Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №15 бөбекжай балабақшасында Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Бала деген бір бақыт» тақырыбында іс-шара өтті.
Мереке шымылдығын ашқан балабақша меңгерушісі Айман Бейсенқызы бүлдіршіндерді мерекелерімен шын жүректен құттықтап, сәттілік тіледі. Іс-шарада балалар тақпақ, өлең, әндерін нақышына келтіре орындап өнерлерін ортаға салды.
Бір сағатқа созылған концерттік шараға барлық топтың тәрбиеленушілерімен қоса тәрбиешілер де қатысты. Бишісі де, әншісі де, әртісі де бар ұжым нағыз өнерпаздардан құралған екен. Бірі қария, бірі мысық, енді бірі тышқан рөліне еркін еніп, балаларды қызықтырып, ертегілер әлеміне саяхат жасады. «Бауырсақ» ертегісін тамашалаған бүлдіршіндер кейіпкерлерге шынайы сеніп, риза болды. Сайқымазақ рөліндегі кейіпкердің ойындары өте әсерлі болды.
Балалар топ-топқа бөлініп, арқан тартысып, жарыс соңында жеңімпаздар анықталды. Әрі қарай балалар «Біз өмірдің гүліміз» әнін шырқады. «Бүркіт» тобының бүлдіршіндері спорттық биімен ортаға шықты. «Сұңқар»
тобы заманауи би билесе, «Бұлбұл» тобының тәрбиеленушісі Аянат Сабырхан барби биімен көпшілік көзайымына айналды. Ал «Көгершін» тобы атжарыс ойынын ойнады. Іс-шара соңында балабақша меңгерушісі барлық қатысушыларға мақтау қағаздарын үлестірді.
«1 маусым — Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесін жыл сайын атап өтіп келеміз. Біз үшін баланың қуанышынан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі мерекеде балалардың ақылды, білімді, өнерлі екенін тағы бір көрдік. Мұндай шараның маңызы зор. Себебі балалардың әрқайсысы тақпақ айтқанда, ән шырқағанда өзіне жүктелеген міндетті сезініп, түсінеді. Бір саты есейгенін біледі, жауапкершілік сезімі қалыптасады. Ертең-ақ осы бүлдіршіндер балабақшамен қоштасып, мектепке барады. Биыл екі топ бүлдіршіндер түлеп ұшты. Оларды қимастық сезіммен шығарып салдық. Бүгінгі мереке тек думандатып тойлау емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі», — деді балабақша меңгерушісі Дусалиева Айман Бейсенқызы.
«BILIM AINASY»
Жұлдыз Смаилова
журналист
Алматы қаласы