Home » Мақалалар » 60 жылдық тарихы бар алтын ұя

60 жылдық тарихы бар алтын ұя

Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта-мектеп интернатына – 60 жыл. Осы уақыт аралығында 55 мың түлек ұшырған бұл қасиетті қара шаңырақ сан мыңдаған мамандарды тәрбиелеп шығарды. Алматы қаласында білім ордасының 1957 мен 2017 жыл аралығындағы түлектері, ардагер ұстаздары, ата-аналар бас қосқан үлкен мерекелік концерт өтті.

Бұл мектептің өткеніне көз жүгіртер болсақ, аталмыш алтын ұяның қабырғасында қазақтың талай дарынды тұлғалары білім нәрімен сусындап, осы қасиетті шаңырақта таланттарын ұштағанын көруге болады. Олардың қатарында белгілі композитор – Кеңес Дүйсекеев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының біраз жыл басқарған Талғат Мамашев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде лауазымды қызмет атқарған Әділ Шаяхметов сынды тұлғалармен қатар, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлындай айтыс майталмандары, қазақ эстрада жұлдыздары Қарақат Әбділдина, Ақбота Керімбекова, Тоқтар Серіков, Тамара Асар, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған сынды азаматтар бар.

Мектеп-интернатының мерейтойымен ҚР Білім және Ғылым министрі Е. Сағадиев, Алматы қаласының әкімі — Б. Байбек, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы — А. Үкібайдың құттықтау хаттарын жолдады. Өнерлілер мен дарындыларды даралаған мектеп-интернатының ұлағатты ұстаздары мерейтойда Ы. Алтынсарин, С.Нұрмағамбетов атындағы төс белгісімен, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапатталып, абыройларын асқақтатты. Мерекелік концертте «Ұлт руханиятының алтын діңгегі» деп аталатын кітаптың тұсауы кесілді.

Еліміздің түрлі аймағынан жиналған №2 мектеп-интернатының талантты оқушылары кешке өз құттықтауларын өнерлерімен жеткізді. Олардың ішінде «Нұрлы саз» оркестрі күмбірлете күй орындап, ақын жігіттер рухты өлеңдерін оқып, айтыс үйірмесінің жетекшісі Серік Қалиев өз шәкірттерімен жырдан шашу шашса, мектеп-интернаттан түлеп ұшқан Ақбота Керімбекова, «Алаш ұлы» тобы тағы басқа өнер жұлдыздары жиналған қауымға тамаша кеш сыйлады. Сонымен қатар, ардагерлерді мектеп басшысы «60 жылдыққа 60 медаль» мерейтойлық медалімен марапаттады. Жиында ардақты ұстаз Орынша Қарабалина және Әділ Шаяхметов бастаған түлектер құттықтау сөз сөйлеп, естеліктерін ортаға салды.

Қара шаңырақ оқу ордасын 60 жылдық мерейтойымен қатар еңбектері еленіп жатқан ұстаздар қауымын біз де шын жүректен құттықтаймыз.

 

                                               Перизат Әбділ-Әшім

Білім айнасы

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.