Home » Балабақша » Елдің сәні-ерке балғындар

Елдің сәні-ерке балғындар

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты № 150 бөбекжай балабақшасында Балаларды қорғау күніне орай «Елдің сәні-ерке балғындар» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
   
Мерекеге аталған балабақша бүлдіршіндерінің ата-аналары қатысты. Олар балалардың арнайы дайындаған концерттік бағдараламасын тамашалады. Бірінен соң бірі сахна төріне шығып өнер көрсеткен балалардың қуаныштарында шек болмады. Би билеп, әнді айтып, ойын ойнап, флешмоб ұйымдастырып, мерекені көңілді өткізді. Арнайы шақырылған аниматорлар бүлдіршіндермен түрлі ойындар ойнап, мерекенің көркін қыздырды.
   
Балабақша меңгерушісі Салтанат Нұғманқызы балаларды мейрамдарымен құттықтап: «Сендер, балалар, біздің қуанышымыз әрі мақтанышымызсыңдар. Сендер ақылды болып ер жетсеңдер, тартымды болып бой жетсеңдер біз бақыттымыз. Әрқашан ата-аналарыңды қуантып, күлімдеп, жайнап жүріңдер. Бүгінгі мереке сендерге арналады, бүгін сендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырыстық», — деді.

Өнер көрсетіп, ойын ойнап жарысқан балаларға үлкендер тарапынан тәтті кәмпиттер үлестірілді.
«Қуантқың келсе — баланы қуант» демекші, ересек адам үшін, балаларға қуаныш сыйлау, баланың қуанған жүзін көру — үлкен бақыт. Балаларды қорғау, оларға қамқорлық көрсету, бір күнмен шектелетін дүние емес. Оларға қуаныш сыйлау әр ата-ананың міндеті мен борышы. Ендеше көктегі күн сөнбесін, қуансын ана, қуансын бала. Сәбилеріміздің төл мерекесі құтты болсын!

«BILIM AYNASY»
Жұлдыз Смаилова
Журналист
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.