Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы
«Үстірт орта мектебі» КММ директоры
Ауданбаев Нұрлыбай Мұратұлы
Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінде болып жатқан барлық жаңартылған өзгерістер басшылардың да үздіксіз кәсіби тұрғыдан дамуын және білім ордасында педагогтерімізбен бірге бірлесе отырып шыңдауымызды талап етеді. Осы орайда, басшылардың алдында жауапкершілігі үлкен міндет бар. Бұл жүйе тек қана біздің елімізде емес, әлем елдерінің де «қалай оқыту керек?» деген өзекті мәселесі. Жаһандану заманында жаңа ғасырдың бәсекесіне қабілетті, икемді, талантты бала оқытып, тәрбиелеу жаңартылған бағдарламаның негізгі өзегі. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу және жүзеге асыруды қадағалап, бақылау — басшының бірден-бір міндеті. Сондықтан, жаңартылған білім беру жағдайында директор көшбасшылығына қойылатын талаптар күшеюде. Осы талаптардың жауапкершілігін сезіне отырып, орындау жүйесін бір жолға түсіру. Атап айтқанда, ұжымда ортақ ұстаныммен құндылықтарды басқару туралы білім мен түсінік қалыптастырып, мәдениетті қарым-қатынас өнерін игеру және қолдану, жаһандану заманында адамзатқа жаңашыл бағыт беру қажет. Заманауи басшы міндеті – өз әріптестерін жетістіктерге, иновацияларға жетелеп, оқушылардың дүниетанымын арттырып, ата-аналарды шығармашылыққа шақыра отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін, ынтымақтастық ортада бірлескен түрде қарқынды жұмыс жасау. Білім ордасында педагог пен оқушы арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыра отырып, жаңартылған білім жағдайында білім беріп, озық елдер қатарына енуге үлесіміздің тигені абзал. Сонда ғана білім ордасының бағыты мен бағдары айқын болып, нәтижеге қол жеткізеді және иновациялық басқару нәтижесінде бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиелей аламыз. Себебі, бұл – заманның талабы.