Home » Білім және тұлға » Әлихан Бөкейхан-Тәуелсіздік жыршысы

Әлихан Бөкейхан-Тәуелсіздік жыршысы

«Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді,

                                                    Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-Әлихан Бөкейхан

Қазақ азаматтық қозғалыстың ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келді . ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған  дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан  жаңашыл, пантүркішіл ағым.Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ  зиялылары тұрды. Бұл- қазақтың тарихи зердесінде ұлт зиялыларының  орталық езгіге түскен халықтың бостандыгы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге  тырысқан  қоғамдық-саяси  іс-әрекеттері болатын. Осы ел үшін басын қүрбан қылған  ат төбеліндей зиялылар тобын баулыған-Ә.Бөкейхан еді. Ә.Бөкейхан  баулыған  ХХ ғасыр басындағы  қазақ  зиялылары  қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәтте ұмытқан жоқ.
Ұлттық мемлекет құру  Әлихан Бөкейхан және соңынан ерген буржуазиялық- демократиялық бағыттағы интелегенция өкілдерінің  түпкі мақсаты болды. Ә.Бөкейхан  ұлт  мәселелерінің жақтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің  саяси қайраткері  ретінде осы  күрес жолындағы  көш бастаушысы да болды. Оқуын бітіріп, Омбыға  оралғанда  Ә:Бөкейхан Ресей  империясының қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, Марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан бір шама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік , қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Народная свобода» (халық бостандығы) партиясының қатарына өтіп өзі қазақ  зиялылары мен  саяси белсенділерінің  арасында осы партияның  шағын  тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси , қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде  шыңдалуына  Омбыдағы  күндері ықпал етті. Әсірсе,  ұлт көсемінің  Омбы бөліміндегі  қызметі туралы тоқтап кетуге болады. ХХ ғасырдың  бас кезінде  Қазақстанға  буржуазиялық қатынастардың енуі ,  ұлттық буржуазия  мен  интелегенцияның  қалыптаса бастауы, жалпыхалықтық  ояну жағдайында  ұлттық- мемлекеттік бірлік мәселесі  күн тәртібінде  қайтадан қойылды. Мемлекеттік  билік қажеттігін  бүкіл елдік  көлемде түсіну  есею жолындағы  барлық халық басынан кешіретін тарихи кезең екендігі мәлім. Осы тарихи кезеңдегі  ұлттық саяси элитаның мемлекет туралы ұғым-түсінігін , бағыт-бағдарын  Ә.Бөкейхан Ұлттық еркіндік пен дамудың  алғышарты  ұлттық  мемлекеттің  болуы деп түсінді.  [1] Ә.Бөкейханның  саяси өмірбаянында 1916 жылдың  дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына  көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алды. Қазақ халқының 1916 жылғы  қарулы көтерілісіне Әлихан Бөкейхан  бастаған  ұлт зиялыларының «Қазақ» газеті арқылы  үзілді-кесілді қарсы шығуы да ұлтты жаппай қырғыннан аман алып қалудың  саяси бейбіт жолын ұсынуынан еді. Ә.Бөкейхан Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Осы кезден бастап  Ә.Бөкейхан  уақытша үкіметтің  саяси өміріне белсене араласа бастады. Бірақ ол үміті ақталмады.  Уақытша  үкімет, оның ішінде өзі мүше болып жүрген кадет партиясының  көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болды. «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетінде берген мақаласында: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ  жерді меншікті қылып алса, башқұртша  көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді»,-дей келе: « Кадет партиясы ұлт   автономиясына қарсы.Біз алаш  ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын  тікпек болдық»-, дейді. [2] Әлихан  қазақ  тарихындағы  тұңғыш саяси ұйым  Алаш  партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917ж. желтоқсанда  бүкіл қазақтардың  құрылтайында Алаш автономиясы жарияланды. «Алаш»  қойып, оған тілектестерді  Құрылтай жиналысында  депутаттыққа кандидаттар тізімін  осы партияның атынан  жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан  барлық обылыстардағы  Қазақ комитеттерінеқазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді. [3] Өз кезегінде Ә.Бөкейхан үшін кадет партиясынан шығыпғ ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік егемендікке  жету жолында жасалған келесң саяси қадам еді. 1917 жылғы 20-21 шілдеде Орынборда өткен І Бүкілқазақ сьезде қалыптасты. Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ сьезі қазақ саяси  партиясын құру туралы  мәселе қарап , мынадай шешім қабылданды:» қазақ  халқының өз алдына саяси партиясы болуын  тиіс көріп, бұл партияның  жобасын жасауды сьезд партияға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ» алаш партиясының  облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазақ айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың  тікелей ұйымдастыруымен  және басшылығымен  қазанның 12-20 аралығында партияның  10-на қарай  орынборда ашылды. Семей облыстық партия  комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Ә.Бөкейхан сайланды.Партияның арнайы сьезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен  бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан  Бүкілресейлік  Құрылтай жиналысына  депутаттыққа кандидат есбінде тіркелген топ партияның басқарушы  ұйытқысы саналды.   [4] Алаш орда үкіметінің құрылуына тікелей түрткі болған, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Қазақ  мемлекеттілігі туралы мәселе қаралған ІІ Жалпықазақ – қырғыз съезінің ұйымдастырушылары – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов болған.Съезге қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан – 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан – 8 делегат және арнайы шақырумен -15 адам, ұйымдастыру комитеті съезге келген делегаттардың тізімін алып барлығы барлық жиын-терісі 81 делегат тіркейді. Әр уезден 2 ақсақал, әр облыстық қазақ  комитеттерінен 2 өкіл және арнайы шақырылған 30 адам: олардың қатарында Ғұмыр Қарашұлы, Қайырша Ахметжанұлы, Ғабдолла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбет Бірімжанұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Уәлихан Танашев, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар, Бақтыгерей Құлманов,Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл Маманұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Салық Қарпыұлы т.б. болды. Ендігі мәселе Алашорданы (Алаштың ордасы және өкіметінің) төрағасын балама негізде сайлау басталады.
Үкімет төрағасына 3 қайраткердің – Ә.Бөкейханның, Б.Құлмановтың және А.Тұрлыбаевтың кандидатуралары ұсынылды. Жасырын дауыс нәтижесінде Әлихан Бөкейхан -40 дауыс, Айдархан Тұрлыбаев -20, Бақтыгерей- 19 дауыс алды. Көп дауыс алған Ә.Бөкейхан Алаш автономиясының өкіметі – Алаш орданың төрағасы болып сайланды. Алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейхан жасап, ол жөнінде: «Алашорда бүгіннен бастап қазақ –қырғыз халқының билігін өз қолына алады»- деп қаулы қабылдады.[5] Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық  демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен жер болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Ә.Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер- Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей. Екінші ұстанымы- Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы- қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек. Төртінші ұстанымы- қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек. [6], М.Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет). Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә.Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә.Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осықылығы үшін 1920-1922 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ. Кеңестік үлгідегі Қазақ автономиясы құрылған кезде, Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. (Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға береді: «Қазақ  қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейханға барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?») [7]Қазақ елінің мүддесіне төнген  қауіпті  тура түсінген Әлихан Бөеейхан осы тұста жаңадан  отарлау саясатына  жол бермеу үшін  қазақтарға қажет жер нормасын  анықтауда  белсенділік танытады. Ә.Бөкейхан сыртта жүрсе де қазақ  ұлтының дамуы мен мүдделі  мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың  қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы  шекаралық межені халық санағын  жүргізу арқылы белгілеу науқаны  алдында  тиісті  мағлұматтарды  баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңс  өкіметінің өз баспасөзін  пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы  мен Батыс Сібір  өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста  «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазанындағы  санында М.Дулатовтың  тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. [8] Онда әр сөзбен сөз тіркесін саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе , қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара  топырақты солтүстік облыстардың  шекарасын анықтауға және оларды  қазақ жерінің  құрамында қалдыруға жанкешті анықтауға  және оларды  қазақ жерінің  құрамында қалдыруға  жанкешті дәлелдер іздестірді. Ал жер жөнінде , соның ішінде солтүстік  облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына  баға беруде сол кездегі  кеңес өкіметі  ғалымдарының ішінде  Ә.Бөкейханмен теңдесетін  маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткері Жер туралы  заң мен қаулы-қарар қабылдар алдында Әлихан  Бөкейханның  пікіріне жүгініп  барып талқыға ұсынып отырған.[9] Баяндамашы  Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі  халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахан, орал, Торғай, Ақмола, Семей, сырдария, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді  Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің  81%-ын  жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бқл бүкіл  тұрғындардың 54% -екенін  атап өтті. Сөйтіп, 10 тамыз күні  комиссия төрағасы  А.З.Каменский барлық ескертулер мен  ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ  республикасын  құру- шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып ,  тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына  берудің жолдарын  қарастырсын»,-деп жариялады. Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда бұл жеңісті  тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен  тұрғындары туралы  ұсыныстарды  Лениннің алдында қорғап шығуға тиіс болды. Ленин мен Әлімхан  Ермековтің  көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде  бүгінгі бүкіл  қазақ өңірі  Қазақстанның  құрамына  мәңгілік қосылды. Автономия мен территория  мәселесі 14, 16-17 тамызда талұыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең  соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді. [10] «Тірі болсам  хан баласында  қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай  қоймаймын.»-деген өзінің айтқан  сөзіне  адал болып, туған халқына ақтық  демі біткенше қызмет етіп өтті.   Ұлы қайраткердің соңына ерген  інілері, азаттықтың  құрбаны болған  Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде : «Қараңғыда қан жылап, қаңыраған күнде басыңды қазақ жолына  құрбан қылған ағамыз асқар беліміз. Өміріңде  жүрген жолың біздей інілеріңізге  жағып қойған шамшырақ»-дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді. Қошке Кемеңгерұлы өзінің «қазақ тарихынан» атты  тарихи очеркінде былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын  жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат  төбелдей ғана азамат  тобы болды,  бұл  топты баулыған-Әлекең»-деп халқына қалтықсыз  еткен қызметіне әділ бағасын берген,
Ешкімнің Әлиханға барма сөзі.
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс-бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі,—деп С.Торайғыров айтқандай, Әлекең  әрқашан да қазақ жүрегінде жеке-дара тұлға болып қала бермек. Осындай жүрегі елім-жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын  ұлттың бостандығы мен дербестігі үшін арнаған асыл азаматтарымыздың  ұлтжанды пікірлері, әрекеттері жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ел еркіндігі  мен ұлт  бостандығы  үшін құрбан болған ұлт зиялыларының артына қалдырған асыл мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары анық.
Әдебиеттер:
1 .Ә.Бөкейхан «Таңдамалы» Алматы, Қазақ энциклопедиясы, 1995,31-б

  1. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері// Ақиқат, 2002, №3, 50-55Б
  2. Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысы» Алматы, Санат, 1995, 23-28б
  3. Нұрпейісов К. «Алаш хәм Алашорда» Алматы,Ататек, 1995,156б
  4. Марат Ескендірұлы Әбдешев «Алаш орда министрлері» Алматы,Раритет, 2008,
    3-6 беттер.
  1. Қойгелдиев М. «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын  2004, 170-178 б.
  2. Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011.
  3. Қозыбаев М.Қ. «Ақтаңдар ақиқаты» Алматы, Қазақ Университеті 1992, 68-71б
  4. Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011.
  5. Қойгелдиев М. «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын  2004, 170-178 б.

 

Збайраева Кулзира Жанибековна,
Оралова Макпал Бакбергеновна,
 Ақмола облысы, Көкшетау қаласы,
Азаматтық қорғаныс жоғары
көпсалалы колледжінің оқытушылары.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.