Облыс педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесінің «Жаhандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылымның сапасы» тақырыбы аясында ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің «New generation-new education» атты секциялық отырысы өтті.
Тамыз айының 8-інде қалалық мәдениет және демалыс саябағында, эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясында өткен секциялық отырысқа облыс көлеміндегі әдістемелік кабинеттердің және жалпы білім беру ұйымдарының ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен әдіскерлері, барлығы отыз педагог қатысты. Шараның негізгі мақсаты – мұғалімдердің шығармашылық ізденісін ынталандыру, білім саласына педагогикалық инновацияларды енгізу.
Секция отырыстарының ақпараттық-аналитикалық бөлімінде 2019-2020 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хат таныстырылды. Ал практикалық бөлімі әдістемелік шеберхана түрінде ұйымдастырылып, ағылшын тілі пәнін жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқыту мәселелері, аталған пән бойынша білім сапасын арттыру, мұғалімнің педагогикалық мәдениетін жетілдіру, белсенді оқытудың жаңа әдістері мен формаларын қолдану бағытында шеберлік сыныптары көрсетілді.
Тәжірибе алаңында Орал қаласының эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Жанна Хамиева, №7 ЖОББМ-нің мұғалімі Гүлнәр Шандырова, Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-нің мұғалімі Динара Мәуленова, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп лицейінің мұғалімі Гүлсезім Сагимова, Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының мұғалімі Гүлмира Есенгелдиева өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Секция жұмысының соңында жаңа оқу жылындағы білім берудің басым бағыттары мен міндеттері белгіленіп, ұсынымдар қабылданды.
Ұлпан АЖИКЕНОВА,
мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық
және кәсіптік білім беру ұйымдарының
облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің
ағылшын тілі пәні әдіскері