Home » Білім және тұлға » Оқушыларымның білімі — менің жетістігім

Оқушыларымның білімі — менің жетістігім

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

 

Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының №2 жалпы орта білім беру мектебінің мектепке дейінгі даярлық тобының мұғалімі Сұлушаш Ахметова 1997 жылы Павлодар қаласында Ахмет Байтұрсынов атындағы педагогикалық колледжі мен 2011 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдап, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығына ие болды. Еңбек жолын аталмыш білім мекемесінде жалғастырып келеді. Ол – білікті ұстаз, отбасы ұйтқысы, аяулы жар, үш баланың сүйікті анасы.

Әрбір жаңа оқу жылы басталар шақта Сұлушаш Заркешқызы оқытатын сыныпқа ата-аналар сұранысы толассыз арта түседі. Бұған себеп – ата-аналардың балаларын осындай ұстамы мықты, жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол, тәжірибелі ұстаздардың қолына табыстамақ ниеті болса керек. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған кішкентай балдырғандар ең алдымен, мұғалімдерінің мейірімді жүзі мен ашық-жарқын мінезін ұнатып, күнделікті сабаққа қатысуға қызыға, құштарлана түседі. Тіпті, балалар тұрмақ, ата-аналардың өздері де ол кісінің оқушыларына деген ықылас-пейілі мен тынымсыз адал еңбегін жоғары бағалап, құрмет тұтады. Олар алғашқы күндерден-ақ, балаларының бастауыш сыныпқа лайықты білім сапасымен көшетіндеріне сене бастайды. Сол себепті, күнделікті үй тапсырмасының орындалуын мұқият қадағалап, талапшыл ұстаздың тәртібіне бағынуды әдетке айналдырады. Сұлушаш Заркешқызы оқытқан оқушылар қашан да зеректілігімен, алғырлығымен ерекшеленіп келеді. Олардың басым бөлігі бүгінде Ақсу қаласындағы дарынды балалар оқитын гимназия мектебінде оқиды. Ал ұстаздың өзі болса, елеулі жылдар аралығында мектеп ұжымында да, оқушылары мен ата-аналарының алдында да зор беделге ие.

—     Мен балаларды жанымдай жақсы көремін… Өйткені, бала – мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса, шын қуанып ренжісе, бүркемесіз шын ренжиді. Әр бала жаны жақсылыққа құмар, өзінше бір әлем… – дейді ол ағынан жарылып.

Сондай-ақ, ол бала тәрбиесінде ескерілуі тиіс кейбір маңызды педагогикалық тұжырымдарға да тоқталуды жөн санады. Оның ойынша, қандай білім беру саласында болмасын, әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы ұстаздың іскерлігі мен шеберлігіне, пайымы мен шығармашылық, ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты болмақ. Осыған орай, мектепке дейінгі мекемелерде білім беру ортасы мен оның тәрбие және білім беру мазмұны сауатты ұйымдастырылмаса, баланың оқу мен жазуды толыққанды игеруі мүмкін емес. Өйткені, кез келген мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ортақ мақсаты – балаларды оқуға даярлау және оларды әлеуметтендіру.

  • Бала даярлық сыныпта жақсы оқуы үшін, оған белгілі білік пен дағды

қажет. Балалардың сауатын ашу және математикалық білім беру жан-жақты, арнайы ұйымдастырылған сабақ арқылы жүзеге асырылады. Олардың басты мақсаты – жазу мен санауды үйретудің алғашарттарын қалыптастыру. Жазу – келешекте бүкіл оқу үдерісі құралатын базалық дағды. Оған үйрету тек мақсатты түрде ғана нәтижеге жетеді. Баланың мектепке дайындығы немесе дайын еместігі оның сөйлеу қабілетінің даму деңгейімен анықталады. Себебі, баланың даярлық сыныбында игеретін білім жүйесі ауызша және жазбаша сөйлеу арқылы қалыптасады, ал ауызша сөйлеуді ол мектепке дейін игерсе, жазбаша сөйлеуді алдағы уақытта үйренетін болады. Ал мектепке даярлау барысында меңгерген білім дағдыларын өзіне жаңа іс-әрекет ретінде жетілдіріп отырады. Сонымен қатар, бала белгілі бір тиянақты білім деңгейін бағындырғанда ғана ата-ана да өз үміті мен сенімінің еш кетпегеніне қуанады, ұстазға деген оң көзқарасы, құрметі пайда болады. Ал егер, мен даярлаған оқушылар күтілген дәрежеге қол жеткізіп, еткен еңбегімді ата-аналар бағалап жатса, мектебіміздің де мәртебесі өскені деп білемін, — дейді Сұлушаш Заркешқызы.

Иә, ата-бабаларымыздың: «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөзі жан дүниесі мейірім мен ізгілікке толы, білімге құштар, жақсы адамдарға, соның ішінде Сұлушаш тәрізді ұстаздарымызға арналған болса керек. Бұл – ел ертеңінің жарқын болашағына халықтың сенімін әдеттегісінен күшейте түспесе, кемітпесі анық. Олай болса, қадірлі ұстаздың еңбегіне табыс, шәкірттеріне жүзден жүйрік, сәйгүлікке тән шабыс тілейік.

 

Айгүл Молдаш

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.