Home » Мақалалар » Мұғалім – мектептің жүрегі

Мұғалім – мектептің жүрегі

АЛҒЫ СӨЗ

Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,

өйткені мұғалім – мектептің жүрегі

Ы.Алтынсарин

Қаланың батыс бөлігінде мен мұңдалап тұрған еңселі, үш қабатты зәулім биік білім ордасы    Ж.Махамбетов  атындағы  № 43 орта мектебі көзге бірден шалынып,өзіне беттеген жанды бірден бауырына тартады. Бұл мектеп өз тарихынның сонау отызыншы жылдардың басында ашаршылық апатынан аман қалған ауылдарда жаппай сауаттандыру ісі қолға алынды.  Мәселен,   1934 жылы   Қызылорданың  солтүстік  бетіндегі екі ауылда сауаттандыру мектебі ашылды.  Олар сол кездегі жағдайға байланысты оқушыға бастауыш білім беруге негізделіп еді.   Бұл қимылға жергілікті халық та ынталана жұмылып, білім шырағын жағу жорығына белсене атсалыс­ты. Уақыт өте келе, білімге құмар жастар қатарының өсуіне байланысты мектепті кеңейту, оқушыларды білім ордасына көптеп тарту талабы туындады. Сөйтіп, 1938 жылы ауыл азаматтарының күшімен кесек құйылып, мектепке арналып  8 бөлмелі үй тұрғызылды. Ақыры 1938 жылдың күзінде қоңсылас екі ауылдың мектебі қосылып «Кооператор» атындағы жетіжылдық мектеп ашылды. Міне, бүгінгі батыр атындағы № 43 орта мектептің негізі осылай қаланып еді. Кезінде, Ұлы Отан соғысы ал­дындағы жылдары  «Кооператор» кол­хозы Сырдария ауданындағы жақ­сы көрсеткіштерімен аты шыға бас­таған шаруашылық болатын.

Қала   ір­гесіндегі ауыл шиеліліктердің үлгі­сімен ауданда бірінші болып күріш егуді бастап, одан мол өнім өндірді. І.Ерімбетов, А.Дәуітбаева сияқты диқандар жоғары марапаттарға ие болып, колхоз даңқы дүркірей бас­тады.  Шаруашылық төрағасы  Қуат Ерімбетов елдің ақылды ұйымдас­ты­рушысы, кәнігі дихан ретінде танылып, беделі өсе түсті. Ауыл мәдениеті жақсарып, жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді. Міне, ау­ылдың өз күшімен салынған жаңа же­тіжылдық мектеп те сол жылдар­дың жемісі болатын. Мектептің өткен жолын, атқарған тірлігін сөз еткенде мақтан тұтып, жария етуге татырлық жетістіктерін айта отырғанның артықтығы болмас. Биыл осы оқу орны бой көтерген ауылдың тумасы, мектептің алғашқы іргетасын қалауға қатысқан жерлесіміз,  Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы орта мектептің ашылып, ұрпақ тәр­биелей бастағанына 80 жыл! Тарих беттерін парақтасақ, мек­теп­ті әр жылдары басқарған талай ұстаз марқұмдардың есімдерін атауға бола­ды. Аруақтары риза болсын, біразы­ның есімін атап кетейін. Оны алғаш рет Асқар Меңліханов (1938-1943 жж.) деген азамат бас­қа­рып, бастауыш оқу ұясының қа­лып­тасуына көп еңбек сіңірді. Ал, сұрапыл соғыстың нағыз ала        пат ке­зінде мектепке Кәдірма Кәрібаева (1943-1948 жж.) апай жетекшілік етті. Одан кейін соғыс даласынан жеңіспен оралған Дүйсет Тайманов (1948-1953 жж.) директор болып 5 жылдай абыройлы қызмет етті.

Мұнан кейінгі басшылар да жас ұрпаққа білім, тәрбие беру саласынан абырой тауып, талай жемісті де жеңісті соқпақтардан өтті. Мәселен, Молдаш Достанов (1953-1956 жж.) осы мектепті үш жылдай басқарып, сосын орта мектепке басшы болды. Мектеп ұжымының ендігі бір мақтан тұтар мүшесі – дүниеге ұстаз бо­лып келіп, ұстаз болып өткен, Сыр бойы ұстаздарының ұстазы, со­ғыс ардагері Қасымбек Ыбыраев. Ол ұжымды басқарған жылдары мектеп абыройы аса биік болды. Сол кісінің биік беделінің арқасында 7 жылдық мектебіміз он жылдыққа айналды.

Оқушылардың пайдалы ең­бекпен шұғылдануы өріс алып, мектеп жанындағы өндірістік тәжірибе участогінің жүгері өсірушілері (же­текші Тотай Тұрлығұлов) облыс­та бірінші болып Мәскеудегі бүкіл­одақ­тық халық шаруашылығы көрмесіне қатысты. Осы арада қатардағы  ұстаздардың ерен еңбегін атамай кету әбестік бо­лар еді. Бұл ретте, ойға алдымен Ш.Сейтжанова,  М.Оспанов,  Ә.Шал­қыбаева,  Б.Әубәкірова,  Т.Сүтенов, Т.Тұрлығұлов, А.Түменбаев,  т.б. есімдері оралады.  Олар осы ауылда туып, осы топырақта туған жастар санасына терең білім, тәлімді тәрбие берді. Бұл мектеп – мақтауға да, аты айтылғанда мақтануға да тұрарлық оқу орны.

Алдымен мақтанарымыз бұл алғаш іргесін қаласқан батыр атымен аталады. Сондай-ақ, мұнда талай еңбек пен өнер, білім және қоғам қайраткерлері оқып, ұлы өмірге жолдама алған.  Мәселен, атақты академик  Ә.Нысанбаев, ғалым, қоғам қайраткері, екі рет министр болған  М.Базарбаев, қоғам қайраткері белгілі инженер-механик  М.Қалыбаев,  рес­пуб­ликамыздағы  қаракөл өңдеу өн­ді­рісін ұйымдастырушы,  ғалым  С.Әлім­­бекұлы, жазушы Саид Баязитов, Рес­публикамыздың ардагер журна­лисі  Ө.Жаппарханов сынды белгілі тұлғалар осы мектептің түлектері. Қеңес одағының батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы № 43 орта мектебінде 135 ұстаз қызмет етеді.  Оның 32-сі жоғары санатты, 57-сі  бірінші санатты мұғалім.  Ұжым  осы ұстаздардың арқасында жыл сайын абырой биігінен көрініп жүр. Құрметті Ж.Махамбетов атындағы № 43 орта мектебінің ұстаздары, ата-аналар! Мектеп абыройы  үстем болып, әрқашан шәкірттерініз  білім биігінен көріне берсін!

 

 

Б.А.Иманбердиева

мектеп директоры

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.