Елімізде карантин режимінің ұзартылуына байланысты магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу бұрын-соңды мәлімделгендей 3 тамыз күні емес, 17 тамызда басталады. Сондай-ақ докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылды.
Оқуға түсушілердің жеке кабинеттеріне (ҰТО сайтында) кешенді тестілеудің өткізілу күні, уақыты және орны көрсетілген жаңа рұқсаттамалар жіберіледі.
Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік тестіленушінің жеке кабинеті арқылы электрондық нысанда берілетін болады.
КТ өткізу ережелеріне қандай өзгерістер енгізілді?
2020 жылы магистратураға түсу үшін КТ алғаш рет 18 өңірлік тестілеу орталығының базасында әрбір тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы компьютерлік форматта өтеді. Әр компьютер бейнекамерамен қамтамасыз етіледі. Осылайша, КТ жүргізілуін бақылау жөніндегі комиссия академиялық адалдық қағидаларының сақталуын қадағалай алады.
КТ қатысушылары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекцияның барлық кезеңдерінен өтеді, санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде олардың арасында кемінде 2 метр арақашықтық сақталады.
Айта кеткен жөн, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті аймақтық тестілеу орталықтарының дайындығын тексерген болатын.
Әр қатысушы үшін тестілеу дербес басталады, яғни тестіленуші легтің толтырылуын күтпейді. КТ барысында тестіленушілер сұрақтарды өткізіп жібере алады, келесісіне ауысып, алдыңғы сұрақтарға қайта орала алады және жауап нұсқаларын өзгерте алады. КТ аяқталғаннан кейін тестіленушілер жауаптарды дұрыс жауаптар хаттамасымен салыстыра алады. Сонымен қатар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде магистратураға түсуші үміткерлер апелляцияға бере алады.
Тест тапсырмаларының саны мен тестілеуді өткізу уақытына келетін болсақ, мұнда өзгерістер жоқ: 3 сағат 55 минутта 130 тест тапсырмасына жауап беру қажет.
Комиссия оқуға түсушіні тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін немесе бөгде адам арқылы тестілеуді тапсыруға тырысқаны үшін кешенді тестілеуге жібермеуі мүмкін.
Мемлекеттік гранттардың саны:
Биыл 38 мыңнан астам адам кешенді тестілеу тапсыруға ниет білдірді. 2019 жылы магистратураға түсуге тілек білдірушілер саны 30 579 адамды құрады.
Осы жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының 13 300 түлегі еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға бөлінетін мемлекет қаражаты есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білімді тегін ала алады.
Докторантураға түсу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі:
Карантин режимінің ұзартылуына байланысты докторантураға құжаттарды қабылдау 10 тамызға дейін жүзеге асырылады. Докторантураға түсу емтихандарын 17-22 тамыз аралығында жоғары оқу орындары өздері өткізеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік гранттардың саны 1 815 құрайды.
Емтихандарды өткізу кезінде медициналық қызметкерлердің жұмысы ұйымдастырылады, оқуға түсушілерді аудиторияларда отырғызу барысында әлеуметтік қашықтық қамтамасыз етіледі, сондай-ақ қатаң маска режимі сақталады.
Естеріңізге сала кетсек, COVID-19 пандемиясы жағдайында ағылшын тілін білу IELTS халықаралық тестін дәстүрлі форматта тапсыру мүмкін болмауына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігінде жоо түлектеріне магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo English Тest және IELTS INDICATOR тапсыруға рұқсат беретін бұйрыққа қол қойылды.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі