Турегелдиева Нурсулу Жанысбаевна
Алматы қаласы
“Ай күн” балабақшасының меңгерушісі
Қош бол, балабақшам!
Көзді ашып-жұмғанша «Aй күн» балабақшасының бүлдіршіндері, менің кішкентай балапандарым есейіп, ұямыздан ұшып, мектепке қадам басқалы отыр. Мәпелеп тәрбиелеген бүлдіршіндеріміздің балабақша табалдырығын аттағаны кеше ғана еді. Уақыттың зымырап өтіп, олардың өсіп қалғанын байқамай да қалыппыз. Осыған орай балабақшамен қоштасу шарасын ұйымдастырдық. Арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға қадірлі қонақ ретінде ата-аналары және олардың жақындары қатысты.
Балабақша — барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы білім мен тәрбие баланың бойындағы қабілетті ашып, ерте жастан дамытады. Осы шақта баланы жан-жақты дамыту жұмысын жүргізген дұрыс. Балалармен жұмыс жүйелі жүргізілсе, бала тәрбиені бойына сіңіріп, білімін жетілдіріп, мектепке дайын болып барады. Бала — болашағымыз әрі қуанышымыз. Бұл балалар — жаңа заман балалары, ал сол жаңа заман баласын тұлға қылып қалыптастыру — әр тәрбиешінің, жалпы бәріміздің міндетіміз. Біздің балабақшамызда балаларға үздіксіз білім беру, қабілеттерін ашу, оларды жан-жақты дамыту бойынша барлық жағдай қарастырылған. Осы бағытта тәрбиешілердің бәрі атсалысып, ұжым болып еңбек етудеміз. Өнегемізді көріп, тәрбие алған балаларымыз ертең өсіп-өнсе, биік белестерден көрінсе еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.
Қоштасу кеші әсерлі концертке ұласты. «Балауса» тобы ұшқыштар мен стюардессалар болып киініп “Ұшқыштар” биін биледі. Ал «Кұншуақ» тобының кішкентай қыздары “Көбелек” биін билеп тәрбиешілерінің жаттатқан тақпақтарын айтты. Бүлдіршіндер «Сау бол, балабақша!» және «Біз мектепке барамыз» әнін шырқағанда еріксіз көзіме жас келді. Ата-аналар мен балалардың, тәрбиешілердің қимастық сезімдері мен әсерлі көңіл-күйлері қатты сезілді. Балаларға ақ жол тілеймін. Қанаттары талмай биікке самғасын. Алда талай асу бар. “Мектеп – кеме, білім — теңіз” деген, енді олар “мектеп” атты кемеге мініп, “білім” теңізіне сапар шегеді. Оқуда озат болып, үмітімізді ақтайтынына сенімдімін.
“Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ” деп хәкім Абай Құнанбайұлы айтпақшы, үздіксіз білім алу жас ұрпақ үшін ауадай қажет. Жан-жақты дамыған білімді ұрпақ қана ұлтымыз өрге сүйрейтіні сөзсіз. Сондықтан балаларды үздіксіз тәрбие мен біліммен қамту — біздің басты мақсатымыз!