Орал қаласы білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі 27 тамыз күні «Keleshekke – kemel bilimmen» деген атаумен ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков білім беру саласындағы жұмыстардың басым бағыттарына назар аударды.
Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен Тамыз кеңесінің пленарлық жиынын қалалық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев жүргізді.
Оралдық ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтаған БҚО білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова: – Күні кеше Мемлекет басшысы республикалық Тамыз кеңесінде еліміздегі білім беруді дамыту тұжырымдамасын айқындап, оның жуық маңдағы траекториясын белгіледі. Білім саласындағы жаңалықтарға барлығымыздың қатысымыз бар. Президентіміз берген тапсырмаларды орындау – біздің ортақ міндетіміз. Жаңа оқу жылының басты жаңалықтары – Педагог мәртебесі туралы Заң қабылдау және 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымның жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекіту, – деді.
Білім беру саласы қызметкерлері алдында сөз алған Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков білім мен тәрбие, ұстаз мәртебесін көтеру, білім мен ғылымды интеграциялау бағытында шаһарда бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Дегенмен, әкімнің баяндамасынан алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз еместігі байқалды.
– Біріншіден, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі оқыту мен тәрбие процесінің сапасын арттыру. Оралда 50 мемлекеттік және 50 жеке мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Жеке балабақшаларда тәрбиешілердің тұрақтамауы, мамандардың арнаулы білімінің жоқтығы, кезектері келгенде бүлдіршіндердің мемлекеттік балабақшаға ауысып кетуі сынды бірқатар жағдайлар кездеседі. Жалпы әдістемелік мәселелерге көңіл аударуымыз қажет. Осы мәселеге азаматтық қоғам институттарын тартып, мониторингтік топ құруды ұсынамын. Бұл – ешқандай тексеру, кемшілік іздеу емес, болашақ ұрпақтың қамы. Жеке балабақшаларға бөлініп жатқан мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ету, – деді Абат Абайұлы. Бұдан әрі шаһар басшысы мектептегі білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға назар аударды. Облыс орталығында үш ауысымды оқыту мәселесі әлі де өзекті күйінде. Себебі қала бойынша бес мектеп үш ауысыммен жұмыс жасауда. Осындай түйткілді мәселелерді жою мақсатында жаңа білім ошақтары салынуда. Жалпы тәуелсіздік жылдарында Оралда 14 мың оқушыға арналған 16 мектеп, 5 мың бүлдіршінге арналған 22 балабақша салынған. Ендігі кезекте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа форматтағы жеке мектептер желісін қалыптастыру жоспарда тұр.
Сонымен қатар қала басшысы мектеп оқушылары арасында биылдан бастап «Ұлттық мектеп лигасын» ашу, балалар аула клубтарының жұмысын жаңа технологияларға сәйкес жетілдіре отырып, коммуникативтік орталықтар жасақтау туралы сөз қозғады. Ал Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ауқымды іс-шаралар жоспарын жасақтауды, «Абай оқулары» байқауына барлық санаттағы азаматтарды тартып, түрлі деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Жиын барысында R4 Technology & Research Center орталығының директоры Айдын Тусюбжанов STEM-білім беру жүйесінің артықшылықтарына тоқталса, «USTAZ PLC» кәсіби даму орталығының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев ұстаздардың кәсіби дамуы туралы сөз қозғады. Ал «USTAZ PLC» кәсіби даму орталығының тренері Асхат Хамидуллин цифрлық сауаттылықтың оқытушыларға ықпалы жайында әңгімеледі.
Пленарлық жиында қала мектептеріндегі қамқоршылық кеңестің жұмысы, «Zhas project» жастар корпусын дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруға атсалысу мәселелері жайында баяндамалар тыңдалды.
Салтанатты жиыннан соң білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ оралдық педагог ҚР Білім және ғылым министрлігінің, БҚО білім басқармасының, қала әкімінің, қалалық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен және медальдарымен марапатталды.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Асан Маратұлының мәліметінше, оралдық мектептер жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізуде. – Жалпы қаламызда 51 мектеп жұмыс жасауда. Олар жаңа оқу жылын алты мыңнан астам оқушымен бастайды деп күтілуде. Мұғалімдердің сапалық құрамы 62 пайызды құрайды. Туындаған проблемаларды басшылықпен бірлесе жоспарға сәйкес шешудеміз. Оқулықтар түгелденді, кадр тапшылығы жоқ, – деді шаһардың бас мұғалімі.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО