады.

Қанабеков Зейін, Мағауия Бекарыс, Семей қаласы дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің шәкірттері:

  • Біздің жобамыз қара линвинка жәндіктеріне арналған «оф-лайн ферма». Жоба толықтай автоматты жұмыс түріне негізделген және сумен, жарықпен қамтамасыз етіледі. Мақсаты: жәндіктерді көбейтуге арналады. Жалпы, жәндіктердің пайдасы көп, бірақ ол әзірге, Қазақстанда қолға алынбаған. Таңдаған тақырыбымыздың бұрын-соңды зерттелмеуі бізді одан әрі қызықтыра түсті. Алғаш бұл салаға зейінімізді аударған лицейдегі «Робототехника» үйірмесі еді. Содан бері екі-үш жыл бойы бастаған ісімізді толықтырып, дамыту үстіндеміз. Қазіргі кезде макет пен отыз беттік ғылыми жұмысымыз бар. Облыстық байқауда жүлделі бірінші орынға ие болдық. Ендігі мақсатымыз: республикалық, халықаралық сайыстарда жеңіске жету.

Филимонов Даниил, Элина Пак, Талдықорған қаласы НЗМ-нің оқушылары:

  • Біздің бүгінгі жобамыз — «Ақылды білім» деп аталады. Біз балабақша мен бастауыш сынып оқушыларын сурет салуға, жазуға үйрететін робот-оқытушыны ойлап таптық. Болашақта жобамызға математика мен ым-ишара «тілін» де қосатын боламыз. Робот-оқытушы есту, сөйлеу қабілеті төмен балаларды да оқыта алады. Робот – жасанды интелект иесі болғандықтан, баланың тапсырманы дұрыс, я бұрыс жасағанын түсінеді және оқушылардың білімін бағалап, оны электронды журналға өзі қояды. Сабақта мұғалім өз тобына, робот өз тобына жауап береді. Демек, екі тарапқа да тиімді әдіс. Робототехника менің мақсат-тілектеріммен ұштасып қана қоймай, өмірімінің мағынасына айналды. Мен әлемдегі көптеген мәселелерді робототехника арқылы шешкім келеді.

Ринат Жұмабаев, Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:

  • Республикалық олимпиаданы біздің мектепте өткізу – бізге

көрсетілген үлкен сенім, абырой деп білеміз. Оған үлкен жауапкершілікпен, дайындықпен келдік. Және осындай ауқымды іс-шараны барынша лайықты өткізуге тырыстық. Аталмыш сайыс Павлодар қаласында бірінші рет өткізіліп тұр. Жағымды естелік қалдыру мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сайыскерлерді Павлодар қаласының көрікті, мәдени орындарымен таныстыру да жоспарымызда бар. Бүгінгі республикалық олимпиаданың тақырыбы — «Smart Citi». Демек, қала ақылды болуы үшін қандай жақсы жобаларды іске асыру керек? Бүгінгі қорғалған жобалар соған толымды жауап берді деп ойдамыз.

Робототехника – болашақтың әр түрлі ғылымдарын кіріктіретін пән әрі керекті сала болғандықтан, жастардың оған деген қызығушылығы да жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі сайыста көбіне, Lego роботы және EV3, Arduinо құралдары қолданылып жатыр. Lego – бастамасы, ең шығармашылық креативті қажет ететін робот, ол – Arduinо.  Осы үшеуінің комбинациясын кіріктіру арқылы кез келген жобаны жүзеге асыруға болады. Робототехника – өте жедел дамып келе жатқан сала. Сол себепті, ол үздіксіз ізденісті, шығармашылық шеберлікті қажет етеді. Бүгінде мектебіміздің мақтан етер үздік нәтижелері аз емес, алайда алдағы уақытта жеңімпаздар қатарының бұдан да арта түсетініне сеніміміз мол. Бүгін жеңіске жеткен І, ІІ, ІІІ орын иегерлері оқу-жаттығу жиынына шақырылады. Оқу-жаттығу жиынында үздік нәтиже көрсеткен балалар еліміздің намысын қорғауға Венгрияда өтетін әлемдік сайысқа жолдама алады.

 

Айгүл МОЛДАШ,

Білім айнасы

Павлодар

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.