Home » Бес сауал » Шәкірттерін шеберлікке баулитын ұстаз

Шәкірттерін шеберлікке баулитын ұстаз

Көптеген мамандықтардың ішінен өзінің кәсібін адаспай тапқан осы жанның қолынан шыққан дүниелер талайды тамсандырғаны сөзсіз. Біз де іскер, әрі шебер мұғалімнің шығармашылық жолы туралы өзінен сұрап-білгенді жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз – БҚО Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылындағы  Ғ.Молдашев атындағы ОЖББ мектебінің І санатты технология, сызу, бейнелеу  пәндерінің мұғалімі Табиғат Құрманғазиев.

  • Табиғат Сатқалиұлы, ұстаздық жол – қиын жол деп жатамыз. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
  • Мен мектепте оқып жүрген кезден-ақ сурет салуға әуес болдым. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Қабырға газеттерін көркемдеуге атсалысатынмын. Мінекей, сурет өнеріне деген мектеп қабырғасынан басталған сүйіспеншілік мені дәл осы мамандықтың иесі болуға талпындырса керек.
  • Өте керемет. Осы өнерге ерекше құштар болған бозбала қандай оқу орнында білім алды екен?
  • Мен сол кезде «Құрмет белгісі» орденді А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты деп аталған, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін таңдадым. Осы оқу орнының көркем еңбек факультетін1989 жылы тәмамдадым.
  • Табиғат аға, қазіргі уақытта білім жүйесінде көптеген жаңа технологиялар қолданылады. Сіз өз сабақтарыңызда қандай әдіс-тәсілдерді көбірек қолданасыз?
  • Мен өз сабағымда жаңартылған білім беру мазмұнына сай түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланамын. Әсіресе, сабақты жақсы көңіл күйде бастаудың маңызы зор. «Тілек тіле!» әдісімен басталатын әр дәрісімді түрліше бағытта, оқушылар қызығып қатысатындай, берілген білімді тереңірек ұғынатындай етіп ұйымдастыруға тырысамын. Соның ішінде «Ыстық орындық», «Ойлан, жұптас, талқыла, бөліс», «Факт және пікір», «Бас бармақ», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Мадақтау» әдістері мен «Миға шабуыл» стратегиясын қолданамын. Практикалық және топтық жұмыстар арқылы теориялық білімді бала санасына сіңіруге күш саламын.
  • Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланы жеті қыры» мақалаларында ұлттық құндылықтарымызға ерекше тоқталғаны белгілі. Сіз шәкірттеріңізбен бірге жұмыстану барысында осы бағытқа қаншалықты мән бересіз?
  • Бала бойына өз халқының тарихи болмысын, ұлттық салт-санасын ерте жастан қалыптастыруды жөн деп санаймын. Біз қолөнер бұйымдарымен көбірек жұмыстанамыз. Сол себепті сабақтан тыс уақытта да еңбектенуге тура келеді. Балалар ағаштан ұлттық бұйымдарды жасап қана қоймай, оларды ұлттық нақышта безендіруге, әрқайсысының қолданылу ерекшелігіне назар аударып отырады. Бұл – біздің дәстүрлі жұмыс бағытымыз.
  • Үш пәннен сабақ береді екенсіз, олардың ортақ ерекшелігі бар ма?
  • Әрине. Көркем еңбек пәні бойынша оқушылар шығармашылыққа бейім болады. Белгілі тақырыпқа байланысты суреттер салып, оны талқылайды. Сызу пәнінде балалар А4 форматына графикалық жұмыстар орындайды. Ал технология сабағында тақырып бойынша әртүрлі бұйымдардан сарамандық жұмыс орындап, көрмеге ұсынады. Үш пән де шығармашылық қабілетті қажет етеді.
  • Ұстаздың еңбегінің жемісі – шәкіртінің жеңісімен көрінеді. Мақтан тұтар оқушыларыңыз туралы айта кетсеңіз?
  • Түрлі сайыстарда топ жарып жүрген шәкірттерім өте көп. Солардың бірі – Дәулен Үмбетов. Ол облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Қолөнер шеберлері» атты сәндік-қолданбалы өнер байқауында 1-орыннан көрінді. Осы жарыста Федор Мұрзағалиев есімді оқушым «Кеме үлгілерін жасау» спорты кезеңінде «С-1» класы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Ал республикалық «ЭКСПО-2017» өнер байқауына «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша қатысқан Азамат Телжан бірінші орынға қол жеткізді.
  • Мектепте қандай шараларды немесе жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы болып жүрсіз?
  • Қосымша «Кеме үлгілері» және «Қолданбалы өнер» үйірмесінің жетекшісімін. Мұнда балалар сабақтан тыс уақытта келіп, кеме үлгісін жасау, ағаштан әртүрлі бұйымдар ою секілді шеберліктерді меңгереді. Оған қоса мектепте өткізілетін шараларға үйірме мүшелері тақырыптарға байланысты көрмелер ұйымдастырады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде түрлі байқаулар ұйымдастыруды қолға алдық.
  • Осындай қыруар жұмысты атқарып жүрген маман еңбегінің елеусіз қалуы мүмкін емес. Биылғы оқу жылында бағындырған белестеріңіз?
  • Биылғы оқу жылында аудан әкімінің алғыс хатымен және аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталдым. Сонымен қатар республикалық «New life» және «Талапты, талантты жастар», облыстық «Кеме үлгілеу» байқауларына оқушылар дайындағаным үшін алғыс хаттар иелендім.
  • Бүгінгі өскелең ұрпақ өкілдері – сіздің алдыңыздан өтетін шәкірттеріңіз. Солардың бойынан қандай өзгерістерді, жаңалықтарды байқайсыз?
  • Бүгінгі ұрпақ заман талабына сай жан-жақты болып қалыптасып келеді. Қазір – ғаламтордың дамыған кезеңі. Белгілі бір жұмыстарды орындау кезінде ақпарат беттерін пайданады. Өздерінің ұсыныс-пікірлерін әр кез ортаға салып отырады.
  • Ал бүгінгі заманның мұғалімі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
  • Бүгінгі заманауи мұғалім креативті, яғни жан-жақты болуы тиіс. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, өзінің жобасын немесе іс-тәжірибесін жарыққа шығарып отыруы керек. Шәкірт жүрегінен орын тауып, оларды байқауларға қатыстырып, ата-анамен үнемі тығыз байланыста болуы қажет деп ойлаймын.
  • Сөз соңын өзіңіздің алға қойған мақсатыңызбен, өмірлік ұстанымыңызбен түйіндесек.
  • Менің басты мақсатым – шәкірт тәрбиелеу, оларды еңбекке баулу. «Бала – басты байлығымыз. Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі» деген екен Жүсіп Баласағұн бабамыз. Осы қағида – менің де басты ұстанымым.

Сұқбаттасқан Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы»,

БҚО

 

Ұстаз туралы қосымша мәлімет:

Туған жылы: 9 қазан 1963 жыл.

Туған жері: БҚО, бұрынғы Жалпақтал ауданы.

Отбасылық жағдайы: Аяулы анасы бар, үйленген, зайыбы екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Сүйікті ісі: Балық аулау, ағаштан бұйымдар ою.

Соңғы оқыған кітабы: М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы.

Жазғы еңбек демалысына жоспары: Еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттау.

 

 

7 комментариев

  1. Аксамал

    Табигат агайга алдагы уакытта саттилик. Жумысыныз орлей берсин. Окушыларыныздын жетистиги коп болган.

  2. оз исинин шебери, жумысына адал Жан!

  3. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” – дегендей, әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздарынбілімдеріңіз бен біліктеріңізге жүгініп, сеніп келеді. Ел мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз орасан мол.

  4. Табигат Саткалиұлы секілді ұстаздарымыз көп болса деп тілейміз!

  5. Лейла Адиетовна

    Біз, Табиғат Сатқалиұлымен отыз жыл бірге бір мектепте еңбек етіп келеміз. Талай дарынды шәкірттерін еңбекке баулу арқылы өз жолдарын табуға ықпал еткен талапшыл ұстаз өз еңбегінің шабытты шақтарында туындаған қолеңбек үлгілерінен үлкен көрмелер ұйымдастырып, аудан, облыс көлемінде танымал болып келеді. Әріптесімді бүгінгі сұхбаты бойынша еңбек жолының таралымымен құттықтаймын және алдағы еңбек жолына толағай табыстар мен мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін

  6. Үміткер

    Табиғат аға, еңбекқор мұғалім. Шығармашыл. Жан – жақты. Шәкірттері де облыстық байқаулардың жеңімпаздары. Табиғат Сатқалиұлына шығармашылық табыс тілеймін! Еңбегіңіз жана берсін! Мен сізден үлгі аламын.

  7. Табиғат менің бірге оқыған курстасым ретінде, сондай-ақ қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық өмірде өз бойындағы өнерге деген шығармашылық құштарлықты шәкіртерінің бойына дарыта білу ісінде талмай еңбектену үшін ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.