«Бір күн» жобасы аясында Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел елді мекеніне қарасты Қаражар ауылында орналасқан орта мектептің тыныс- тіршілігімен танысып, тағлымы мол тәрбиенің тереңдігін көруге жол түсіпті. Білім ошағы 2018 жылдың 1 қыркүйегінен пайдалануға беріліп, өз жұмыстарын атқарып келеді. Мектеп директоры Болат Бопанұлының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Құмарбекұлы ұстаздар мен оқушылардың жетістігімен таныстырып, мектепшілік шаралар мен өткізіліп жатқан апталықтар төңірегінде ақпарат берді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озық ойлы оқушылардың жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Өнерді біліммен ұштастырып, оқудан тыс, қоғамдық жұмыстардан бой көтеріп жүрген балалар қала, облыс, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері. Атап өтетін болсақ, Азамат Құмарбекұлының жетекшілігімен Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған аудандық өлең оқуларының 1 орын, Қобыланды батыр оқуларының бас жүлде, халықаралық асық ату сайысының 1 орын иегері 11 сынып оқушысы Бұланбай Асылан. Сондай- ақ, Эльмира Жаңбыршиевнаның жетекшілігімен «Мұқағали Мақатаев- поэзия тұлпары» атты халықаралық көркемсөз байқауына 100 өлеңді жатқа дайындап барған, еншісіне 1 орынды байлаған Калихан Ақботаны ерекше атап өткім келеді. Айқанат республикалық олимпиадасының жүлдегері, грант иегері Оспандиярқызы Камила топ жарып мектеп абыройын көтерді. Мектеп оқушылары өнерді жанымен түсініп, жүрекпен ұғады. Ішкі тылсымды суретке төгеді. 8 «а» сынып оқушысы Айсақ Бекайдар мен 10 «а» сынып оқушысы Жәңгір Аягөздің де сурет көрмесінің куәгері болдық. Тарихты бейне қылып өрнектеп, мән мен мағынаны бір тылсымға саялатқандай әсер қалдырды. Әрине, білім ошағы білекті спортшылардан кенде емес. Каратэ жекпе-жегінен өткен жарыста Жеңіс Нұрай қанжығасына жүлделі орынды байласа, Сапурбай Айберген «Астана чемпионатының» күміс жүлдегері атанды.
Әл-Фараби айтқандай: «Шын білім… Әрдайым ақиқат, анық болатын білім». Яғни, білімді, білікті адамның жүріп өткен жолы, жеткен белесі сұраусыз-ақ су бетіндегі жапырақтай қалқып тұрады. 30 жыл еңбек өтілі бар, химия, биология пәнінің мұғалімі Гуляим Амирзадановна өткен жылы Тəуелсіздік күніне орай, Білім министрі Асхат Аймағамбетовтен алғыс хат алған. Міне, баланың ойына білімді, бойына қайсарлықты сіңіртіп, ерен еңбек ететін, мықты мамандар бар да аяқ алысымыз қалай ақсамақ?! Бұл бірі ғана… Әлі талай ашылмаған талант, жазылмаған есім, айтылмаған тарих барына сенеміз!
Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы